"Нурул басар" кітабының жазылуына не себеп болды?

"Нурул басар" кітабының жазылуына не себеп болды?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

МАХМУД ТАРАЗИДІҢ «НУРУЛ БАСАР» АТТЫ СИРА (Пайғамбар өмірбаяны) КІТАБЫН ЖАЗУЫНА НЕ СЕБЕП БОЛҒАН? (Кітапқа кіріспе)

 Бисмилләһир Рохмәнир Рохим

Аллаға мақтау және таңдап алған пенделеріне сәлем болсын!

   Теңі жоқ, жалғыз мейірімді Раббымызға мақтаулар болсын. Зұлымдыққа душар болған түркістандық пенделеріне босқын болуды жазған Аллаға шүкіршілік етеміз. Алла мен Пайғамбарының разылығы үшін отанынан ажырағандарға Харам жерлерінде (Мекке мен Мәдина) тұрақтауды нәсіп етті. Жер жүзінде әділдік, діндарлықпен танылған араб жерінен залымдардан қорғайтын пана берді.

   Аллаға шүкір, біз бүгінгі таңда мұсылманбыз. Алла қаласа мұсылман болып өмір сүреміз, әрі мұсылман күйде өлеміз. Әрбір мұсылман ғашық болған өз пайғамбары әрі діни басшысы хәзрет Мұхаммед мұстафаның (с.ғ.с) қызметшісі болуға, жолында құрбан болуға дайын. Ол сүйіктісін әрбір сәтте жадында сақтайды және өмір тарихын оқиды, тыңдайды. Кез келген қымбатты нәрсесін Мырзамыздың жолында құрбан етеді. Дүниенің ең жоғарғы мәртебесі мен дәрежелерін екі әлемнің Мырзасы және адамдар мен жындардың пайғамбары (с.ғ.с) хәзреттің ең төмен дәрежедегі қызметкері болуға тең емес деп есептейді. Ертелі-кеш ол екі әлемнің Мырзасы, бүкіл әлемдердің Жаратушысының Сүйіктісінің сүннетіне амал ету үстінде болады. Дінде болмаған әдет пен бидғаттардан өзін сақтап, дін мен иманның дұшпаны болған нәпсі мен шайтанның жамандықтарынан Құдайының панасына қарай қашады. Бұл екі дұшпанның айласынан құтқаратын Құран Кәрім мен Хадис шәрифтерді оқумен жан-тәнін салып айналысады. Міне, осы жолмен өмір сүрген мұсылман, Алла қаласа, Раббысының мейріміне және сүйікті Пайғамбарының шапағатына лайықты болады!

   Дәрежесі ұлы, әлемдердің Раббысына есепсіз, сансыз шүкірлер айтамыз. Біз босқындардың арамызда діни, әдеби және мінез-құлыққа қатысты сабақтарымыз үнемі жүріп жатыр. Халқымыз, Аллаға шүкір, тәрбие мен насихат жиындарына өз ынталарымен келеді. Ғалымдардан үнемі пайдалы ілім алып жүреді. Ер кісілерден әйел кісілер және әйел кісілерден ер кісілер асып түседі. Естіген сабақтарына мүмкіндігінше амал етуге тырысады. Хәзрет әлемдердің Мырзасының (с.ғ.с)  берекелі өмірбаянын және ардақты сахабалардың оқиғаларын естісе, тұла бойлары дірілдеп, көздеріне мөлтілдеп жас келеді.

   Бұл әлсіз пенде (өзін меңзеп жатыр) өткен жылы әдеттегідей жаз күндерінде Тайф қаласында болды. Түркістандықтардың орталық мешіттерінде таң, ақшам намаздарынан кейін екі уақыт жалпыға сабақ жалғасты. Кешкі сабақта көбінесе әпке-қарындастарымыз жақта болып, сабақ барысында сира баяндалған кезде ғажап, әрі ерекше сезімдер сезілетін еді. Бұл жағдайды көріп, мен пенде оларға бір қысқаша Пайғамбар өмірбаянын жазып, сыйға тартуды уәде еткен едім. Міне бұл қолымызда тұрған кітап сол уәде етіліп, Аллаға шүкір орындалып, жазылған кітап. Аты «Нурул басар» (көз нұры) немесе «сирату хойрил бәшәр (с.ғ.с)» деп аталды. Алла Тағаланың жомарттығы мен қамқорлығынан, бұл азды-кемді еңбекті түркістандық бауырларым мен әпке-қарындастарыма бір жолбасшы және жақсы жолдас болуынан үміт етемін.

   Пенде (өзін меңзеп жатыр) биыл, яғни 1383 һижри (1963 милади) жылы жаз мезгілінде әдетке сай, тағы сүйікті жандармен жүздесу мақсатында Тайф қаласына бардым. Қымбатты жандар сағынып күтіп отыр екен, қонағымыз дем алсын  демей бәрі бірауыздан келісіп, тәпсірлері мен хадистерін алып, әдеттенген мешіттеріне жиналды. Бұл үлкен күтіп алу мен ерекше ықластылықтарын көріп, мен бауырларыммен Алланың жәрдемі және қамқорлығымен екі уақыт мешітте, бір уақыт қонақ үйде сабақ, тәрбие берумен шама келгенше айналыстым. Аллаға шүкір, төрт айлық бір науқанда Құран Кәрімнің басынан бес пара және Пайғамбар хадистерінен «Риядус-солихин» кітабының бестен төрт бөлігі (яғни сексен пайызы) сабақ өтілді. Алла Тағала біздей босқын пенделерін үнемі осындай ерекше сезімнен мақрұм етпесін. Өзіне құлшылық етуде және Елшісіне бойсұнуда жақсы нәтиже нәсіп етсін.

   Бұл жылы болып жатқан ғылыми жиыннның берекетінің бірі, тіпті ең үлкені мынау, жиынға қатысушылардың барлығы мінез-құлыққа қарай бейім болғандықтан ғалым Зәбидидің (Ханафи) «Тәжридус сарих» атты «Бұхариға» (имам Бұхаридің сахих хадистер жинағына) жазған қысқаша түсіндірмесін және имам Нәуәуидің «Риядус солихин» атты еңбегін өз тіліміз түркістаншаға түсіндірмелі аударма жасалуын өтінді, әрі бұл үлкен қызметті орындау ісін  әлсіз, бейшара пенденің (өзін меңзеп жатыр) мойнына жүктеді. Егер Алла Тағаланың қалауымен бұл нәрсе жүзеге асып жатса, оларды әдемі бір пішінде, өте көркем жазуда және қатесін аз етіп бастырып, босқындық әлеміндегі босқын бауырларға Алла разылығы үшін тегін таратуды ел ағалары өз мойындарына алды. Алла Тағала жазушы әрі бастырып шығарушы кісілерді өз панасында сақтап, бұндай ұлы жәдігерлерді (ғылыми мұраларды) тезірек жүзеге асыруды бәрімізге нәсіп еткей.

   Осы орайда сөз соңында бұл лебізді бауырларға да арнаймын. Тайфта тұрақтаған босқын бауырларымыздың бәрі жомарт, қонақжай, жолаушыға қамқор кісілер. Ғылыми жиынды жақсы көреді, ғалымдарды құрметтейді, салихалы кісілерді дос тұтады, қонақжайлылықта байларымен кедейлері де жарысады. Әсіресе, Пайғамбардың (с.ғ.с) қаласы Мәдинадан бір бауырлары бара қалса, сүйіктіміздің мекендесі келіпті деп, мал-жандарын аямайды. Көздерінің қуанышы, тіпті нұры етеді. Бұл нәрсені шынайы иман, Аллаға және ардақты Елшісіне (с.ғ.с) махаббат демесек, не деп атаймыз? Бұл ерекше сипаттарда мәшә Алла, ер кісілерімен әйел кісілер теңдей. Әйелдердің жомарттығы мен діндарлығының дәлелі мынау, қолымыздағы «Нурул басар» кітабы бір ізгі қарындасымыздың еңбегімен басылып, шығарылуда, Алла оған разы болсын. Тайфтағы отандастарымыздың бұншалықты діни және әдеби дамуларының басты себебі, олардың жетекшілері мен ел ағаларының діндәр әрі жомарттыққа бұйырушы болғандықтарынан. Олар сол дәрежеде адамгершілік пен ізгілікті жақсы көретін болғандықтан, бір қиналып жүрген мұқтаж бауырларын қайғы-мұңнан құтқармай, ешқашан тынықпайды. Жанашырлық жолында дүкендеріне де, мекендеріне де қарамайды. Қандай да бір діни немесе ұлттық маңызы бар іс пайда бола қалса, бәрінен бұрын өздері қадам жасайды, сосын басқа бауырларын шақырады. Ниеттері шынайы, өздері ықыласты болғандықтары себепті, үнемі әрбір қадам жасаған істерінде, Аллаға шүкір, мақсаттарына жеткен болады. Алла Тағала әрбір елге сондай құдайшыл ер-азамат басшыны нәсіп етсін, әмин.

   Енді, ұлы Алланың қолдауымен Оның Өзінің кеңшілігіне арқа сүйеп, бұл шағын сираға кірісеміз.

 

Һижри 1383 жыл, жұмадус-сәни айы

(милади 1963 жыл,қазан айы).

Мәдина қаласы.

Қауымның қызметшісі Сәйд Махмуд Тарази ғуфия анһу.(күнәсі кешірілгей).

 

Аударған:  Амангелді ЕМБЕРГЕНОВ

«Һибатулла Тарази» медресесінің ұстазы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: