Қол шапалақтау арқылы қошемет көрсетуге байланысты дінімізде тікелей ешбір тыйым жоқ. Қошемет үшін емес, тікелей ғибадат мақсатында қол шапалақтауға қатысты Құранда мынандай аят бар:
وَمَا كَانَ صَلَاتُهُمْ عِنْدَ الْبَيْتِ إِلَّا مُكَاءً وَتَصْدِيَةً فَذُوقُوا الْعَذَابَ بِمَا كُنْتُمْ تَكْفُرُونَ
"Олардың (мүшріктердің) қағбадағы мінәжат, құлшылықтары - тек ысқырық пен қол шапалақтау болатын. Ендеше, күпірліктерің үшін азапты татыңдар!"[1].
Исламға дейін құрайыштықтар қол шапалақтап әрі ысқырып жүріп қағбаны жалаңаш күйде тауап жасайтын. Яғни, ол кезде мүшріктерде қол шапалақтау мен ысқырық - құлшылық саналатын. Аятта исламға дейінгі мүшріктердің құлшылық түсінігі мен түрінің қандай төмен деңгейде болғаны айтылып отыр.
Ал сауалда сұралған кісінің сөзіне немесе іс-әрекетіне қошемет көрсету үшін қол шапалақтау - құлшылық мақсатында болмағандықтан бұл аяттың аясына кірмейді. Әсілі қошемет көрсету үшін қол шапалақтау - кейбір қоғамның үйреншікті әдетіне жатады. Сондықтан шариғат бойынша мұндай мақсатта қол шапалақтап қошемет көрсетуге тыйым жоқ. Бірақ мешіттің ішінде қол шапалақтау арқылы қошемет көрсетпеген жөн. Себебі, мешіт құлшылық орны болғандықтан оның өзіне тән қадірі мен қасиетін сақтау қажет. Сондай-ақ, мүшріктердің шапалақ ұру арқылы жасайтын ғибадаттарына да ұқсап кетпеуі тиіс. Мешітте қошеметті тәкбір айту арқылы немесе мешіттің қадірі мен қасиетіне лайық басқадай сөздермен де білдіруге болады. Мысалға, Пайғамбарымыз (с.а.у.) жыр айтқан сахабасына риза болып: "Жарайсың, уа, Әбә Ләйла! Жаратқан Ием тіліңді тиегінен айырмасын!" деген екен.
Қол шапалақтау арқылы қошемет көрсетуге байланысты сұраққа Мысыр елінің бұрыңғы мүфтиі Атия Сақр "мұның еш шариғатқа қайшылығы жоқ" деп жауап берген[2].
--------------------------------------------------------------------------------
[1]«Әнфал» сүресі 35 аят.
[2] Фатаауал-Әзһар.