Бисмилләһир-рахмарин рахим
Құрметті мұсылман бауырлар! Құрбан айт – ислам дініндегі ең үлкен мерекелердің бірі. Барша мұсылмандардың Алла тағалаға мадақ, мақтау, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сауалат айтып, қуанышқа толы дауыспен тәкбір-ташрик айтып жамағат болып мешіттерге жиналатын сауапты күн. Күллі мұсылмандардың, Мекке, Мединаға қажылыққа барғандар мен басқа да мұсылмандардың Алла тағала разылығы үшін және уәжіб болған құрбандықты шалып, садақа беріп, Алла тағаладан тілек тілейтін күн.
Арапа күні тұтылған ораза екі жылдық кіші күнәларды жуады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Арапа күнінің оразасы өткен және келесі жылдың күнәларына өтем болады», - деген (Муслим). Алла жолында құрбандық шалудың тарихы Ибраһим пайғамбарға (аләйһис-сәләм) барып тіреледі. Ибраһим (аләйһис-сәләм) Меккеге жасаған сапарларының бірінде қасиетті аймақта ұйықтап жатып түсінде аян алды. Ол түсінде өз баласын бауыздап жатқанын көрген-ді. Сонда ол екіленбей осы бұйрықты орындауға кірісті. Алла тағала бұл ұлы, ғажып оқиғаны бізге Өз кітібында баян етті: «(Ибраһим, ұлы) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, қалай қарайсың?» - деді» (Саффат, 102). Сонда Исмаил(аләйһис-сәләм): «Ей, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Алла қаласа, мені сабарлылардан табасың», - деді» (Саффат, 102). Сол уақытты әке мен бала бұл бұйрықты орындауға шешім қабылдады. Исмаил әкесі Ибраһимге: «Ей, әкетайым! Егер мені соймақшы болсаң, жүзіме көзің түсіп, аяушылығың оянбау үшін маңдайымды төмен қарат», - деді. Ибраһим осылай істеді. Ол ұлын етпетінен жерге жатқызды. Пышақты алып, оның алқым тұсына қойып тартты. Пышақ кеспеді. Сонда Ибраһим пышақты қатты басып тарта бастады. Ал ұлы Исмаил қаттырақ тарт дейтін. Бірақ пышақ өтпеді. Алла тағала бұл көріністі сипаттап: «Сөйтіп ол екуі де бойсұнған кезде (әкесі) оны маңдайымен жатқызды», - деген. (Саффат, 103). Осылай әкелі – балалы екеуі Аллаһ тағаланың әміріне түгелдей бойсұнған кезде сынақ аяқталады. Олар Алланың әмірін орындауға ынты-шынтыларымен әрекет етті. Бұдан кейін сынақ қылуға қажеттілік жоқ еді. Өйткені, мақсат қан төгу емес, олардың бойсұнуларын тексеру. Сонда Алла тағала Ибраһимге дыбыстап: «Біз оған: «Ей, Ибраһим! Расында түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде игілік істеушілерді осылай сынаймыз», - деп дыбыстадық. Расында бұл бір ашық сынау еді», - деген (Саффат, 104-106). Бұл тарихтағы ең үлкен сынақ болды. Ал Ибраһим бүкіл әлемдердің Раббысына бойсұнып, мұндай қиын сынақта табысқа жетті. Ибраһим Исмаилды Бауыздамақ боп пышақ өтпей жатқан аралықта ол бір дыбыс естіді. Бұрылып қараса, Жәбірейіл (аләйһис-сәләм) екен, онымен бірге көктен, жаннаттан түсірілген қошқар бар еді. Алла тағала: «Оны ірі бір құрбандықпен ауыстырдық», - деген (Саффат, 107).
Осыдан бастап Аллаға жолына тарту ретінде, сондай-ақ, бүкіл әлемде Оған бойсұну көрініс табу үшін әр жылы мұсылмандар құрбандық шалады. Бұл құрбандықтан мақсат, біз өз баласын Аллаға құрбан етуге дайын болған Ибраһимның жолымен жүреміз, дегенді білдіреді. Мұның астарында «О, Раббымыз! Біз Ибраһимның жолымен қуып өзімізді, балаларымызды және мал-мүлкәмәздә Сенің жолыңда құрбан етуге дайынбыз» - деген ұлы мағыналар жатыр.
Құрбандыққа түйе, сиыр және уақ мал (қой, ешкі) жарайды. Құрбандыққа шалынатын мал еркек болсын, ұрғашы болсын бәрібір, қой жарты жасқа, ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, ал түйе бес жасқа жеткен болуы керек. Кемшілігі бар (ақсақ, соқыр сияқты), ауру, тым арық немесе кәрі малдар құрбандыққа жарамайды. Дініміздегі құрбандық шалу шамасы жететін, жағдайы бар әрбір ақыл-есі дұрыс мұсылманға уәжіп болды. Алла тағаланың бізге берген мал-мүлік дүниесін кедей – міскіндерге қайырлы болып көмек жәрдем етіп, ахирет сауабын табайық. Әмин!
Ғайырфулла Қуанышбекұлы
Жамбыл ауданының Бас имамы