Ахмад ибн Ханбал Бақи ибн Мухалладты ауырып жатқанында зиярат еткен еді. Сонда Ахмад: «Ей, Абдуррахман, Алланың сауабымен қуант! Сау күндерде ауру, ал ауру болған күндеріңде саулық жоқ», – деді.
Осылайша ол адам баласы саулығында ішкі дүниесіне мән бермей, керісінше нәпсі қалауының күшейіп, өмірге құштарлығы арта түсетінін, ал қатты науқастық халінде бойын әлсіздік билеп, өлімге бір табан жақындай түскендей сезініп, жаратқанның құдіретін мойындай түсетінін білдірген-ді. Имам Ахмадтың сөзі Құрандағы «Һуд» сүресінің 9, 11-аяттарынан алынған: «Егер біз адам баласына мол нығмет нәсіп етіп, сонан кейін оны қайтарып алсақ, сөзсіз ол мүлде күдер үзіп, бізге қарсы келеді. Алайда оған тиген зияннан кейін, нығметтерімізді арттырсақ: «Жамандықтар менен кетті» деп қуанып, мақтанады. Бірақ сабыр етіп, ізгі іс істегендер үшін жарылқау және зор сауап бар».
Әл-Хафиз ибн Касир: «Алла өзі мейірім еткен құлдарынан өзге жағымсыз сипаттағы құлдары жайында хабар береді. Ондайлар егер өзіне нығметтен кейін қиындық келсе, болашаққа деген көзқарасынан күдер үзіп, қажи бастап, бұрын ізгілік пен ғанибет көрмегендей, өткенін жоққа шығара бастайды», – деген екен.
Сол секілді егер кедейліктен кейін жағдайы орнына келсе, Алла Тағала «Һуд» сүресінің 10-аятында айтқандай: «Ол жамандықтар менен кетті», – дейді. Осыдан кейін менің басыма қиындық пен жамандық келмейді деп ойлап, түк болмағандай: «...күдіксіз ол қуанып, мақтанады», – деп тайраңдап шыға келетінін баяндайды. Олай болса адам баласы жақсылықта Аллаға шүкірін айтып, қияндықта сабыр етер болса мол сый-сияпатқа кенеледі. Бұл: «сабыр етіп, ізгі іс істегендер үшін жарылқау және зор сауап бар» деген Алланың уәдесі.
Қиындыққа сабыр етудің нәтижесі жаннат сыйы екенін білу қажет. Біз өзімізді қиындық келгенде сабырлық етуге, жаратушымызға деген жақсы әдеп көрсетіп, қиындықтың түбінен жақсылық іздеуге бойымызды үйретуіміз керек. Кітаптың соңғы қорытындысында жазушы Базаржумхурдың былай дегенін мысал келтіреді: «Сыйдың алдындағы қиындық – ас ішер алдындағы аштық секілді. Ішетін жерін жақсартып, ләззаттана асын ішеді». Платон: «Баршылық, молшылық кезінде емес, қиындық пен жоқшылық кезде тапқан достан айырылма», – деген.
Қиыншылық ақиқатқа көзіңді ашады. Платон бірде: «Молшылық түн секілді, не істеп, не жегеніңді көре алмайсың. Ал қиындық күндіз секілді, ол жерде өзіңнің және өзгенің қалағанын көре аласың», – депті. Аздашир: «Қиындық, таршылық жағымды иіс су секілді. Ол арқылы баршылық кезде көре алмаған нәрселеріңді көресің», – деген.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының "Үміт сәулесі" кітабынан