Меркі ауданының аудан, ауыл мешіттері ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айының құрметіне орай жүзеге асырылып жатқан «Рамазан керуені» қайырымдылық марафонына белсене қатысуда.
Қасиетті айда аудандық орталық «Меркі ата» мешіті, «Жүніс молда» мешіті, «Сұрат» мешіті, «Жақсымбет» мешіті және «Ар-Раззақ» мешіттерінің ауласында өткен аталмыш марафонға 113 азық-түлік және киім-кешек пакеті ауданның түкпір-түкпіріндегі ауылдағы мешіт жамағатына, қарттарға, мұқтаж отбасыларына жеткізілді.
Мешіт алаңына жамағат, еріктілер мен белсенді жастар жиналып, сауапты іске бір кісідей атсалысуға асықты.
Сауапты іске атсалысуға ниет еткен автокөлік жүргізушілері алдын-ала жасалған тізім бойынша, жалпы сомасы 1 370 000 теңге болатын киім-кешек пен азық-түлікті мұқтаж отбасылардың үйіне жеткізіп берді.
Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар осындай мешіттің ұйымдастыруымен жасалған қайырымдылық іс-шараларына риза болып, мешіт қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.
Меркі ауданы «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі