Дін мен діл

Пайғамбарымыздың:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жоғарыдағы хадис әт-Тирмизидің жинағында және Муғжамут-Табарани сияқты хадис кітаптарында келген.

 

عَنْ أَبِي مِجْلَزٍ قَال خَرَجَ مُعَاوِيَةُ فَقَامَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ الزُّبَيْرِ وَابْنُ صَفْوَانَ حِينَ رَأَوْهُ فَقَالَ اجْلِسَا سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ مَنْ سَرَّهُ أَنْ يَتَمَثَّلَ لَهُ الرِّجَالُ قِيَامًا فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنْ النَّارِ

 

Хадис Әбу  Мижләздан риуаят етілді. Бір күні Муғауия келген кезде оны көрген Абдуллаһ ибн Зубәйр мен Ибн Сафуан орындарынан тұрып (амандасады). Муғауия болса «Отырыңдар, пайғамбарымыздың былай дегенін естідім» деп жоғарыдағы хадисті айтқан: "Кімде-кімді адамдардың тік тұрып (қарсы алуы) қуантса, ондай адам тозақтан өзіне орын дайындасын"[1].

 

Хадистің әрбір сөзіне жіті назар аударар болсақ,  бұл жерде адамдардың араларына келген кісіні тұрып қарсы алуларының дұрыс еместігі айтылмаған.  Керісінше, отырған адамдардың қаздай тізіліп,  тік тұрып қарсы алуын жаны қатты қалайтын, тіпті, олардың осындай әуреге түсіп жатқанын көріп сүйсінетін, елден үнемі осындай құрмет күткен тәкаппар пенденің тозақтық екендігі ескертілген. Яғни, бұл жерде кісіні  тозақтық еткен қылық - тұрып қарсы алу емес, жоғарыдағы хадистің "қуантса" деген сөзінен байқағанымыздай, өзге жандардың өзіне осылай құрмет көрсетуін күткен пенденің өркөкіректік пен тәкаппарлық ниеті. Әйтпесе, құрмет көрсету ниетімен кісіні тұрып қарсы алудың - тозаққа апаратындай ауыр күнә емес екендігі бесенеден белгілі.

 

Иә, пенденің елді өзінен төмен санау пиғылы, өркөкірек ниеті - бұл адамның жандүниесіндегі рухани дерт. Мұндай дерттің адамды тозаққа жетелейтіндігі Алла елшісінің көптеген хадистерінде білдірілген. Мысалы, пайғамбарымыз (с.а.у.): "«Кім де-кімнің жүрегінде тозаңдай өркөкіректік болса, ол кісі жұмаққа кірмейді"[2] деп тәкаппарлықты қатаң ескерткен.


Келген кісіні тұрып қарсы алудың үкімі жайлы Имам ән-Нәуауий өзінің "әл-Әзкар" атты кітабында былай  дейді: "Сырттан кірген кісіге құрмет ретінде орыннан тұруға байланысты біздің таңдаған пікіріміз мынандай: "Білім иесіне немесе тақуа, әулие яки сыйлы т.с.с кісілерге құрмет мақсатында тұру - мұстахаб. Ал көзбояушылық не  ұлықтау мақсатында орыннан тұруға болмайды. (Кісі кіргенде орыннан тұруға байланысты) бұрынғылар (сәлаф) мен кейінгілердің (халаф) ісі осы үлгіде жалғасып келеді"[3].

 

Иә, сырттан келген кісіге құрмет ниетінде тұру - мұстахаб. Қазақта сырттан келген кісімен, әсіресе жасы өзінен үлкен адаммен немесе сыйлы, тақуа т.с.с. адамдармен тұрып амандасады. Тіпті, қонағыңды яки кей танысыңды тұрып қарсы алмау - жақтырмай тұрғанға есептеледі. "Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа" демекші дініміздің қатаң тыймаған мұндай істерде әр ел өзінде қалыптасқан әдетке жүгінгені жөн.

 

Бұл жайлы имам ән-Нәуауий былай дейді: " Сырттан кірген кісіге тұру - әдет ретінде  арабтарда жоқ. Тіпті, сахабалар Әнастан (р.а.) риуаят етілгендей пайғамбарымызға (с.а.у.) кей жағдайда тұрмайтын. Бірақ бұған байланысты жалпылай тыйым жоқ болғандықтан, сырттан келген кісіге орыннан тұрып құрмет көрсетуді әдет еткен елдер үшін мұның ешқандай ағаттығы жоқ. Себебі, орыннан тұрудан мақсат - құрмет, ізет, көңілді хош ету"[4].

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі кей кісілерді тұрып қарсы алғаны, тіпті, кей жағдайда тұрып құрмет көрсетуге шақырғаны жайлы риуаяттар бар. Мысалы,

1. Әбу Дәуід және басқа да хадис жинақтарында Айша анамыздан мынандай сахих хадис риуаят етілді.

 

عَنْ أُمِّ الْمُؤْمِنِينَ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّهَا قَالَتْ مَا رَأَيْتُ أَحَدًا كَانَ أَشْبَهَ سَمْتًا وَهَدْيًا وَدَلًّا وَقَالَ الْحَسَنُ حَدِيثًا وَكَلَامًا وَلَمْ يَذْكُرْ الْحَسَنُ السَّمْتَ وَالْهَدْيَ وَالدَّلَّ بِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ فَاطِمَةَ كَرَّمَ اللَّهُ وَجْهَهَا كَانَتْ إِذَا دَخَلَتْ عَلَيْهِ قَامَ إِلَيْهَا فَأَخَذَ بِيَدِهَا وَقَبَّلَهَا وَأَجْلَسَهَا فِي مَجْلِسِهِ وَكَانَ إِذَا دَخَلَ عَلَيْهَا قَامَتْ إِلَيْهِ فَأَخَذَتْ بِيَدِهِ فَقَبَّلَتْهُ وَأَجْلَسَتْهُ فِي مَجْلِسِهَا

 

«Көркем мінез-құлық, жүріс-тұрыста және жаратылыста (басқа бір риуаятта сөз сөйлеуде) Фатимадан артық Алла елшісіне (с.а.у.) ұқсас ешкімді көрмедім. Фатима оның үйіне кірген кезде пайғамбарымыз (с.а.у.) орнынан тұратын да оның қолын алатын әрі (екі көзінің ортасынан немесе маңдайынан) сүйетін. Сосын өз орнына отырғызатын еді. Ал Пайғамбарымыз оның үйіне кірген кезде Фатима орнынан тұратын да қолын алатын әрі (қолынан) сүйетін. Сосын өз орнына отырғызатын еді»[5].

 

1.    Мұсылмандар мен Мәдинадағы еврей тайпаларының арасында келісім шарт бар еді. Алайда еврейлердің Бәни Құрайза тайпасы сын сағатта сөзден тайып, келісім шартты бұзып, мұсылмандарды аса қиын жағдайға душар етеді. Бәни Құрайза тайпасының жасаған осы опасыздықтары мен сатқындықтарына берілетін жаза түрін белгілеу үшін Саъд ибн Муъаз атты сахаба таңдалады.

 

Есекке мінген күйде келе жатқан Саъд ибн Муъазды меңзеп  Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылмандарға: "Мырзаларыңа тұрыңдар"[6] деген болатын. Имам ән-Нәуауий сынды бірқатар ғалымдар жоғарыдағы хадистегі Пайғамбарымыздың (с.а.у) "мырзаларыңа тұрыңдар" деген сөзін кісіге құрмет ретінде орыннан тұрудың мұстахабтығына дәлел ретінде келтіреді.

 

Кейбір ғалымдар бұл жерде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларға Саъд ибн Муъазға құрмет ретінде "тұрыңдар" демегенін, оның жаралы күйде келгендігін,  сондықтан көлігінен түсуіне көмектесу үшін осылай айтқанын алға тартады. Алайда ансарлық мұсылмандардың орындарынан тұрулары Саъд ибн Муъаздың көлігінен түсуіне көмектесу үшін ғана болмаған. Олай дейтініміз, Абдул-Әшһал ұрпақтарының  кейбір кісілері: екі сапқа жарылып түрегеп тұрғандықтарын және әрқайсысының Саъд ибн Муъазға сәлем бергендерін айтады[7]. Пайғамбарымыз Саъд ибн Муъаздан өзге сахабаларына "мырза" деген сөзді қолданғанына байланысты риуаят жоқ. Ендеше,  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Саъд ибн Муъазға арнап айтқан, "мырзаларыңа" деген сөзінің құрмет үшін екенін ескерер болсақ, "тұрыңдар" деп талап етуінің де "құрмет" мақсатында екенін аңғару қиын емес.

 

2.    әл-Бұхари және Муслимде риуаят етілгендей Каъб ибн Мәлік атты сахабаға өзінің жасаған ағаттығының жазасы ретінде мұсылмандармен араласуға тыйым салынған еді. Қатты өкініп, күндіз-түні тәуба тілеген бұл сахабаға елу шақты күннен кейін тәубасының қабыл болғандығын білдіріп арнайы аят түседі. Мұны естіп алып-ұшып мешітке келген Кәъб ибн Мәлікті көрген Талха атты сахаба дереу орнынан тұрады да жылдам барып оның қолын алып тәубасының қабыл болғаны үшін құттықтайды[8]. Ғұламалар құттықтау мақсатында кісіге тұрудың шариғатта рұқсат екендігіне осы оқиғаны дәлел ретінде келтіреді. Себебі, егер жалпылай тұру анық харам болғанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Талханың бұл ісіне қарсылық танытып, дереу ескерту жасар еді.

 

Сөз түйіні, Пайғамбарымыздың (с.а.у.): "Кішілерімізге мейірімділік танытып, үлкендеріміздің қадір-қасиетін білмеген адам бізден емес" деп үлкендерімізді құрметтеуге шақырғанындай, сырттан келген кісіге, әсіресе, жасы үлкен яки сыйлы немесе білім иесі, тақуа жандарға тұру арқылы құрмет көрсету - мұстахаб амалға, яғни, жақсы, хош іс-әрекетке жатады. Бірақ кірген адам отырған кісілердің өзіне бұлай тұрып құрмет көрсетуін күтпеуі тиіс. Тіпті, "әуре болмаңдар!" дегендей сөздермен орындарынан тұрмауларын өтінгені де жөн. Әлсіз хадисте, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне құрмет ниетімен тұрмақшы болған сахабаларына: "Өзге ел адамдарының  бір-бірін ұлықтап орындарынан тұрғандарындай орындарыңнан тұрмаңдар"[9] деп орындарынан тұрмауды бұйырған.

 

Пайғамбарымыз өзіне тұрып құрмет көрсетуді ұнатпағандықтан сахабалар да орындарынан тұрмайтын еді[10]. Оның (с.а.у.) ұнатпауы аса кішіпейілділігінен туындаған.

Иә, кірген адам отырған адамдардың орындарынан тұрып, өзіне құрмет көрсетуін күтпеуі тиіс. Ал  орындарынан тұруларын талап ету немесе орнынан тұрған кісілердің бұл әрекетіне риза кейіп танытып қуану жоғарыдағы хадисте білдірілгендей, тәкаппарлық болғандықтан - харам. Ал егер кірген кісі жасы үлкен немесе сыйлы, яки білімді, тақуа жан болса, отырған адамдардың  құрмет ретінде түрегелуі - мұстахаб.

Қысқасы, әр кісі өзіне жарасар іс-әрекетті жасағаны жөн.

 

--------------------------------------------------------------------------------

[1] Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 5-том, 90-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.

[2] Әл-имам Мухиддин Әбу Зәкәрия Иахия ибн Шәраф ән-Науауий, Шарх Сахихи Муслим, 1,2-том, 275-бет. Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут, 2007 ж.

[3] Әбут-Таййб Мухаммед Шәмсул-Хаққил-Азим әл-Әәбаадий, Аъунул-Маъбууд Шәрху сунани Әби Дәуіт, 14-том, 99-бет. "Дәрул-фикр" баспасы, Бәйрут.

[4] Имам Әбу Хамид Мухаммед әл-Ғазали, Ихиаауд-дин, 2-том, 305-бет, 268-бет. "Дәрул-маърифа" баспасы, Бәйрут.

[5] Әбу Дәуід, 5217-ші номерлі хадис, 4-том, 355-бет. «Дәрул-фикр» баспасы. Қосымша қараңыз: Әл-мустадрак ъалас-сахихаин лил-Хаким, әс-Сунанул-Кубра лил-Бәйһақи. Хадистің дәрежесі хадис ғалымдары бойынша «сахих».

[6] Сахихул-Бұхари, 3-том, 1107-бет. «Дару ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж.

[7] Мағазил-Уақиди, 1-том, 512-бет. Қосымша қараңыз: Субулул-һуда уәр-рашад, 5-том, 254-бет.

[8] Сахихул-Бұхари, 4-том, 1607-бет. «Дару ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж.

[9] Сунану Әби Дәуід. 4-том, 358-бет. "Дәрул-фикр" баспасы.

[10] Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 5-том, 90-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.