ТҮШКІРУ ӘДЕБІ

ТҮШКІРУ ӘДЕБІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Түшкіру – тыныс алу жолдарында тұрып қалған шаң-тозаңдар мен зиянды ұсақ заттарды қас-қағым сәтте іштегі ауаны сыртқа шығару арқылы іске асатын шартсыз рефлекс. Ал есінеу – еріксіз тыныс алу қозғалысы, қан мөлшері көбейіп кеткенде, денені ауамен қамтамасыз етуге бағытталған организмнің рефлекторлық реакциясы.

Күнделікті өмірде көпшілік адамдардың ескере бермейтін осы түшкіру мен есінеу мәселелеріне дініміз аса мән берген. Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) былай деген: «Расында, Алла Тағала түшкірушіні жақсы көреді де, есінеушіні жақтырмайды. Егер адам түшкіріп Алла Тағалаға мақтаулар айтатын болса, онда осыны естіген әрбір мұсылманға «Алла саған рахым етсін» деп айту жүктеледі. Ал есінеу жайлы айтатын болсақ, расында – ол шайтаннан, сондай-ақ сендерден қайсыларың есінегілерің келсе, оны қолынан келгенше тежесін, өйткені ол есінеген кезде шайтан оған күледі» (Бұхари).

  1. Түшкірген адамға жақсылық тілеп дұға қылу.

Бір мұсылман түшкірген уақытта қасында тұрған басқа мұсылман оған жақсылық тілеп, Алладан дұға сұрауы – дініміздің үйреткен көркем әдептерінің бірі. Осылайша, шариғатымыз түшкіру арқылы да мұсылмандардың бір-біріне деген жүректерін жақындатып қойған.

Әбу Омар әл-Бара бин Азиб (р.а) былай деді: «Алланың елшісі (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) бізге жеті істі орындауды міндеттеді және жеті істі орындауға тыйым салды. Міндеттегені – ол ауырғанның көңілін сұрау, жерлеу кезінде шығарып салу, түшкіргенге игілік тілеу, ант бергеннің антын орындау жәбірленушіге көмек көрсету, шақырған жерге бару және адамдарға сәлем беру. Ал тыйым салған нәрселері – алтын жүзік тағу, күміс ыдыстардан ішу, қызыл жастық және әл-қасси қолдану және де жібекистибрақ және дибаж (жібек маталардың түрі) киюі» (Бұхари, Муслим, Ахмад, Тирмизи, Насаи).

  1. Түшкіргенде даусын басу.

Адам түшкіргенде даусын бәсеңдету үшін аузын қолымен не киімімен жабу – сүннет. Бұл ауыз қуысындағы заттардың сыртқа шашырап шығуына да кедергі бола алады. Әбу Хурайра (р.а) былай деген: «Алла елшісі (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) түшкірген кезде қолымен немесе киімімен аузын жабатын, және түшкірген де шығатын дыбыстың даусын басатын» ( Тирмизи, Әбу Дауд).

  1. Үш реттен көп түшкіру – суық тиюдің белгісі

Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) қасында болған бір кісі түшкіргенде, ол (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) «Саған Алла рахым етсін» деп айтқан. Кейін әлгі кісі тағы түшкіреді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) «Бұл кісіге суық тиген», - деп айтады (Муслим, Ахмад, Тирмизи, Әбу Дауд, Ад-Дарими). Бұл хадисте екі рет түшкіргендігі жайында айтылған. Бірақ үш рет түшкіруге де байланысты хадистер келген: «Бауырыңа үш рет түшкірсе дұға айт – ал одан көп болса суық тигені» (Әбу Дауд).

Ерте шығыс медицинасында түшкіруді адам денсаулығына өте қажетті әрекет деп есептеген. Тіпті түшкірігі келмеген адамға оны шақыратын арнайы тәсілдер де ойлап тапқан екен. Қазіргі медицина ғылымы да түшкірудің пайдалы екендігін растап отыр. Ең болмағанда күніне бір рет түшкірген жақсы дейді мамандар. Демек Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) түшкіргеннен соң, «Аллаға шүкір» етуді бұйыруының мән-мағынасын деннің саулығына келер пайдадан іздеу керек сияқты. Шынында, адам бойында болып тұратын құбылыстардың қайсыбірін алсақ та, пайдалы тұсы жоқ емес. Соның ішінде түшкіру рефлексіне – Алланың пендеге көрсеткен үлкен мейірімі ретінде, ерекше тоқталып кетуге болады. Түшкіруді Алланың мейірімі деп айтуымыздың өзіндік себептері бар. Атап айтсақ:

  • Түшкірген сәтте денеде жиналған улы зиянды заттар сыртқа шығады. Денедегі улы заттардың сыртқа шығуының нәтижесінде біз көптеген ауру-сырқаудан аман болады екенбіз.
  • Түшкіру арқылы мұрынның шырышты қабығы түрлі микробтар мен вирустардан тазарып, шаң-тозаңдардан құтылады.
  • Түшкірік – адам ағзасының әлдебір аллергияға немесе тұмауға шалдыққанынан бірінші болып хабар береді. Адам соған қарай ем-домын жасап, сақтық шараларын алуға көшеді.
  • Түшкірген кезде әдетте адамның тыныс алу жолдары ашылады. Осылайша, түшкірген мезетте еркін тыныс алуымыз қамтамасыз етіледі.
  • Түшкірген кісі еріксіз көзін жұмады. Егер түшкіру сәтінде көз ашық қалса, көз жанарына зиян тиюі мүмкін еді. Сол зиянның алдын алу үшін көз жұмылады. Бұл да «Әлхамду» айтуға себеп.
  • Түшкірікті болдырмауға тырысу – кейбір келеңсіз жағдайды тудырады. Мысалы, құлақтың нашар естуіне септігін тигізуі мүмкін. Сондықтан да, түшкірігі келген адам мүмкін болса, оған кедергі жасамағаны абзал.

Міне аталған жағдайларды ескере отырып, не себептен Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) дәл түшкіргенде «Әлхамдулиллаһ» деп айтуымызды бұйырғандығын ұғынуға болады. Алла Тағала деніміздің сау болуын жазсын!

Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау облысының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: