Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті бауырлар, қадірлі отандастар!

Баршаларыңызды Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға татыған 30 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын!

Тәуелсіздік күні – еліміз үшін өзге мейрамдардан мәртебесі биік, маңызы терең, қадір-қасиеті мол мереке. Бұл – бабалар аңсап өткен, жолында жаны құрбан болған, ұлы күн. Әуелі әлемдердің Раббысы Алла Тағаланың қазақ халқына шексіз мейірім-шапағатының арқасында бұл күн бізге бақ болып бұйырды. Тәуелсіздігіміздің сындарлы жылдарында елдігіміз нығайып, төрткүл дүние бағалаған мемлекетке айналдық.

Бұл күн халқымыздың болашаққа деген үміт отын жағып, елімізді әлемге танытқаны үшін, «қазақ» деген атауға жан кіргізіп, өмірімізді бақытты етуімен аса маңызды, ерекше қымбат. Тәуелсіздігіміз – азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Тәуелсіз елдің ұлы – қайратты, қызы – ибалы, халқы – қаһарман. Тіл мен ділдің, салт-сана мен дәстүрдің мызғымас тірегі де – тәуелсіздік! Тәуелсіздіктің арқасында елдігімізге құт қонып, ырыс үйірілді.

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз, Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Ән-ұранымен айбатты.

Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін Құран Кәрімде баяндалған мына бір аяттан айқын аңғаруға болады. «Алла сендерге бейбітшіліктегі жайбарақат бір кентті мысал етті: Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді (яғни, бейбітшілік пен ризық-нығметіне, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сондықтан Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп, жапа тарттырды».

Аллаға сансыз шүкірлер айтамыз, егемендігімізбен бірге дініміз де өркендеп, елімізде еңселі мешіттер мен медреселер бой көтерді.

Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Дендеріңізге саулық, күш-қайрат, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі мен халқымыздың болашағы жолындағы жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Тәуелсіздігіміз баянды, дұғамыз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әумин!

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: