Исі мұсылманның ұлық екі мерекесінің бірі – Құрбан айт. Мұсылманшылықтың көркем көрінісі болған осынау мереке, өзіне мейірімділікті де, татулықты да, бірілік пен қонақжайлылықты да сыйдырған.
Құрбан мерекесі хижра жыл санауы бойынша Зул-хиджа айының оныншы жұлдызынан бастап қатарынан төрт күн аталып өтіледі. Осы күндерде құрбан шалынады. Соған байланысты бұл мереке құрбан мерекесі деп аталған. Құрбан сөзі «Аллаға жақындау, Алланың разылығын табу» деген мағынаны білдіреді.
Жылда ерекше күтіп, қуана қарсы алатын рухани мерекемізді көпшілікпен өткізудің әдептері қандай? Сауабы мол мерекенің сыйынан құр қалмай, Аллаға ұнамды қандай амал жасаса болады?
1. Шатықта болу
Алла тағала тарапынан бекітілген мейрамды қуанышпен қарсы алыңыз. «Ақиқатында, айт (мереке) күндерінде қуаныш пен шаттық таныту – діннің рәсімдерінен!» [1].
2. Ғұсыл құйыну, әтір себу
Айт намазына ғұсыл құйынып бару – мұстахап. Нәфи’ғ (р.а.): «Ибн Омар әркез ораза айт күні (намаз оқылатын орынға шығудан бұрын) ғұсыл алып, хош иістенетін»[2], – деді. Хафиз Ибн Ражаб былай жазған: «Имам Мәлік: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – дейтін[3].
3. Жақсы киім кию
«Алланың Елшісі (с.а.у.) айт күні қызыл шапанын киіп шығатын»[4], – деген. Нәфи’ғ (р.а.) былай айтты: «Ибн Омар айт күндерінде ең жақсы киімдерін киетін»[5].
4. Құттықтау сөздерін айту
Жүбайр ибн Нәфир: «Алла Елшісінің (с.а.у.) сахабалары айт күні кездескенде бір-бірлеріне: «Алла бізден де сенен де қабыл етсін!», – деп айтатын», – деген.
5. Айт намазын оқу
Құрбан айт мерекесі айт намазын оқумен басталады. Алла Тағала былай дейді: «Айт (Әй, Мұхаммед) Расында менің намазым, құрбаным, тіршілігім және өлімім әлемдердің Раббы Алла үшін, Оның серігі жоқ. Әрі осы нәрсе маған әмір етілді және мен бойұсынушылардың алғашқысымын», [6] және басқа сөзінде «Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбандық шал». [7]
7. Құрбан айтта үйден шыққанда ештеме жемеу
Бурайда «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза айтының намазына тамақтанбай шықпайтын, әрі Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келмейінше тамақ жемейтін» [8] деген.
8. Намазға жаяу бару
Ибн Омар (р.а.): «Расуалла (с.а.у.) айтқа жаяу барып, жаяу қайтатын»[9], – деп айтқан. Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.): «Айт намазына жаяу бару және одан жаяу қайту сүннет болып табылады»[10], – деп айтты.
9. Айт намазына имамнан бұрын шығу
Язид ибн Әбу ‘Убайд былай деп баяндайтын: «Бірде мен Сәләма ибн әл-Акуа’пен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде таң намазын оқыдым, әрі ол шыққан кезде, мен де онымен ілесіп шықтым, (сөйтіп) біз айт намазы орындалатын жерге келдік. Әрі біз отырып, имам шыққанға дейін күттік».[11].
10. Үйге басқа жолмен қайту
Жәбир ибн Абдулла (р.а.) жеткізген хадисте: «Айт күні Пайғамбар (с.а.у.) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен оралатын»[12], – делінген.
11. Құрбан шалу
Алла разылығы үшін құрбандыққа мал шалу рәсімі басталады. Құрбандық шалудың сауабын сұраған сахабаға Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар» деп жауап берген. Сахаба тағы да: «Уа, Алланың елшісі, шалынған құрбандық мал жүнді (қой, қозы сияқты) болса, сауабы қандай болады?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз: «Жүннің әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар» деп жауап қайырған екен.
Алла ризалығы үшін шалынған құрбандық ақыретте өтуі өте қиын «Сырат» көпірінде иесі үшін мініс құралы ретінде көмекке келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында былай деген: «Малдың жақсысы мен тәуірін құрбандық ретінде таңдаңыз. Өйткені, ол «Сырат» көпірінде сізге көлік болады».
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіндер». Пайғамбарымыз (с.а.у.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) шалған құрбандығының үштен бірін-отбасына, үштен бірін-кедей көршілеріне, қаған үштен бірін садақа ретінде тарататын». Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедей-мұқтаждарға беруге болады.
12. Тәкпір айту.
Имам әл-Бұхари өзінің «Сахих» жинағында: «Ибн Омар әт-Тәшриқ күндері әр намаздан кейін де, төсегінде жатып та, шатырында болған кезде де, адамдармен бірге болған кездерде де, бір жаққа жаяу барғанда да тәкбір айтатын», – деп баяндаған.[13]. Айт мерекесінде әйелдерде де тәкбірлер айтқан. Оған дәлелді Имам әл-Бұхаридің еңбектерінен кездестіруге болады. Ол: «Мәймуна Құрбан айт күнінде тәкбір айтатын. Сондай-ақ әйелдер де әт-Тәшриқ түндерінде ерлермен бірге мешітте намаз оқып болып, Абан ибн ‘Усман мен ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиздің ізінен тәкбір айтатын». [14] деген. Ескерте кетерлік жәйт, әйелдер бұл тәкбірлерді қатты дауыстап айтпаулары керек.
13. Айттау
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, "Айт құтты болсын” айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Asyldin.kz сайтының редакторы
Пайдаланған әдебиеттер
- “Фатх әл-Бәри” 2/514.
- Мәлик 1/177.
- «Фатхул-Бәри» 8/414
- Әт-Табарани «әл-Әусат» 2/53.
- Әл-Бәйһақи 3/281.
- Құран, 6:162,163
- Құран, 108
- Әт-Тирмизи 542, Ибн Мәжаһ 1756
- Сүнән ибн Мәжә 1/411.
- Ибн Мәжаһ 1297, әт-Термизи 530.
- Әл-Фирьяби «Әхкамул-‘идайн» 29
- Имам Бухари, 986.
- Әл-Бұхари 1/461
- Әл-Бұхари 2/463