Бүгіндері адамдардың арасында жақсылығын жария етіп, өзінің абыройын сонысымен көтеріп алғысы кеп жүргендер көбейіп барады. Атақ-даңқ, абыройдың иесі бір Алла. Қалаған құлын асқақтатып, дәрежесін биік етеді. Қалағанын абыройдан жұрдай қылады. Кім не істесе де бір Аллаға аян, Алланың разылығы болса екен деген ниетпен жасау керек.
Алла тағала Құранда: «Ей, иман келтіргендер, мал-мүлкін көрер көз үшін жұмсайтындар, Аллаға және қиямет күніне сенбейтіндер сияқты (сендерде) бергендеріңді міндет қылып, ренжіп, садақаларыңның (жақсылықтарыңның) сауабын жойып алмаңдар.
Ондайлардың мысалы үстіндегі шаң-тозаңын нөсер жуып кеткен жалаңаш жартас тәрізді болмақ. Олардың еңбектері еш кетеді. Неге десең, Алла ондай безбүйректерді тура жолға бастамайды». Ал енді осы жақсылығым басқаларға үлгі болсын, Алла мақтангершіліктен сақтасын деген ниетпен жасаса оның жөні бөлек. Адам жүрегінің иесі бір Алла екенін ұмытпауымыз керек. Себебі, адамдар сенің сыртқы келбетіңе қарайды. Алла тағала ішкі дүниеңе, ниетіңе қарайды. Адамдарға жағамын деп сыртыңды әсемдеп жүргенде, ішкі дүниесін былғап алмау керек.
Жақсылық жасаудың жолдары өте көп. Оның бәрі Алланың алдында садақа деп жазылады. Пайғамбарымыз (С.Ғ.С) айтады. « Адамдардың әрбір ағзасы үшін садақа бар. Оның ешбір күні бос өтпейді. Екі кісінің арасында әділдік жасасаң – садақа. Біреуге жол көрсетсең де, жүгін көтеріссең де, жылы сөз сөйлесең де, намазға деген ниетпен мешітке қадам бассаң да, жолдағы кедергі болып жатқан нәрсені алып тастаудың өзі де сен үшін садақа болып жазылады». (Бұхари, Мүслим риуаяты.)
Жасаған жақсылығың ол – сыйлық емес. Міндет қылма. Беріп алып артынан дұға сұрама. Пайғамбардан (С.Ғ.С) жеткен хабарда: «Мал-дүниелеріңді зекетпен тазалаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер, әртүрлі бәле-жаланы дұғамен қайтарыңдар» – деген. Жақсылықтың (садақаның) сауабына мұқтаж жандар емес, берушінің өзі алушыға алғыс айту керек. Абдулла ибн Масғуд: «Дүние мүлкіңді құрт-құмырсқа жеп, ұрының қолында кетпегенін қаласаң, оның садақасын беріп жүр,» - деген.
Жапек Ғалымбек Төлегенұлы
Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы