ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев күндердің сұлтаны қасиетті жұмада Тараз қаласындағы көне жәдігер "Әбдіқадыр" мешітінде жұма уағызын жүргізді.
Бас имам: "Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отан қорғаудың қандай сауапты іс екендігін айтқаны бар. Ардақты сахабалардың бірі Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулалла! Ең абзал амал не?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – деген. Біздің бабаларымыз да отанның қадірін жете түсініп, «Елім-ай» деп жырлады. Тіпті, «Отан – оттан да ыстық» немесе «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп елін, жерін сүюге үндеген. Өйткені, Отаны бардың құрар отауы бар екенін білген бабаларымыз ұлтарақтай жері болса, бағым сол деп біліп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұрпағы үшін осынша байтақ даламызды қорғай білді. Міне, біз мекен еткен қазақтың ұланғайыр даласында ғасырлар бойы салт-дәстүріміз қалыптасып, рухани бай мұрамыз сақталып, ұлттық құндылығымыз бен терең тарихымыз күні бүгінге жетті. Отансыз халық болғанымызда осынша құнды дүние сақталар ма еді?! Сол үшін ислам діні әрбір иманды жанға өзі туып өскен отанын сүюге, оны қорғауға үндеп келеді." - деп атап өтті насихатында.
Жамағат діни білім мен рухани куштің қазығы болған жұма уағызын ұйып тыңдады. Жұма намазы оқылған соң облыс бас имамы ел мен жердің амандығы, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы үшін арнайы дұға жасады.
Бас имам уағызын тыңдаған мешіт ақсақалдары намаз соңында ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі