2010 жылы Тұрар Рысқұловтың публицистикасы жөнінде дипломдық жұмыс жазатын болып, қоғам қайраткері туралы өшпес мұра қалдырған, оның көркем әдебиеттегі ғажап бейнесін жасаған Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны Таразға іздеп бардым. Тұрар мұраларын зерттеу барысында ол туралы бес том кітап жазған жазушы Шерхан Мұртазаның алдынан бір өтпеуге болмайтын еді. Оған дейін жазушының балалық шағы туралы жазылған «Ай мен Айшасын» оқып алғандықтан Шерағаңды Жуалыға барсам болды, тауып алатындай көріндім. Жанымда Шыңғыс Айтматов мұраларын зерттеп жүрген группаласым Гүлнәр бар.
Жолай Терісті көрдік! Аты аңызға айналған, еңіске емес, тауға қарай ағатын Теріс өзенін бір көру де арман еді ғой. Терістің жағасында тұрып, Шерхан Мұртазаның айтқаны деп бір сөз естіген едім: «Біздің Теріс еңіс қуаламайды – төске өрлеп, басқа шауып ағады. Соны көрсем ойыма Тұрар Рысқұлов пен Баукең оралады да тұрады». Не еткен шебер теңеу! Ал мен олардың қатарына Ш.Мұртазаның өзін де қосып атар едім. Қазақ журналистикасына, қазақ прозасына, жалпы қазаққа Шерағаңдай еңбек сіңірген жазушы кемде-кем. Ол «Жұлдызға» редактор болып барса, журналдың таралымы көбейіп кететін. Ол телеарнаға директор боп барса, бағдарламалардың рейтингі көтерілетін. Ол барған газет ең оқылымды басылымға айналатын. Ол тәрбиелеген журналист, жазушылар «Шерханның шекпенінен шықтық» деп ұстаздарын мақтан тұтатын. Ал кезінде Парламентте орыс тілінің дәрежесін қазақ тілімен тең етеміз дегеен мәселе көтерілгенде: «Айыр тіл жыланда ғана болады» деп, мемлекеттік тілдің қазақ тілі болып бекітілуіне де үлес қосқан осы депутат Шерағаң еді. Еңіс қуалап емес, төске өрлейтін есіл ер деп осыдан кейін қалай айтпассың?!
Жазушының кел деген уақыты таяғанда Талаптыға тарттық. Қолымызда үйдің мекен-жайы да жоқ. Ауылдың шетіне іліне сала, алдымыздан кездескен адамнан жөн сұрадық. Бірден жол көрсетті. Жазушысын халқы жақсы білетінкөрінеді, қадірлейтін көрінеді. Келген қонақты жасы үлкендеу апай қарсы алды. Жөнімізді айтып едік «Ойбу, қарақтарым! Аталарың Таразда ғой» дегені. Өзегімізді өкініш өртеп ала жөнелді. Сөйтіп тұрғанымызда үйден Шерхан ағамыздың өзі шыға келді! Аңырап қарап қалыппыз. Қателескен екенбіз! Бұл жазушының баяғы «Ай мен Айшасында» жазатын Батырхан атты інісі екен. Ағасынан ауса қанекей! Амандасып, жөнімізді айттық. Шерхан ағамыздың Тараздағы мекен-жайын сұрадық. Батырхан аға күліп: «Хабарласып алып барыңдар. Оның мінезі шатақ, қабылдамай қоюы мүмкін» деп, бізді үйге дәм татуға шақырды. Асығыс екенімізді айтқанмен, апай екеуі дәм татпасақ жібермейтіндерін айтты. Қайран қазақтың қонақжай асыл қасиеті!
Жуалыдан Таразға тарттық. Жолдан шатасып жүргеніміз – менің кінәм. Кітаптардан жазушының Талапты деген жерде тұрып жатқанын оқып алып, өзінен де сұрамастан Гүлнәрды бастап барғанмын ғой. Ол «Адам деген барар жерінің мекен-жайын күні бұрын сұрап алушы еді» деп ренжіп жүр. Ал мен іштей мәзбін. Атақты Терісті көрдім. Жазушының туған жерін, інісін көрдім. Қандай жақсы!
Шерхан аға Тараздағы көпқабатты үйлердің бірінен қоныс теуіпті. Біз барғанымызда есік алдындағы орындықта көршінің кішкентай балаларымен әңгімелесіп отыр екен. Шерағаңның сұсты түрін көріп жақындауға жүрексініп барып, амандастық. Жөнімізді білген аға үйге бастады. Жо-жоқ, біз сескенетіндей дәнеңе де жоқ екен, бір кездегі айбарлы, қатулы ағамыз, маңайына мейірім шашар қазыналы қартқа айналыпты. Ә дегеннен сұрағым «Қаладан неге кеттіңіз?» болды. «Есің барда еліңді тап» деген, қарағым. Бір кездері жұмыс та істедік, депутат та болдық. Сосын уақыттарың бітті деп босатып жіберді. Қыста осындамын. Күн жылына сала өздерің көріп қайтқан Талаптыға барамын. Бие байлатып, қымыз ішіп сонда жатамын», – деді.
Әңгіме төркіні Тұрарға ауысты. «Біз Тұрарлардан айырылып, басссыз қалған халықпыз. Тұрар есімі бала кезден жүректе жатталып өстік қой. Кейіннен оқу бітіріп келгеннен кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істедім. Сонда секретариатта фотомен айналысатын адамдар болатын. Ескі суреттерді қырнап, тазалап газетке береді. Сонда бір кәріс жігіті істейтін. Бір күні сол бір фотоны ұзақ шұқылады. М.Жарасов деген кісі «Тұрар Рысқұлов» деген үлкен мақала жазды да, соған жаңағы суретті қосып беру үшін жасап отыр екен. Ертеңіне газет шықты. Оқыдым, таныдым. Қайтадан секретариатқа жүгіріп келіп, Тұрардың фотосын сұрап алып сақтап қойдым. Тұрардай қоғам қайраткерін зерттеуім осылай басталды. Бірақ ол туралы бес кітап жазсам да, Тұрар бейнесін өз тұғырына көтере алдым деп айта алмаймын», – деді жазушы аға. Тұрарын халқымен қайта қауыштырып, отыз жыл ғұмырын сарп еткен жазушы бес кітап жаза тұра «Тұрар бейнесін көрсете алмадым» десек, біз шағын дипломдық жұмысымызбен не тындырар екенбіз деген ойға қалдым іштей.
Үйге кірдік. Ақбілек апай дастархан жайып қойған екен, дәмнен ауыз тидік. Ас үстінде Шерағаңа мұңая отырып Тұрарды қаралаушылардың көбейіп кеткенін жеткіздім. Жазушы ағаның қабағы түйіліп кетті «Ондайларды Құдай табар. Не үшін? Қандай өші кетті, не ақысы бар Тұрарда? Қырылған халыққа жаны ашығаны үшін бе, әлде соларға қанатымен су сепкен қарлығаштай, бірсыпырасын құтқарып қалғаны үшін айыпты ма? Не үшін жек көреді? Не үшін жамандайды? Дәлелдесін. Қолдарында нақты құжаттары да жоқ олардың. Кезінде талай сондайларға осыны айтқанмын. Ондайда үндей алмай қалады. Ал қазір ондай күйе жағушылармен айтысып, отына күйіп, шоғына түсетін жастан кетіп қалдым ғой». Жүрегімнен ұлы өкініш орын алды. Шераға тұғырында тұрса Тұрардың атын кірлетпейтін еді ғой деп ойладым. Енді міне, ол кісі де сексеннен асқан. Біреулермен тартысып жүретін шамада емес.
Ағаның кабинетін көріп, кітаптарын тамашалап жүріп, көзім Құран кітабына түсті. Ойыма жазушының «Бір кем дүниесінде» жазған: «Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың. Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап. Ең бірінші – Құран! Екінші – хадистер! Ұлы классиктер.
Қазақтың ұлы ақын-жазушылары. Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына. Кітап - өмірсерік. Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді. Бір кем дүние», – деген жолдары оралды.
Ақиқатты таныған жазушы. Саналы ғұмырында шындықтан аттамаған жазушы. Өмірбойы Кеңестік идеологиямен ғұмыр кешіп, Құдайын жоғалтпаған жазушы. Кейінгі ұрпаққа өмірі үлгі жазушы.
Бір кезде намаз уақыты кірді. Шерхан атамыз құлшылық жасауға кетті. Соңынан біз де ұяла-ұяла намаз оқып алуға рұқсат сұрадық. Ақсақал кабинетіне қайта кіргізіп, алдымызға қызыл өрнектермен көмкерілген жасыл жайнамазды жайып, «намаздарын оқып алсын» деген ниетпен, шығып кетті. Құдайға құлшылығымызды жасап болып, жайнамазға қайта-қайта үңіле бердім.
Шерағаң өзінің бір естелігінде былай деп жазады: «Әкеміз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемі гүлдері жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар еді. Алдымен мешіт бұзылды. Оның үйінді болып қалған кірпіштерінің үстінде байғыз дейтін құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды. Көп ұзамай Мұртаза рахметілік «халық жауы» ретінде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сірә, желтоқсан айы еді. НКВД үйге тінту жасады. Мен ол кезде бес жасар баламын. Бәрі есімде. Тінткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бір милиционер төрде ілулі тұрған жайнамазды жазып көрді де: «Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр еді», - деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды...
Арада алпыс жыл өткенде жолым түсіп, Кереку қаласына барып, мешітіне кіріп, дұға оқығанда, Тәңірі жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешіттің суреті салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келіп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештім. Бір кем дүние».
Мынау сол жайнамаз ба екен?! Жазушының өзінен сұрауға батпадым. Алайда күні бүгінге дейін Шерағаңның маңдайы сәждеге тиген жайнамазда намаз оқып оқығаным еске түссе, жүрегіме жылы нұр құйылады...
Бұл әлде, кезіндегі Мұртаза секілді ақиқаттан аттамаған ата-бабаларымыздан Шерағаңа өтіп, кейін біздерге жеткен иман атты тылсым дүниенің тәтті дәмі ме екен... Білмеймін...
Марфуға ШАПИЯН