ҰХҰД ЖОРЫҒЫНЫҢ СЕГІЗ САБАҒЫ

ҰХҰД ЖОРЫҒЫНЫҢ СЕГІЗ САБАҒЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біздің сапарымыз пайғамбар қаласы Мәдинадан басталды. Алла елшісінің мешітінде оқылған намаз мың сауапқа тең. Тәспі тартқан тақуалар уақытының көп бөлігін сол мешітте өткізуге тырысады.

Жол бастаушы жігіт біздің топты Ұхұд тауына алып барды. Ұхұд жорығы болған жерде 70 сахаба шейіт болған. Оның арасында әз пайғамбардың немере ағасы Хамза да (оған Алла разы болсын) бар.

Әр істен Алланың хикметін іздейтін мұсылман баласы осы оқиғадан өзіне сабақ алады. Тарихқа сәл шегініс жасайық. Пұтқа табынған мүшріктер жер қайысқан мың кісілік әскермен Мәдинаға таяу Ұхұд тауына жетіп, бекініс құрады.

Әскерді Әбу Суфиян басқарып барады. Алла елшісінің немере ағасы Аббас бұл жағдайды Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хатпен хабарлайды. Пұтқа табынған топтың пейілінен хабардар болған пайғамбар сахабаларымен кеңесіп, мың кісілік әскермен Ұхұд тауын бетке алып, жолға шығады.

«Батырды майданда сына» дегендей, мың бір сылтау айтқан 300 адам Ислам жасағынан бөлініп кетеді. Екіжүзділердің бұл әрекеті әскер санының азайып кетуіне әкеп соғады. Біздің топ Ұхұд тауының етегінде болған жорықта жан тапсырған сахабаларға дұға жасады. Тауға шығып, ой түйді. Сол ойлардың бір парасын бөлісуді жөн көрдік.

Таудың етегіндегі бір сайға 50 садақшы орналасты. Қолбасшы оларға: «Жау жеңсе де, жеңілсе де мен бұйрық бермейінше, бұл жерден тырп етпеңдер. Жаудың атты әскерлері бұл жерге келмей оқ атпаңдар», – деп бұйырады. Алла жолындағы жорық қашан да мұсылманның иманын күшейтіп, ерекше жігер берген ғой. Бұл көрініс кез келген жаудың жүрегіне қорқыныш ұялатқан. Ислам әскері бұл жолы да ерекше ерлік танытып, жаудың бетін қайтарып, мысын басады.

Кері шегінген мүшріктер бас сауғалай бастайды. Дұшпанның шегінуі мұсылманның жеңісі дегенді білдірмесе керек. Соғыс толық аяқталмаған кез. Алайда қолындағы қару-жарағын тастай қашқан жаудың бұл әрекетін жеңіске балаған кейбір мұсылмандар олжаны жинауға кірісіп кетеді. Дүние шіркін пендеге әсер етпей тұрсын ба?! Олжаға қызыққан садақшының көп бөлігі пайғамбар бұйрығын басшылыққа алмастан бекіністі тастап, дүниенің соңынан жүгіреді...

Осы жайтты асыға күткендей, жаудың атты әскері садақшылар тастап кеткен саймен екпіндеп келіп, мұсылмандарға соққы береді. Алланың қалауымен баһадүр сахабалар майдан шебінде шейіт болды. Ардақты елшінің 70 сахабасы ақ өлім құшты. Пайғамбар бастаған қалың қолдың жеңіп тұрып, жеңісті қолдан беруі әр мұсылман үшін мәңгі сабақ болды. Осы жорықта тісі сынып, ауыр жарақат алған екі дүние сәруары садақшыларға кейіс білдірмей, керісінше: «Уа, Раббым, қауымымды кешіре гөр. Олар не істеп қойғанын білмейді», – деп дұға етумен болды.

Міне, қателікті кешіру... Міне, мейірім... Мүшріктер мұсылмандарға ауыр соққы жасағанымен мақсатына толық жете алмады. Қайта сап түзеген мұсылман әскері жаудың соңынан қуды. Меккеге қарай суыт жүріп кеткен олар ізім-ғайым жоқ болды. Осы оқиғадан біз бірнеше сабақ аламыз.

Біріншіден, батыр атамыз Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, «тәртіпке бағынған құл болмайды». Тәртіп болмаған жерде қолбасшысы пайғамбар болса да жорық сәтсіздікке ұшырауы мүмкін.

Екіншіден, күзет – аса қасиетті қызмет әрі жауапкершілігі жоғары іс. Оған әсте немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені күзет ісінде күллі қауымның, әскердің, үмбеттің мүддесі жатыр... Сақшы сақ болмаса халық сұрапыл соққы алуы бек мүмкін. Күзетті тастап кету – дұшпанға тасқамал қақпаны ашып беру деген сөз. Қасиетті хадис-шарифте шекараны күзеткен көздің тозақта күймейтіні айтылады...

Үшіншіден, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір бұйрығында қайыр бар. Бұйрыққа бойсұну – міндет. Ардақты елші: «Жау жеңсе де, жеңілсе де, орындарыңнан қозғалмаңдар», – деп бұйырған еді. Пайғамбар сөзіне құлақ аспай, шешім қабылдауға әсте болмайды. Сезімге беріліп, өзімізше ой топшылап, жағдайға қарап әрекет етуге жол жоқ. Олай емес екен, оның соңы опық жегізеді.

Төртіншіден, Алла жолындағы жорық адамның шынайы бейнесін ашады. Ниет шынайы болмаса кез келген пенде күреске шыдас бермейді. Алла Тағала Ұхұд соғысында 300 екіжүзді адамның шын мәніндегі ниетін ашып тастады. Шынайы ниетпен Алла жолында күреске шықпаған адам жауға арқасын беріп, кері қашады. Бұл жорық Ислам әскерін екіжүзді, пасық адамдардан тазартты. «Балпаң-балпаң кім баспас, басуға балтыр шыдамас» дегендей, бұл майдан батыр мен қорқақты анықтап берді.

Бесінші, дүние қуған адам қасіретке ұшырайды. Әз пайғамбардың әмірі қымбат па, олжа құнды ма? Қызылды-жасыл дүние мұсылман баласын қашан да өзіне шақырып, қызықтыра бермек. Материалдық мүдде мұсылманның миссиясынан әркез төмен тұруы тиіс. Ақша басты мақсатқа айналса апат келді дей беріңіз... Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ұхұд соғысы болған тұстан өтіп бара жатып былай деген екен: «Мұсылмандар, сендер енді қайта пұтқа табынуларың мүмкін емес. Оған еш күмәнім жоқ. Мен тек сендер дүниеге табынып кетесіңдер ме деп қорқамын».

Алтыншы, Аллаға иман келтірген мұсылман өз дәрежесіне сай сыналмай қоймайды. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда ескертеді. Жаратқанның жолында күресуің керек немесе жауға арқаңды беріп қашуыңа болады. Таңдау – өзімізде... Қайткен күнде де қайтар жағымыз белгілі... Маңыздысы – Алланың алдына жарқыраған жүзбен бару. Имандылық жолда жүрген адам отбасын, туған-туысын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тосуға тырысады. Өйткені, бұл – пайғамбар жолы. Оны орындау – барлық мұсылманға міндет. Ізгіліктің дәнін егу ісінде кедергілер мен сынақтың болатыны заңды құбылыс. «Жан қиналмай жәннат жоқ» деген сөзді өмірінің ұраны еткен мұсылман жақсылықты жаю жолында жансебіл әрекет-қадамға барады.

Расында, иман келтірген кісінің өмірі күреспен өтеді. Бүгінгі күннің күрескерлік жолы – білім алып, елге қызмет ету, халықты имандылыққа ұйыту, отбасына қорған болудан бастап қоғамды ізгілікке шақыру, т.б. Иә, қазіргі күннің басты «жорығы» – бойдағы жағымсыз сипаттан арылу... Әйгілі сахабалардың жорықтан қайтқанда нәпсі қалауын тәрбиелеуге қатысты кіші соғыстан үлкен соғысқа келе жатырмыз деген астарлы сөзінде мән бар.

Жетінші, кемеңгер қолбасшы Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соғыс тактикасы кез келген команда басшысына өшпес өнеге. Әскердің қателігі ауыр жазамен түзелмейді. Әз пайғамбар қателескен қауымы үшін Алладан кешірім сұрады. Расында, адам қателікті білместікпен жасайды. Осындайда халық даналығында айтылатын «білмегеннің кемшілігін кешіре алмасаң, білгеніңнен не пайда?» деген нақыл еріксіз ойға оралады. Міне, жанашырлық... Міне, басқару... Міне, мейірімділік.

Қателігін мойындаған адамның кемшілігін бетіне баса беру –

басшы болам деген адамға жат қылық. Алла елшісі соғыс тактикасында таудың игілігін тиімді пайдаланатын. Тау – үлкен тірек. Биік жерден шабуылды бастау күш береді. Арт жақта тау тұрғанда қашу туралы ой санаға келмесе керек.

Сегізінші, екі дүние сәруары жорық алдында ақылдасты. Мұсылмандардың өзара кеңесуінде береке бар. Ол пайғамбар бола тұра өз сахабаларымен ақылдасатын, олардың кеңесіне жүгінетін. Алла елшісінің бұл амалы қашан да өз жемісін беретін. Ислам тарихында «Ор соғысы» деген атпен қалған әйгілі жорық алдында да әз елші сахабаларының кеңесін тыңдап, шешім қабылдады.

Жаудың алдына ор қазуды ұсынған сахабаның бұл тапқырлығы мұсылмандарға Алланың көмегімен жеңіс сыйлады. Басшылық қызметті ұжымды басыну деп түсінбеген абзал. Керісінше, олар­мен ақылдасып, мәселені жан-жақты талқылағанда істің нәтижесін көресің. Басшы қателесуі мүмкін. Бұл ретте тәжірибелі маманның пікірі аса маңызды. Ұхұд жорығының сан түрлі сабақтарын осылай жалғастыра беруге әбден болады. Алланың әр ісінде хикмет бар. Маңыздысы – одан сабақ алып, санаға түйіп, қорытынды шығаруда һәм амалға асыруда...

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

"Мұнара" газеті, №4, 2020 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: