Талақтың да әдебі бар!

Талақтың да әдебі бар!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Ислам дінінде отбасы мәселесінде «өмірлік» ұстанымын негізге алған. Сондықтан дінде уақытша яки «мута» некелеріне ешқандай рұқсат бермеген. Бірақ ерлі-зайыптылардың бәрі әрқашан бір-бірін түсініп бақытты өмір сүре бермейді. 

Бес саусақ бірдей емес. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұра алмайды. Міне, дін осындай келеңсіз мәселелерді алдымен бейбіт жолмен шешуді, ерлі-зайыптылардың сабырлық танытып қажет болса өз жақындарынан төреші тағайындап мәселені шешіп ерлі-зайыптыларды қайта жарастыру тәсілдердерін қарастырған. Әйтсе де кейде ерлі-зайыптылар бір-бірлерін мүлде түсіне алмай бірге өмір сүре алудан қалуы мүмкін. Міне осындай шақта ғана Ислам діні оларға ажырасу мүмкіндігін берген. Жалпы ханафи мәзһабында талақ мәселесі мүбаһ әрекетке жатады. Өйткені төмендегі аяттардың жалпы мағынасы осыған саяды. «Әйелдеріңді некелескеннен кейін олармен жыныстық қатынас жасамай тұрып яки олармен мәһір жайында келіспей тұрып талақ ететін болсаңдар мұнда тұрған ешқандай ағаттық жоқ».

«Ей, Пайғамбар! Әйелдерді талақ еткілерің келсе оларды «ғиддаттары» ішінде талақ етіңдер». Бұдан бөлек Пайғамбарымыздың (аләйһис-саләту уәс-сәләм) да Хафса деген әйелін талақ еткені сондай-ақ көптеген сахабалардың да әйелдерін талақ еткені бар. Егер талақ ету харам болғанда Пайғамбар да сахабалар да талақ етпейтін еді. Бірақ бұның бәрі кез келген уақытта ер кісі әйелін яки ерлі-зайыптылар бір-бірін қалаған уақытта талақ ете береді деген сөз емес. Тіпті аталмыш бірінші аятта талақ етудің ерлі-зайыптылар бір-бірімен жақындаспай тұрғанда мүбаһтығын ал екінші аят талақтың уақытын айтып тұр. Яғни талақ мүбаһ болғанмен адал ас ішу секілді мүбаһ емес. Атам қазақтың «үйлену оңай үй болу қиын» дегенінде осы мән жатыр. 

Сондай-ақ Пайғамбар да сахабалар да талақ еткен болса зәру жағдайларға байланысты талақ еткен. Тектен-текке ажырасу отбасы мүшелерін өмір бақи айықпас дертке, орны толмас өкінішке алып баруы мүмкін. Сондықтан ибн Абидин көпшілік ғұламалардың пікірін негізге алып «Талақтың негізі – харам. Бірақ оны мүбаһ ететін жағдайлар мен шарттар туындайтын болса ғана адал бола алады. Сол себепті некелік нығметтен орынсыз бас тартудың ешбір негізі жоқ. Жайдан-жай ажырасу нағыз ақымақтық, Хақ Тағаланың берген ырыс-несібесін аяқ асты ету деген сөз. Сондай-ақ отбасы мен бала-шағасына азап шектіруден басқа еш нәрсе емес» дейді. Оның үстіне талақ Ислам дінінде Алла Тағала және Оның елшісінің ризалық шеңберіндегі іс-әрекет емес. Әсіресе әйел салихалы кісі болса оны талақ еткеннен не пайда?

Құранда «Егер әйелдерің түзеліп сендерге бағынатын болса онда оларға қарсы бір жол іздеуші болмаңдар» дейді. Яғни «жо-жоқ тақуа әйел болса да, тәубе етіп түзелсе де соңғы кезде менің жүрегім қаламай жүр. Бұрынғыдай сүйе алмаймын. Оған деген көңілімде ма- хаббатым сөніп қалды» деп шиттей бала-шағасымен бірге талақ етіп әйелді бақытсыздыққа итермелеуші болмаңдар. Хақ пайғамбар да бір хадисінде «Алланың ең көп ашуын шақырған адал іс – талақ» дейді. Яғни «Менің дінде талақ етуге құқым бар» деп орынсыз әйелін талақ еткен адам Хақ Тағаланың қаһарына ұшырайды. Қазіргі таңда да елімізде төрт мәзһабқа жатпайтын жат ағымдар бар. Олар қалаған кезде әйел алып, көңілі ұнатпаған кезде талақ етіп басқа әйелге үйленіп жатады. Бұлар «талақ – мүбаһ іс» деп дін- мен ойнап жатқандарын білмейді.

Бірде Пайғамбарымыз бір адам әйелін үш рет бірден талақ еткенін естіген кезде ашуланып: «Мен әлі араларыңда тұрсам да Алланың кітабымен ойнағандары ма?» деп қатты ашуланады. Сонда бір сахаба орнынан қарғып тұрып: «Пайғамбарым! Оны өлтірмейік пе?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм) басқа бір хадисінде де: «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз еріне өзін талақ етуді сұрайтын болса онда оған жаннаттың иісі харам болады»- деп қатаң ескерткен. Алайда Ислам дінінде ерлі-зайыптылар бірге өмір сүре алмайтындай шекке жететін болса мұндай кезде оларға ажырасуға рұқсат береді. Осындай кезде ері әйелін хайыздан тазарған соң онымен жыныстық қатынас жасамай бір рет талақ ететін болса бұл дінде «ең жақсы талақ ету түрі» болып саналады. Өйткені әйелін оның нифас яки хайыз кезінде яки хайыздан соң жыныстық қатынас жасап талақ ететін болса бұл талағы жарамды болса да бұл талақ «бидғат» талақ болып саналады. Бұндай талақ ханафилер бойынша тахримән мәкрүһ ал көпшіліктің көзқарасы бойынша харам болып табылады.

Мұның сыры әйелдің «ғиддат» мерзімінің ұзамауы. Өйткені хайыз кезінде талақ етілген әйелдің хайыз кезеңі «ғиддат» кезеңіне жатпайды. Оның үстіне хайыз кезеңі әйелдің еріне деген тартымдылығының аз кезеңі. Ал оның хайыздан таза күндері ерін өзіне тартып тұратын күндер. Егер ері осындай күндерде де әйеліне көңіл аудармайтын болса онда олардың арасында жарастықтың жоғала бастағаны деген сөз. 

Һәм Ислам дінінде сүннетке лайық талақ ету үш талақты бірден бір уақытта айтпай әйелдің үш бөлек таза күндерінде айтуы. Бұл туралы ғалымдар арасында бір ауыздылық бар. Оның үстіне Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм) бір адам әйелін бірден үш талақпен талақ еткенін естіген кезде қатты ашуланып орнынан тұрып кетіп: «Мен әлі араларыңда тұрып әлдекімдер Алланың кітабымен ойнағаны ма?», – деген. Ендеше Ислам дінінде ерлі-зайыптыларға зәру жағдайларда ғана ажырасуға рұқсат берген. Онда да ері бірден үш рет талақ етпей бір рет қана талақ етуі тиіс. Өйткені ашуланып сүннетке ұймай бірден үш талақ ететін болса, артынан ашуы басылған соң қатты өкініп, саусақтарын шайнап қалуы мүмкін. 

Үш рет талақ еткен адам қайта сол әйеліне үйлене алмайды. Ол үшін әйелі өзге біреуге тұрмысқа шығып онымен бірге болып одан кейін ажырасып, одан соң ғиддат күтіп содан соң ғана қосылу мүмкіндігі турады. Ал ері бір ғана талақпен талақ ететін болса өзіне келіп ес жиып, бала-шағасының ертеңгі күнін ойлағанда қалған екі талақ ету мүмкіндігі болғандықтан «ғиддат» күту мерзімінде отырған әйеліне қайта қосыла алады. 

Егер ері әйелін «рижиғ» яғни бір талақпен талақ ететін болса, одан кейін әйелі «ғиддат» мерзімін күтеді. Осы «ғиддат» мерзімі бітпей жатып ері қайта ойланып әйеліне қайта қосылғысы келсе онымен ешқандай қайтадан неке қимай қосыла алады. Өйткені ханафилер бойынша «ғиддат» мерзімі кезінде некелік үкімдер бұзылмай жалғаса береді. Тіпті бұл кезде әйелдің ризалығы да қажет емес. Бірақ ханафилер бойынша ерінің әйеліне оралғанын білдіруі мұстахап амалға жатады. Ерінің оралғанын қатысты ешқандай өзге куәларда қажет емес.
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: