Жамбыл облысына қарасты Сортөбе ауылында Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, бейбітшілік пен келісім аясында кіші футболдан, арқан тарту және асық атудан Қордай ауданының Қарасу ауылынан бастап, Қарасай батыр ауылының мешіт имамдары мен жамағат арасында спорт жарысы өтті.
Жарыс Қордай ауданының имамы Асқар Зәкіржанұлының қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Сортөбе ауылының әкімінің орынбасары Мадый Багиұлы сөз сөйлеп, ауылдың бас дәрігері, аудандық маслихаттың депутаты Танзиля Апаева жүрек жарды лебізін білдіріп, бірінші орын алған командаларға өзінің сыйлығын ұйымдастырушыларға табыстады.
Ақсақалдар бата беріп, әр ауылдан жиналған мешіт жамағаты сол жерде «Ырыс», «Алға», «Бірлік», «Ынтымақ», «Намыс», «Достық», «Сұңқар» атты командаларға бөлініп ойынның қызықты өтуіне атсалысты. Алдымен арқан тартудан І орынды «Бірлік» командасы жеңіп алса, ІІ орын «Ынтымақ» командасына бұйырып, ІІІ орынды «Ырыс» командасы еншіледі.
Ойынның кезегі кіші футболға берілді. Өте қызықты әрі тартысты өтті. Алғашқы ойыннан-ақ мықтылығын байқатқан «Достық» командасы бұл сайыста өте жақсы ойын көрсетіп, жеңімпаз атанды. Ал ІІ орынға «Намыс» жігіттері ие болса, «Алға» командасы үздік үштікті қорытындылады.
Бұдан кейін командалар ұлттық ойынымыз асық атудан сынға түсті. Жекелей сайыста «Ынтымақ» командасының ойыншысы мергендігімен көзге түсіп, бас жүлдені жеңіп алды. «Алға» ойыншысы ІІ орынға табан тіресе, «Бірлік» командасының намысын қорғаған ойыншы ІІІ орынды иеленді.
Қатысушылар дипломмен марапатталып, ауыл имамдарына қаржылай сыйлық пен алғыс хат берілді. Жарыс ұйымдастырушылары Қордай аудандық спорт бөлімінің жетекшісі Д. Молдағалиев пен Сортөбе ауылының әкімінің міндетін атқарушы Р. Фушанло, сондай-ақ ауыл мешіттерінің имамдары А. Дургалов, Д.Таубалды, Г.Паншаров, И.Паров, С. Минтеев келген қонақтармен жамағаттың осындай ізгі амалдарды ұйымдастырып жақсы қөңіл сыйлағандары үшін алғыстарын білдірді.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі