Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес.
Отбасылық құндылықтар дегеніміз - бір-бірін сүйіп қосылған жандардың отбасын құрып, мықты шаңырақ болу мен бала тәрбиелеуде қолданатын ежелден келе жатқан ұстанымдар.
Әрбір отбасының өз құндылықтары болады: өзара сыйластық, қолдау, адалдық, түсіністік, үлкенге-ізет, кішіге-құрмет, ауызбіршілік, сенім арту, махабатпен бөлісу. Отбасы - жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі. Отбасында өмірдің мәнін оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы - адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Жас ұрпақты отбасылық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі.
Отбасы құндылықтары 3 топқа бөлінеді.
1. Дәстүрлі отбасы құндылықтары - дәстүрлі ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары үлгілерін сіңіретін де осындай отбасы. Ата-әжелерінің немересіне берген ақыл-кеңестері. Отбасы тіршілігінде осы құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса, баланың ұлттық сана- сезімі ерте оянады. Осы жанұяда дінді сақтау, некені бұзбау, ұрпақ жалғастыру, балаларды тәрбиелеу деген дәстүрлі отбасылық құндылықтар ортақ болады.
2. Қазіргі заманғы отбасылық құндылықтар. Қазіргі таңдағы көп отбасылар заманауи салт-дәстүрді ұстануда. Бірақ сол ұстанымның өзгеруіне байланысты олар әр отбасында әр түрлі. Ол ұстанымның өзгеру себептері заманның өзгеруіне байланысты. Себебі, әр замандағы адам әр түрлі. Мысалы, бұрынғы замандағы отбасы құндылықтарымен қазір өмір сүру мүмкін емес. Бұрын адамдар әйелдеріне орамалды сыйға тартса, қазіргі жас отбасылар бір-біріне гүл немесе көйлек сыйлайды.
3. Тәрбиелі отбасы құндылықтары. Отбасын құрғандардың басты мақсаты - бақытты ғұмыр кешу. Адамдар некеге тұрғанда көптеген қиындықтарды бастарынан өткереді. Келіспеушілік болғанда олар өз қателерін түсініп, кешірім танытпай, қайта бірге болады. Оларды біріктіретін тәрбиелі отбасылық құндылықтар.
Егер бала отбасының үлкен құндылық екенін түсініп, ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделген болса, өсе келе ол бұл бағыттың біртіндеп Отан алдындағы борышымен, азаматтық парызына ұласатынын аңғарады. Сондықтан әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал. Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді. Отбасылық тәрбие арқылы қалыптасатын ұлттық құндылықтарды зерттей келе, оларды бірнеше бағыт бойынша топтастырып қарауға болады. Отбасылық тәрбие арқылы балада ұлттық таным жүйелі қаланып ұлттық сана-сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол ұлт мүддесін ойлайтын, елжанды азамат бола алады. Бірақ соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған отбасылық тәрбиедегі олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда. Сол мәселердің бірі ретінде ұлттық тіл тағдыры, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарымызды дұрыс сақталмауы алаңдатады. Өз тілін құрметтемеген жастардың өзге тілге бейімділігі артуда.
Отбасы - қоғамдық жүйенің бір бөлігі. Отбасындағы жақсы қарым-қатынас ұрпақты жалпы адамзаттық құндылықтарды түсінуге жетелейді, өмірдің қыр-сырын танытады, жауапкершілікке, адалдыққа, ойшылдыққа әдептілікке баулиды. Тәрбиелі білім қазына, тәрбиесіз білім-қасірет екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан кез келген сатыда тәрбиелі білім беру ата-ана міндеті. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында ұлттық салт- дәстүр, рухани адамгершілік құндылықтарын дамыта тәрбиелеуді ұстанамыз. Ұрпақ тәрбиесі бір күндік немесе бір уақытта аяқталатын әрекет емес, тәрбие отбасынан басталады, өмір бойы жалғасады. Бүгінгі таңда бала тәрбиесінде қоғам ата-аналар мен ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттері - ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, ар-ожданы мол, парасатты, еңбекқор, өз ойын толық жеткізіп, алған білімін өмірде тиімді пайдалана алатын, бойында басқа да ізгі қасиеттері қалыптасқан адамды тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесінің негізі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады.
Отбасындағы кез келген жағдаятта ата-ана мен үйдің үлкендері бала алдындағы сөздері мен іс-әрекеттерінде әдептілік танытқаны жөн. Мысал ретінде алатын болсақ, ата-ана арақ пен темекінің көптеген зияндығын біле тұра, баланың құлағына соны құя тұра, балалардың көзінше өздері арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартса, одан ешқандай жақсы тәрбие ала алмайтыны анық нәрсе. Мұндай жағдайда бала басқа өмірді аңсайды, не болмаса теріс беріліп отырған тәрбиеге тез бой алдырады. Ал егер осы теріс жолға бала мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өскені дей беріңіз. Осы орайда шетелдермен салыстыра отырып қазіргі отбасылық жағдай жастардың ата-әже тәрбиесіне балаларын берілмеуі немесе қазіргі әжелердің немере баққысы келмеуі.Болашағында бақытсыз қыз бен келешегі жоқ бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда кінәні кімнен іздейміз?
Осы жерде тағы бір айта кетерлік жайт, ата-ананың бір-бірімен болған қарым-қатынасы. Мәселен, біздің халықта ер адамды ұлық тұтқан. Ол – үйдің отағасы, балалардың әкесі. Үйде анасы жұбайын құрмет тұтып, оның абыройын балаларының алдында көтеріп ұстаса, бала да әкесіне ұқсап, беделді болып өсуге ұмтылады. Керісінше, әке де зайыбына жылы сөйлеп, оны «ана» деп құрметтесе, балалар ананың өмірдегі құдіретін түсініп, оның көңіліне қаяу салмауға тырысады.
Балалар өз бойынан ата-анасының бар болмысын көрсетсе, керісінше ата-аналар да өмірінің жалғасын балаларынан көреді.
Үміткүл МУСАЛИЕВА
Жамбыл ауданы «Бәйдібек» мешітінің
«Әжелер алқасының» төрайымы