ТӘУЕЛСІЗДІК – АЛЛА БЕРГЕН БАҒЫМЫЗ

ТӘУЕЛСІЗДІК – АЛЛА БЕРГЕН БАҒЫМЫЗ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бисмилләһир рахмәәнир-рахиим

Тәуелсіздік – талайлардың басына бұйырмаған бақ. Бодандықтық бодауынан құтқарған ұлы жеңіс! Тәуелсіздік – халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған қажырлы күресінің өтеуі. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арман-мұратының салтанат құруы. Тәуелсіздік – қазақ халқының ерік-жігері. Тәуелсіздік – дініміздің бостандығы. «Қазақ» деген атаудың өзі «Сақ», «Қайсақ» яғни еркін деген мағынаны білдіреді. Осынау еркіндікке арналған даламыздың тек өзімізге, ұрпағымызға тесілі болуы қандай бақыт!

«Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол тәуелсіз Қазақстан», - дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.

Алла тағала қасиетті Құранда былай дейді: 

"يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ"

«Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға, ру-тайпаларға бөлдік. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуа болғандарың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы». (Хужурат сүресі, 13-аят)

Шариғатымызда айтылғандай, ұлыстарға бөлінген әр ұлттың өз ерекшелігі, дәстүрі, тарихы болады. Сол арқылы адамзат бір-бірін таниды. Ал өз тіліңді, тарихыңды, дінің мен діліңді, ұстанымыңды сақтап қалу үшін өзге елден, ұлттан тәуелсіз болу маңызды.

Неге десеңіз, кешегі бодандық дәуірде біздің қазақ не көрмеді? Аштықтан да қырылды, соғыста да қырылды. Бар дүниесін басынушы ел тартып алып, бір түйір дәнге зар қылды. Қаншама боздақтар боздап кетті, қаншама тарландар жазықсыз атылды. Қасиетті Құранда (Исра, 33): «Бейкүнә адамдарды өлтіруші болмаңдар, ол – Тәңірі тыйым салған іс», - дейді. Бірақ, елім деп еміренген талай жазықсыз ерлердің басы кетті. Елімізде дінсіздік те орын алды. Ұлтымыз моральдық-психологиялық, материалдық, рухани тұрғыдан қатты қысым көрген. Басынушы елдің езгісінен қашып, қаншама бауырларымыз шекара асып та кеткен. Біздің тілімізді, дінімізді, тарихымызды, тіптен ҚАЗАҚ деген ұлтымызды мына әлемнен жоқ қылып жіберуге тырысқан. Бірақ Алланың қалауымен ардақты тәуелсіздігімізге қол жеткіздік.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің ақ таңын әкелді. Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау, тігіп дербес мемлекет болған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана Алланың қалауымен сақталды.

Ислам діні мына бес құндылықты қорғауды мақсат тұтқан. Олар: Дін, адамның жаны, нәсілі, ақылы және малы. Ортақ құндылықтарымыз осы бес нәрседе көрініс табады. Аталмыш бес құндылықтың ішіндегі діни сенім құндылығы бәрінен бұрын тұрады. Себебі, Алла тағала Құранда: «Мен жындар мен адамдарды тек маған құлшылық етулері үшін ғана жараттым», («Зарият» сүресі, 56-аят) - дейді. Яғни, адам баласының мына дүниеге келудегі мақсаты – Жаратушыға сеніп, оған құлдық ұру. Діннің үйрететіні – адамның жан тазалығы, ішкі дүниесінің пәктігі. Дін әсіресе адамның көркем мінезін қалыптастырады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін ғана жіберілдім», («Муснад», әл-Бәззар) - деген. Егер бір қоғамда дін болмаса, мораль болмаса, ол қоғамдағы адамдар рухани азғындыққа ұшырары хақ. «Құдайдан қорықпағаннан қорық ...», - дейді қазақ.

Бодандық дегеніміз – обал-сауабыңды біреуге артып, құдайдың салғанына көну. Бостандық дегеніміз – өз тағдырыңның жауапкершілігін өз мойныңа алып, өз қамыңды өзің қамдау.

Тәуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу – біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз. Оның бағасын білу, құрметтеп, баянды болуына жағдай жасау – сіз бен біздің міндетіміз.

Алла тағала Құранда адам баласына берілген көптеген нығметтер жайлы былай деген болатын:

"وَإِنْ تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا إِنَّ اللَّهَ لَغَفُورٌ رَحِيمٌ" (النحل:18)

«Егер Алланың (сіздерге берген) нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шүбәсіз, Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді» (Нахл 18-аят).

Тәуелсіздік – ол бір ауызбен айта салатын жәй ғана сөз емес. Тәуелсіздік – ол елдің өзге елдермен терезесі тең болуына, әрбір тұрғынның қоғамда емін-еркін өмір сүруіне және әрбір адамның жеке бас бостандығы мен құқықтарының сақталуының кепілі. Әрбір адам өз табиғатында ешкімге бағынышты болмай, басы бос өмір сүруді қалайды. Демек, құқықтары мен бас бостандықтарының сақталуына кепіл болатын тәуелсіздік ең үлкен нығмет болып саналады. Сол үшін осы бір үлкен нығметке шүкіршілік ету біздің басты міндетіміз болмақ. Алла тағала Құранда әрбір жақсылыққа шүкіршілік ету мұсылман пенденің сипаты ретінде айтып өткен болатын:

 

وَاشْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ إِنْ كُنْتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ

«...Бір Аллаға ғана құлшылық ететін болсаңдар, берген нығметтерінің қадірін біліп, шүкіршілік етіңдер» (Нахл 114-аят).

Міне, осындай баға жетпес құнды нығмет – тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынып, шүкір етіп, оны қызғыштай қорғау, сақтап тұру әрбір тұрғынның азаматтық борышы екендігі сөзсіз. Тәуелсіздік арқылы өзіміздің дәстүрімізді, дінімізді, руханиятымызды жалғастырып, дамытуға жол ашылды.

Мына тәуелсіз аспанның астында азаны жаңғырған, күмбезі күн сүйген мешіттеріміз көбейді. Жұртшылық, жастар ата-дінімізге бет бұрып, намазымызды еркін, тығылмай оқуға мүмкіндік алдық. Білім алуға, әлемді шарлауға, қажылық жасауға жол ашылып, дүркіретіп той жасап, аста-төк молшылықтың орнауы – Алланың рахымы. Ал сол егемендіктің байрағын желбіретіп, көз-жастары көк туымызға сүртіліп, қасық қаны қалғанша Отан үшін жанын беріп, азат болуымыз үшін күрескен бабалар еңбегін еш етіп алмайық.

        

Бейбіт ӘЛІПБЕКҰЛЫ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы

 бойынша бас имамы

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: