Бараат – күнәлардан тазарып, оттан құтылуға мүмкіндік беретін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Биыл Бараат түні біздің елде 8 сәуірден 9 сәуірге қараған түнге сәйкес келіп тұр.
Бараат түні жайында Айша анамыз (одан Алла разы болсын) былай айтқан. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түннің не түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі», – деп жауап бердім. Сонда ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да», – деді (Бәйһақи).
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға: «Бұл түнде не болатынын білесің бе?» – деді. Айша анамыз (одан Алла разы болсын): «Уа, Алла елшісі! Бұл түнде не болады?» – деді. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Онда адам балаларының осы жылда туылатыны және осы жылы дүниеден өтетіндері жазылады. Онда олардың амалдары (Алланың құзырына) көтеріліп, ризықтары (пенделеріне) түседі (белгіленеді)», – деді («Мишкат әл-Мәсабих», 115).
Иә, бұл түнде Алла Тағала кейбір адамдарды бақытқа кенелтіп, кейбіреуін мейірімінен ұзақтатады, біреудің дәрежесін көтеріп, біреудікін түсіреді, біреуін сыйлыққа жетелейді, тағы біреуін одан құр қалдырады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түнді ұйықтамай құлшылықпен өткізген адам міндетті түрде жәннатқа кіреді. Олар – Тәруия, Арапа, Құрбан айт, Ораза айт және Шағбанның он бесінші түндері», – деген («Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб», 2/98).
Бұл түндерді құлшылықпен ояу өткізу – мұстахаб. Сондықтан мұндай істерді жалғыз өткізген жақсырақ. Фиқһ ғалымдары қасиетті түндерде, мысалы Бараат түнінде мешітке жиналуды мәкруһ санаған. Хасан ибн Аммар Шурунбуләли (оны Алла рахмет етсін) бұл туралы: «Жоғарыда айтылған және басқа да қасиетті түндерді арнайы ғибадатпен өткізу мақсатында мешітке жиналу – мәкруһ. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да, сахабалар да олай істемеген», – деп айтқан («Хашият ат-Тахтауи», 326).
Сахабалар, табиғиндер және одан кейінгі ғасырда өткен ғалымдар бұл түнді ұлықтаған және оған ерекше дайындық көрген. Бараат түнінің берекесіне қол жеткізу үшін ғалымдар төмендегі істерге мән беруді айтқан:
- Құптан мен таң намазын жамағат болып оқу.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түні көктердің есіктері ашылады, періштелер мұсылмандарға сүйінші айтады, ғибадатқа шақырады. Бараат түнінде көп ғибадат жасаңдар! Әйтпесе, Қияметте өкінесіңдер», – делінген (Нәсаи). Ең алдымен біз парыз намаздарды оқу, сосын сүннет және мұстахаб ғибадаттарды орындау арқылы Құдайдың осы бұйрығына құлақ түргеніміз жөн.
- Құлшылық етуге шамасы келмесе, жоқ дегенде күнә істерден арылу.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түні мұсылман туысымен байланысын үзгендер, өзін жоғары санағандар және ата-анасына қарсы шыққандар кешірілмейді», – деген (Бәйһақи).
Ана-ананы құрметтеу, туыстармен хабарласып, хал-жағдай сұрасу, аурулардың көңілін сұрау, бала-шағаға өнеге болу арқылы да күнәлар кешірілуі мүмкін. Сондай-ақ, біз кез-келген қастандықтан, арамдықтан, ашудан, мақтаншақтық пен өркөкіректіктен бас тартуымыз қажет. Әйтпесе, Алла Тағала бізді тазарудан алыстатады.
- Тәубе ету және истиғфар айтуға көңіл бөліп, түрлі бидғаттардан сақтану.
Бұл түні мұсылман адам жыл бойы істеген істерін, өз өмірін бір ойлап көру керек. Егер өзінің іс-әрекеттерінде бір кемшілік бар екенін байқаса, Құдайдан кешірім сұрап, оны тез түзетуге тырысуы керек. Егер біреуді ренжіткен немесе біреуден араз болса, бір-бірінен кешірім сұрап, бауырлар секілді достасу керек. Егер біреуден қарыз алып, себепсіз қайтармай жүрген болса, дереу қарызын қайтару жолдарын қарастыру керек. Қайтсе де, Жаратқан Иемізге тәубе етіп, тура жолға түсуіміз қажет.
- Өзі және мұсылман үмметі үшін қайырлы дұғалар жасау.
Дұға – ғибадаттың мәйіегі. Алла Тағала пендесіне әрдайым дұға жасауды бұйырады. Осы түні дұғалардың қабыл болуы әбден мүмкін. Ендеше, әрбір мұсылман бұл түнді бағалай білуі керек. Бұл түні мүміннің жүрегінде өзге адамдарға деген ашу-ызасы болмауы қажет, өзгелерді кешіріп, оларға жақсылық тілеуі тиіс.
- Шамасына қарай зікір айту, нәпіл намаз оқу, Құран тиләуат ету.
Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. Таһажуд немесе басқа да нәпіл намаздарды оқу құпталады. Нәпіл намаз жамағатпен оқылмайды, әркім өзі жеке оқиды. Ал Құран оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады.
- Мүмкіндік болса, Шағбан айының он бесінші күні ораза тұту.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді» (Ибн Мажә). Бұл күні ораза тұту – мұстахаб. Ораза ұстамаған адам күнәһар болмайды.
Бұл қасиетті түнде орындаған барша құлшылықтарымызды, дұға – тілектерімізді Алла қабыл еткей. Барша күнәмізден тазартып, Рамазан айына аман-есен жеткізгей! Әмин!
Хасан АМАНҚҰЛ,
Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары