Қажылық – жай ғана құлшылық емес

Қажылық – жай ғана құлшылық емес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қажылық – басқа құлшылық түрлерін біріктіріп тұратын жалғыз құлшылық болып келеді.

Ислам — тек қана дін емес, сондай-ақ, мұсылмандардың өмір салты болып табылады. Құлшылықтың түрлерінде даналықтың терең сыры жатыр.

Құлшылық аспектілері:

Шәһада – Алла Тағаланың жалғыздығына куәлік беретін тіл құлшылығы болып табылады.

Намаз – Алла Тағалаға бойұсынғанымызды білдіріп, денемізбен жасалатын құлшылық.

Зекет – иман келтіргендер Алланың разылығын алу үшін мұқтаж жандарға өздерінің қаражатынан садақа беру арқылы көмектеседі. Біздің мал-мүлкіміз, байлығымыз – бәрі Алладан. Алланың Өзі берген байлығынан Оның жаратқандарына қолдау көрсету үшін мал-мүлкімізді сарп етуге дайын екенімізді көрсетеміз.

Ораза – Алла разылығы үшін әдеттегі дүниелерден бас тартуға дайын екенімізді көрсетеді.

Ал қажылықта басқа құлшылық түрлеріне тән аспектілердің бәрі бар.

Қажылық барысында мүмін сапарда болады, ал жүрек пен тіл Аллаға бойұсынған түрде болады. Тәуәп жасай жүріп, біз артық сөз айтпаймыз, тек Алла Тағаланы есімізге алып, дұға жасауда боламыз.

Қажылық парызын өтеуге жиналған мұсылман бұл құлшылық түрінің қаражатты көп талап ететінін біледі. Сіз өз жолыңызды төлейсіз, Алла жолында мол қаражат жұмсайсыз, осы тұрғысынан алып қарағанда қажылық зекетке ұқсас.

Қажылықтағы адамға өзінің әдеттегі дүниелерінен: қарапайым, ыңғайлы киімнен, иіс су мен шаш қиғызудан да бас тартуға тура келеді. Бұдан Аллаға бойұсынушылық көрінеді. Қажы бұл дүние қызығынан бас тартып, киімнің орнына екі қиық қана матаға оранып, ашық аспан астындағы қара жерге ұйықтайтындай қарапайым өмір сүруге дайын екендігін Аллаға көрсетеді.

Қажылық кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған мұсылмандар бір жерге жиналады. Олардың бәрі де бір рәсімдерді орындау үшін жиылады. Олар Алла Тағаланы дәріптеп, Оған мақтау айтып, Жер бетіндегі әрбір адам баласы тілейтін дұғаларды сұрайды.

Қажылық кезінде Алла Елшісінің (ﷺ) қасиетті табаны тиген жерлермен жүрудің әрі Пайғамбарымызға (ﷺ) Алла тарапынан уахи түсірілген орындарды көрудің өзі бір ғанибет емес пе? Осы қасиетті жерде Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабалары пұтқа табынушылардан қаншама зардап шеккен. Мұның бәрі тек Алла разылығына қол жеткізу үшін әрі Алланың сөздерін бізге жеткізу үшін ғана болған. Алайда осы жерлерді өз көздеріңізбен көріп қана, осынау ғажайып тарихқа жаңаша көз салатын боласыздар.

Хира тауында болу арқылы сіз Алла Елшісінің (ﷺ) бұл фәни дүниеден баз кешкенін сезінесіз. Дәл осы таудағы үңгірде болғанда Пайғамбарымызға (ﷺ) Алла тарапынан Жәбірейіл (ғ.с.) уахи жеткізген болатын.

Әл-Харам мешітіне беттеп бара жатып, Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) мен оның ұлы  Ысмаиыл пайғамбарды (ғ.с.) жиі естеріңізге алатын боласыздар. Тіршілік атаулы болмаған иен шөл далаға әйелі Хажар мен кішкентай ұлын тастап кеткенін ойлағанда, құрбандық шалудың мән-мағынасын жете түсінетін боласыздар.

Қажылық — тарихқа сапар, рухани және саналы жаңару. Қажылықтан оралған мүміннің ойы жаңа идеялар мен жоспарларға толы болады. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан:

«Қажылық парызын өтеу кезінде ғайбат айтпаған әрі күнә жасамаған жан үйіне анасынан жаңа туғандай күнәдан пәк күйде оралады» (Бұхари, Мүслим).

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: