АС-СУДАН АБЗАЛ ДҮНИЕ..

АС-СУДАН АБЗАЛ ДҮНИЕ..

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаратушымыздың сүйіктісінен (ﷺ) тәлім алған сахабалардың әр қайсысының өмір тарихы да бірлік пен тәртіпке негізделген. Сахабаларымыз өздерінің қарабас қамынан және жан қалауларынан бірлік пен тәртіпті жоғары қоя білген. Адамдардың арасындағы ең абзалы саналатын, Алланың разылығына бөленген сахабалардың істері мұсылмандар үшін әрқашан үлгі-өнеге. Сахабаларымыз қандай жағдайда да бірлікпен тыныштықтың маңызды екендігін  істерімен үлгі етіп кетті.

Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Мекке қаласын күшпен басып алады. Көптеген адамдардың жазықсыз қаны төгіледі. Жеңіске қол жеткізген соң имам болып намаз өткізеді. Сол кезде Меккеде Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзін көрген қаншама сахабалар бар еді. Соның ішінде Абдуллаһ ибн Омар (Алла одан разы болсын) да бар болған. Халық залым Хажжаждың артында намаз оқу мәселесінде Абдулла ибн Омарға (Алла одан разы болсын) қарайды. Абдуллаһ ибн Омар (Алла одан разы болсын) Хажжаждың артында тұрып намаз оқиды. Оны көрген басқалар да намазға тұрады. Намаз оқып болған соң  неліктен мұндай залым адамның артында намазға тұрғанын сұрайды. Сонда ол: «Егер мен оның артында намазға тұрмағанда, тағы да қаншама адамның қаны төгілетін еді», - деп жауап берген. Демек, елдің бірлігі мен тыныштығы жеке бастың пайдасы мен көңілдің қалауынан абзал болмақ.

Осман (Алла одан разы болсын) халифалық құрып тұрған тұсында мұсылмандықтың шекарасы біраз жерді ауқымдаған болатын. Сахабалар да барған жерлерінде өздері жаттаған қырағат бойынша Құран үйреткен еді. Құранды жаңадан үйреніп, аржағындағы терең қағидаларын жіті білмеген адамдардың өзінің үйренген қырағатынан бөлек Құран оқушыны көргенде бірін-бірі теріске шығара бастайды. Мұсылмандардың бірлігі мен тыныштығын сақтау үшін халифа Осман (Алла одан разы болсын) барлығы бір қырағатпен оқуына бұйырады. Пайғамбарымыздан ең жақсы Құран оқушы деп мақтау естіген Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын) сынды сахабалар өздерінің оқыған қырағаттары дұрыс бола тұра еш қарсылықсыз халифа бұйырған қырағат бойынша Құран оқитын. Себебі, пайғамбарымыздан тәлім алған сахабалар өздерінің көңіл қалауларынан бірлік пен тәртіптің жоғары екендігін жақсы түсінген. 

Бірлік пен тәртіпке мән беру саналылық пен көргендіктің өлшемі. Пайғамбарымыздың ұлылығының көрсеткіші елдің бірлігі мен тыныштығын сақтай отырып, құқықтық тәртіпке негізделген үздік қоғам құрды. Осы Алладан келген ақиқатты бабаларымыз жан дүниелеріне сіңіре білді. Сондықтан да арлы өмір сүрді. Бұл ойымыздың дәлелін елбасымыздың: «Біз тарихта ешкімнен ұялатындай жөніміз жоқ», - деген сөзімен қуаттасақ болады.

Қазақ даласында да бабаларымыз береке бірлікті сақтай отырып, өте жоғары талғамдардан өткен сыйластық тәртібімен өмір сүру үлгісін қалыптастырған. Бұл нәзік қалыптастырылған заңдылықтар өмірдің бұлжымас қағидаттарына айналған. Солардың ең үлкені үлкенді сыйлау, кішіге ізет, әйел адамның ер адамның алдын кесіп өтпеуі және үлкен тұрып, кіші сөйлемеуі, ешкімнің ала жібін аттамау сияқты үрдістерді айтсақ болады. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тәртіпке бағынған құл болмас, тіртіпсіз ел болмас»,-деп осынау ақиқатты бір ауыз сөзге сыйғызған. Бірлік пен тәртіп турасында бабаларымыздың өсиеттері өте көп. Солардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз былай деген сөзі:

 

Басшы жоқ, бастаушы жоқ жүре қалсаң,

Ұры бар жолың тосқан әрбір жайда.

Сол жолмен жүрсең, көп қауіп-катер,

Басшысыз қадам қойсаң, басың қатар.

Жетпек түгіл желкеңнен қиыларсың,

Аяғың бір басқанда-ақ миға батар!

Жарандар, олай болса, керек басшы,

Насихат наданға айтқан удан ащы.

Бетімен болғаннан соң бара алмайтын,

Кәнеки, адастырмас басшы тапшы!

 

Бұл өмірдегі ең құнды нығмет бірлік пен тыныштықтың болуы. Ал, ең жаманы бейберекетсіздік пен жүйесіздік. Сондықтан дінімізде қарапайым ғана сапарға бірнеше адам шықса, арасынан біреуді басшы қылып, қалғандары оған жәрдем етуін бұйырады.

Біріміз басшы болсақ, мыңымыз қосшы болғанымыз қайырлы. Бастағы бақты бағалауды баршамызға бұйырсын. еліміз аман, жұртымыз тыныш, елдің көшін сүйреп жүрген басшыларға Алла парасат пен терең пайым берсін.

 БАҚЫТ НҰРЛЫХАНОВ,

Шу ауданы "Әбу Бәкір ас-Сыдық" мешітінің имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: