Мəһір мен қалың мал жайлы не білеміз?

Мəһір мен қалың мал жайлы не білеміз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мəһір – некелесу барысында немесе кейін өтеу шартымен келісілген қалыңдыққа берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Көне замандардан бері отбасында еркек пен əйел өз араларында еңбек бөлісін жасаған. Осыған орай еркек күн көрістің қамымен сыртта жұмыс істеп дүние тапса, əйел көбіне үй шаруаларымен айналысқан. Осындай табиғи бөлістің нəтижесінде отбасын асырау отағасының мойнына жүктелген. Мəһір, нəпақа, үйге қажетті заттарды алу ер кісінің міндеті.

Үйленудің нəтижесінде пайда болатын алғашқы ақылардың бірі саналатын мəһір Құран мен хадистердегі дəлелдерге сүйенеді. Алла тағала: وَآتُوا النَِّساءَ صَدُقَاتِهِنَّ نِحْلَةً فَإِنْ طِبْنَ لَكُمْ عَنْ شَيْءٍ مِّنْهُ نَفْسًا فَكُلُوهُ هَنِیئًا مَّرِیئًا

«Үйленетін əйелдеріңе мəһірлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мəһірдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һəм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер», – деген.

Басқа бір аятта:

وَإِنْ أَرَدتُّمُ اسْتِبْدَالَ زَوْجٍ مَّكَانَ زَوْجٍ وَ آتَیْتُمْ إِحْدَاهُنَّ قِنطَارًا فَلاَ تَأْخُذُوا مِنْهُ شَیْئًا «Егер бір əйелмен ажырасып, орнына басқа əйел алуды қаласаңдар, ажырасқан əйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мəһір берген болсаңдар да, одан еш нəрсе алмаңдар», – деп мəлімдеген. Мəһірдің үйлену салтының салтанатты бір бөлшегі екендігі ذ أَن تَبْتَغُوا بِأَمْوَالِكُم مُّحْصِنِینَ غَیْرَ مُسَافِحِینَ فَمَا اسْتَمْتَعْتُم بِهِ مِنْهُنَّ فَآتُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ

وَأُحِلَّ لَكُم مَّا وَرَاءَ لِكُمْ

فَرِیضَةً وَ لاَ جُنَاحَ عَلَیْكُمْ فِیمَا تَرَاضَیْتُم بِهِ مِن بَعْدِ الْفَرِیضَةِ

«(Сендер үшін) махрам болған əйелдердің тысындағы əйелдерге мал-мүліктеріңнен мəһір беріп, зинаға бармай ар тазалығын сақтап үйлену адал етілді. Үйленіп қызығын көрген əйелдеріңе міндетті мəһірлеріңді беріңдер. Мəһірдің мөлшерін белгілеген соң, өзара келісіп, оның мөлшерін азайтып немесе көбейте түсу сендер үшін күнə емес» (Ниса, 24-аят), – деген аятта да айтылған. Абдуллаһ ибн Аббастың айтуы бойынша, хазірет Али Пайғамбарымыздың қызы Фатимаға (р.а.) үйленген кезде өзінің құнды қалқанын мəһір ретінде берген. Мəһір некенің шарты емес. Ол неке қиылғаннан кейін қалыңдыққа тиесілі ақы. Неке барысында мəһір аталмаса немесе белгіленбесе де, неке қиылған болып саналады. Мəһір некенің барысында айтылған-айтылмағанына қарай екіге бөлінеді: аталған мəһір жəне тектес (мисли) мəһір. Аталған мəһір дегеніміз – неке барысында немесе одан кейін ерлі-зайыптылардың өзара келіскен мəһірі. Бұл жерде мəһір ретінде не берілетіні нақты айтылғандықтан, оны аталған мəһір деген.

Аталған мəһірде белгіленген нəрсені некеден кейін ер жігіт қалыңдығына беруі тиіс. Ал егер ерлі-зайыптылар өзара ешқандай мəһірге келіспеген болса, онда қалыңдыққа тектес мəһір беріледі. Бұл кезде көпшілікке беріліп жатқан мəһір көлемі қалыңдыққа берілуге лайықты деп табылады. Яғни, жігіт əйеліне сол тектес қыздарға қандай мəһір беріліп жатқан болса, сол мөлшерді негіз етіп алып, мəһірін беруі керек.

Мəһір берілу уақытына қарай да екіге бөлінеді: уақытында төленетін мəһір мен кешіктірілген мəһір. Уақытында төленетін мəһір дегеніміз мəһір белгіленген кезде берілетін уақыты да қоса айтылған болса, күйеуі əйеліне сол уақыт ішінде мəһірін беруі керек. Ал кешіктірілген мəһір дегеніміз – берілуі үшін ешқандай уақыт айтылмаған мəһір. Бұл жағдайда күйеуі əйеліне əйтеуір шамасы келгенде берсе жеткілікті. Ал егер мəһірді берместен көз жұмса, мəһірді белгілеген кезде айтылған мөлшер оның артында қалған малынан алынып, əйеліне төленеді.

 Мəһірге жарайтын нəрселер

Исламда сатылу мен қолданылуына тыйым салынбаған кез-келген нəрсені мəһір ретінде беруге болады. Жылжымалы-жылжымайтын мүлік, əшекей заттар мəһірге саналады. Тек Ислам бойынша тыйым салынған арақ-шарап, арам мал, ұрланған зат сияқты нəрселер мəһірге жатпайды. Жігіттің қызға Құранды, хадисті немесе дінді үйретуі мəһір ретінде саналар-саналмасы жайында ғұламалар арасында əр түрлі көзқарас болған. Дей тұрғанмен, жоғарыда Пайғамбарымыздың (с.а.с) Сахи ибн Сахлдты (р.а.) əйелімен Құран үйрету мəһірімен үйлендіргені айтылды.

 Мəһірдің мөлшері

Мəһірдің ең көп мөлшеріне ешқандай шек қойылмаған. Құранда وَآتَیْتُمْ إِحْدَاهُنَّ قِنطَارًا فَلاَ تَأْخُذُوا مِنْهُ شَیْئًا

«Ажырасқан əйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мəһір берген болсаңдар да, одан еш нəрсеалмаңдар» делінген. Яғни, əйелдерге қандай мөлшерде болса да мəһір беруге рұқсат. Əбу Ханифаның көзқарасы бойынша мəһірдің ең аз көлемі он дирхам (Пайғамбарымыздың кезінде бес дирхам құрбан шалуға татитын бір қойдың құнына тең болған. Авт.) Күміс немесе сол құндағы қаражат, яки мүлік. Қазіргі таңда оның мөлшері 32 грам күміс.

Мəһір мен қалың малдың айырмашылығы

Мəһір – тұрмысқа шыққан қыздың ақысы. Əкесі немесе атасы қыздың атынан мəһірді қабылдай алады, бірақ оны өздері иелене алмайды. Мəһірді иелену тек қыздың өзіне ғана тиесілі. Ал егер қыз өз ризашылығымен берсе, ата-анасының оны алуына рұқсат. Қалың мал болса қыздың ата-анасына берілетін сый. Қалың мал ретіндегі ақшаға ата-анасы қыздың жасауын, яки қажетті заттарын алуға қолданса, оны мəһір деп қарауға болады. Алайда қалың малды қыздың əкесі алып, өз жеке қажеттіліктері үшін қолданса, мəһірге саналмайды. Əбу Ханифаның əрі өзге де ғалымдардың пікірінше, қыздың əкесі күйеу жігіттен мəһірдің тысында ақша талап етуге қақысы жоқ. Бірақ күйеу жігіттің өз көңіл қалауымен қыздың ата-анасына сый-сыяпат беруіне тыйым салынбаған.

Қыздың жасауы мен мəһір арасындағы айырмашылық

Халқымыздың ежелден келе жатқан салттарының бірі – ұзатылған қызға жасау беру. Ислам құқығында қыздың жасауы өз алдына жеке тақырып ретінде қарастырылған. Себебі, қыз жасауы материалдық құқық болып табылады. Тұрмыс құрған қыздың артынан жасау апару керек пе?

Қыздың жасауын кім əзірлеуі тиіс? Қыздың əке-шешесі ме, əлде күйеуі ме? Қызға берілген мəһірге жасау дайындалуы керек пе? Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда қыздың артынан келген жасаудағы мүліктер кімнің иелігіне өтеді? Міне, осы секілді тақырыптар Ислам құқығында қарастырылып, жауаптары нақты айтылған.

Ханафи мəзһабында əйел өзіне берілген мəһірмен немесе өзіне тиесілі дүние-мүлкімен жасау дайындауға міндетті емес. Əкесінің де өз мүлкінен қызына жасау беруі парыз етілмеген. Қалыңдық күйеуінің үйіне жасаусыз да, күйеу жігіттің берген мəһір мөлшеріне сай келмейтіндей жасаумен да бара алады. Өйткені тұрмысқа шыққаннан кейін оны тұрмысқа қажетті нəрселермен қамтамасыз ету күйеуінің міндеті. Үй мен үй жабдықтары да осы міндеттің қатарына кіреді. Бірақ, күйеу жігіт жасау үшін деп қалың мал берсе, қыз жақтың соған сай жасау дайындауы қажет. Сонымен қатар мəһірдің қалың малдан бөлек екенін ескерген жөн. Жасауды қыздың ата-анасы өз қаржысынан, жігіттің мəһір ретінде берген қаражатынан немесе дайындалуы керектігі айтылмай берілген қалың малдан дайындаса, бұл дүние-мүлік қыздың меншігі саналады. Күйеуі оны тек қана əйелінің рұқсатымен ғана қолдана алады.

Мұндай əйел күйеуінен ажырасса немесе күйеуі қайтыс болса, өз дүние мүлкін түгелдей қайта алуына құқылы. Ал егер, қыздың артынан келген дүние-мүлік жігіттің жасау үшін арнайы берген қаражатымен дайындалса, онда бұл дүние-мүлік жігіттің меншігі саналып, ерлі-зайыптылар ажырасатындай жағдайда, толықтай жігіттің өзінде қалады. Əрине, қыздың ең қымбат жасауы мен əшекейі оған берілген ілім, əдептілік, тəлім-тəрбие, көркем мінез екенін де ұмытпаған жөн. Бойжеткеннің жарының үйіне апаратын ең қымбат нəрсесі – ары мен абыройы, əдебі мен көркем мінез-құлқы. Тұрмыстық заттардың кемшілігінің орнына толтыруға болар, алайда əдеп пен тəрбиенің орнын толтыру бек қиын.

Шəмшат ƏДІЛБАЕВА,

PhD докторы, дінтанушы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: