Өлімнен қашып құтылған жан жоқ, әйтсе де бұл тақырыпты біз көбіне қозғамауға тырысамыз. Бұл өлімнен қорыққандықтан немесе бұл дүниені сүйіп, қатты беріліп кеткендіктен де болуы мүмкін. Алайда ажал, өлім – шындық болып қала береді. Ерте ме, кеш пе – күндердің күнінде Алла Тағаланың маңдайымызға жазған уақыты таусылғанда о дүниеге аттанып жүре беретініміз хақ.
Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Әркім өлім татады. Шын мәнінде қиямет күні ақыларың толық төленеді. Сонда кім оттан құтқарылып жұмаққа кіргізілсе, рас құтылды. Негізінде дүние тіршілігі алданыштың ғана нәрсесі» (3:185).
Өлім дегеніміз не? Өлім деген сөзді естісе болды үрейлері ұшып, төбе шаштары тік тұрып, көздері шарасынан шығып кете жаздайтын жандар да кездесіп жатады. Неліктен адамдар өлімнен сонша қорқады екен? Әрине, кімнің өлгісі келеді ғой дейсіз?..
Дегенмен, осы мақалада өлімнің мән-мағынасын тереңірек түсінуге көмектесетін Алла Елшісінің (ﷺ) өлім жайында айтқан 8 хадисін назарларыңызға ұсынамыз:
1. Мүміндердің өлімге деген көзқарасы қандай болуы керек?
«Өлім– мүмінге деген сый» (Тирмизи).
Аталмыш хадистің мағынасы былай – өлім мүмінді өзінің Жаратушысымен жүздестіреді, сонымен қатар, өлімнен кейін мүмінді Алла Тағаланың ең үлкен сыйы – Жұмақ күтетін болады.
2. Алла Тағала пендесіне тіпті өлім сәтінде де мейірімділік танытатын болады.
«Ақиқатында, Құдіреті күшті әрі Ұлы Алла Тағала құлының жаны алқымға келген сәтіне шейін оның тәубесін қабыл етеді» (Тирмизи).
3. Білім іздеу жолында қайтыс болғанның өлімі.
«Егер кімде-кім ислам дінін дамыту үшін ілім іздеу барысында ажал құшатын болса, онда әлгі адам мен Жұмақтағы пайғамбарлардың арасында бір саты ғана болады» (ат-Табарани)
4. Өлім туралы ойлану.
Ансарлардың бірі біздің сүйікті Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Уа, Алла Елшісі, ең ақылды әрі бақытты жан кім?» - деп сұрайды. «Кімде-кім өлім жайында көп ойланып, өлімге дайын болса – сол ақылды, сол осы дүниеде және о дүниеде қадір-қасиет пен абыройға лайық болады», - деп жауап берген екен (ат-Табарани, Ахмад).
5. Өлімнен кейін бізді не күтеді?
«Өлгендер жайында жаман айтпаңыздар, олар өздеріне тиесілі нәрсені алды» (Бұхари).
6. Адамның өлімінен соң да жалғасып жататын амалдар.
«Адам қайтыс болғанда оның барлық амалдары тоқтатылады, тек үшеуінен басқасы. Олар: үздіксіз садақа, басқалар пайдалана алатын ілім және Алла Тағаладан қайтыс болған адам үшін дұға тілейтін тақуа бала» (Бұхари, Мүслим).
7. Жаман өлімнен қалай құтылуға болады?
«Садақа Алланың қаһарынан және жаман өлімнен сақтайды» (Тирмизи).
8. Өлім – жайлы өмірдің тоқтатылуы.
«Рахатты бұзатын өлімді жиі еске алыңдар!» (Тирмизи).
asyldin.kz