Жамбыл ауданы орталық «Бәйдібек» мешітінде ауданның бас имамы Ғайырфулла Қуанышбекұлы ауыл имамдарына мешіт жамағаттары мен ауыл тұрғындарына насихаттау керектігін айтып, тапсырма берді.
Тұғырнама мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық.
«Иманым – жиғаным», – деп бақытын Исламнан іздеген бабаларымыз сан ғасырдан бері салт пен сүннетті үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырды.
Асыл дінімізде отаншылдық шынайы мұсылманға тән қасиет ретінде қарастырылған. Мұсылман баласына Отанын сыртқы және ішкі қауіптен қорғау – парыз. Мұны халқымыз «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген нақылмен түсіндірген.
Білім – баға жетпес қазына. Ілімсіз өркениет жоқ. Бүгінде күш пен қуат – білімде. Ғылымнан асқан ғазиз дүние жоқ. Пайғамбарымыз: «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.
«Ауызбіршілікте – Алланың мейірімі бар», – деген. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады», – деп бірлік туы астында тізе қосуға шақырған. Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында игі іс істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібе табу – пайғамбар салған сара жол.
Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша, кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбір жанға міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеті артады. Әділдік – ізгіліктің өзегі. Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі