Қолқаның құпталғаны, тілектің жүрекке жеткені зор мәртебе. Әсіресе мешіт имамының мейірбандылыққа үндегеніне құлақ асқан Құдайдың құлына мол сауап берілетінін сөзсіз. Алла жолында жұмсалған мал-мүлік Құранда құпталған, сүннетте сүйіншеленген.
Мәселен, Шу ауданы Бірлікүстем ауылында қайырымды азамат 250 мың теңге жұмсап, жуырда ашылған мешіт жанындағы асханаға жаңа ыдыс-аяқтарды әперіп, тарту жасады. Ендігіде ауыл тұрғындарына ас беруі үшін әуреге түсудің қажеті болмайды. Бұл іске бек қуанған ауыл имамы Жетпісбай Әлімбеков ақсақалдық алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Алладан атпал азаматтың ісіне береке тілеп, бұл ісі сауапты іс екенін атап өтті.
Сондай-ақ осы ауылдың тағы бір сауап іздеген азаматы тәтті сауапқа кеңелді. Олай дейтініміз 5000 теңгеге 20 келі алма сатып алып, соны 5 отбасыға үлестіріп берген екен. Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өздерінді және отбасыларынды бір түйір құрмамен болса да тозақтан арашалаңдар деген хадисі еріксіз еске түседі осындайда. Себеттерді өз көлігіне тиеп, қуана таратқан Жетпісбай қария жерлестерінің де қуанып қалғанын жеткізді.
Байжан ЕМБЕРДІ,
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі