Орамал – ардың ісі.

Орамал – ардың ісі.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біраз уақыттан бері қоғамдағы даулы әрі түйіні тарқатылмай тұрған тақырыптың бірі – басқа орамал тарту екені баршамызға белгілі. Әркім әртүрлі пікір білдіріп жатады. Әр пікірдің өзіндік қисыны бар сияқты... Біреу «хиджаб» деген қағидаға шегедей қадалып, бетін, аузын тұмшалап, қара түсте киінуді міндет санап жатады. Бірі, жоқ орамал тек белгілі бір рәсімде ғана киілу керек, басын ашып қалған жерін жауып жүрсе не жамандық бар деп келте қайырады. Осы екі жағада тұрған шолақ пікірдің ортасында ақиқаттың өліп бара жатқандығын байқамау мүмкін емес.

Біріншіден, «Хиджаб» деген сөз термин тұрғысында Құранда қолданылған сөз емес. Құранда оны «жилбаб» немес «хумур» деген сөзбен білдіреді. Мағынасы: Әйелдің абыройын жауып, ұятты жерлерін бүркеп, қорғап тұрушы деген ұғымды білдіреді. Ал әйелдің ұятын абыройын Алла аса қымбат өлшеммен өлшейді. Оның бет-жүзі, қолы, білезігі және аяғы табанынан басқа жердің бәрі жасыруға тұратын асыл маржан тәріздес, қорғануға тиісті құндылық деп бағаланады. Құран ұсынылған осы өлшем барлық елде бірдей болуы міндет емес. Әр халық оны әртүрлі атаумен әртүрлі тәсілмен орындап жатады. Ең бастысы шариғат жабуға бұйырған абырой жасырылса болды емес пе? Неге басқа ұлттың киген түсін не тәсілін жапа-тармағай шариғат деп көшіріле берілуі керек. Осының кесірінен қара жамылғандарды көріп, «хиджаб» деген атаудан үркетіндер шықты. Біздің дәстүр жойылып, арабқа ұқсап бара жатырмыз деп, қоғамдық ортада әжептеуір дау дамай да туындады.

Қарапайым қазақтың жаулығы не, араб тіліндегі хиджаб не атауы басқа болғанмен атқарар қызметі бір құндылықтар. Араб тіліндегі хиджаб деген сөздің қазақ тілінде керісінше баламасы өте көп. Осыған қарап дәстүрлік құндылықта Алланың бұйрығы орындауда ешкімнен кенжелеп қалмағанымызды көруге болады. Қыз баласына қызыл орамал, ұзатылғанында сәукеле, келін болғанында кестелі кимешек кигізген ата-бабамыз әйел баласының басын жалаңбас қоймағандығын байқаймыз. Тіпті қызға «кыз баласының төбесі тесік болады, сол үшінде жалаңбас жүр ме» деген қисымсыз тиым да салған халықпыз. Деннің саулығынан кейін, әйелдің жаулығын қымбат байлығына бағалаған ел шариғаттың шәлісінің құнын ұғынбады деп деу жөнсіз баға.

Қазіргі басқа орайтын хиджабтан өткен ғасырда өмір сүрген аналарымыздың басына кигізе салар кимешегінің шариғат тұрғысында құны жоғары ма дейсің? Өйткені хиджаб тек басты жапса, ал кимешек кіндік тұсына дейін жабатын әйелдің мүсінін білдірмейтін негізі шариғи киім. Тақуалық тұрғысынан кимешек Құран ұсынған өлшемге әлдеқайда жақын. Бірақ бүгінгі әңгіме өткенді қазбалау емес. Әйел басындағы орамалдың жөнсіз дау дамайға түсуінде болып тұр.

«Орамал тек қана киім емес, ол ардың ісі. Сол үшін де оған жеңіл ой айта беруге болмайды. Орамал шешсе не болады екен, ол әуретін  ашып, абыройын төгіп жүрген жоқ қой. Шаш әйелдің сәні, сұлулығы ғой оны көрсеткенде не бар? Біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз, оның заңын сыйлау керек, яғни мектепте, жоғарғы оқу орындарында орамал тақпай кіру керек. Зайырлы жұмыс орындарында әйел заты шашын жайып келуі керек т.б осы сияқты пікірлер де күннен күнге үдеп бара жатыр. Ал шындығына келсек, зайырлы заңдылықтар шариғат заңдарынының көздеген мақсаттарынан алшақ кетпейді. Бір ғана кемшілігі тек дүниелік істерді ғана реттейді. Адам құқығы, сенімі, ар-ожданы шариғат заңында да зайырлы заңдылықтарда да басты мәселе болып табылады. Сол үшін де әйел басындағы орамалмен алысу ол зайырлы құндылықтарға қарама қайшы келеді. Орамал дауын түйіндеп шешу үшін оны жай киім ретінде не сән ретінде емес, оны ардың ісі деп түсінсек, бұл дау дамай баяғыда басылған болар еді. Басына жаулық салған әйел мейлі қандай тәсілмен болсың (яғни әркім жағдайына қарай жасар) бұзақы ағымдардың өкіліне телінбеген болар еді...

Алла өз заңдылығында арды бәрінен жоғары қояды. Алланың бізге сызған шектеу шекарасында зинадан (ойнастық) артық жамандық жоқ. Алланың хад жазаларында, (яғни зайырлы түсініктегі қылмыстық кодексі) адам өлтірудің жазасы мен зина жасаудың жазасы бар. Бір ғажабы, зина жасағаннан адам өлтірудің жазасы жеңіл келеді. Адам өлтірген кісі ақы егесіне беріледі. Ол кешірсе, жаза жеңілдетіледі, не кешіріледі. Ал зинада Алла өз ісіне ешкімді араластырмайды. Бірін-бірі кешірсе де разы болса да Алла хад жазасын беруді талап етеді. Ашуланғаны сондай:  «Оларға жандарын ашымасын»- дейді. Адам өлімі болған сәтте, екі жақта сөзсіз біреуі риза болмайды. Біреу оның жанын қиып жатса, кімнің көңілі толсын. Ал зинада екі жақ разы болуы мүмкін ғой. Бірақ солай бола тұрса да, ар мәселесінде Алла өз құқығын жоғары қояды. Не себептен бұл жерде Аллаға келіп кетер не пайда бар? Ақиқатында Алла әлемде еш нәрсеге мұқтаж емес. Алла өз қалауында адамзаттың арының жоғарғы болғанын қалайды. Жүйесіз қарым қатынастан тексіздікпен азғындық тарағанын қаламайды. Мұның бәрі Алланың қажеті емес, адамзаттың пайдасы үшін жасалған заңдылық. Сол үшін Алла Құранда: «Зина жасамаңдар» демейді, оған жақыңдайтын жолға жоламаңдар деп түбегейлі бұл азғындықты кесіп тастайды. Тіпті сол азғындықтың алғашқы себебі болатын, ермен әйелдің бірі-біріне көзі түсуінің өзіне тоқтам қояды. Сол үшін де Алла әйел затына бүркемеленуді бұйырады. Ал «хиджаб» деген атау араб тілінде осы бүркемелінуді, жабынуды білдіреді. Бүркемелену ол тек қана ол шашты жауып, дене мүсінін көрсету емес. (яғни қазіргі кейбір хиджабты сәнге айналдырып, денесі жабулы бірақ мүсіні көрініп тұратын емес) Әурет болып есептелмейтін бет-жүзі қол аяқта басқа жерінен басқасы қап киіп алғандай жабулы болуы қажет. Бұл Алланың Құрандағы талабы. Қазақтың көне заманғы дәстүрлі киімдерін қарайтын болсақ осы Құран талабына сәйкес, жабулы болғандығын көріп, ататанымға таңданбасқа шарамыз жоқ. Өкінішке орай сол кісілердің ұрпағы қазірде орамалмен айқасып жүрміз.Яғни  тектілікті, нәсілді, арды мал жанынан артық көретін қазақ бүгінде армен ұяттың өзімен арпалысып жүрміз. Жеті ата сақтап, тегін түгендеп қанын сақтайтын қазақ тексіздікке бет ұрып бара жатқандай. Қызы түзден бала тауып, шежіре түгіл, тегін білмей дел сал болып отырмыз. Аталасқа қызын бермейтін қазақ орысқа да тіпті атасы пұтбарас қытайға үндіге ұзатып жатыр. Қалада базары қайнап жатқан ойнасханаларда бір жерінде қызы, бір жерінде ұлы жүр. Ол жерде кім текке қарап жатыр дейсің? Осының түпкі себебі неде? Әлбетте, ол Алланың шекарасын бұзғаннан болып тұр. Алланың шекарасына мықтап бекіген дәстүр сабақтастығының сыңғанынан болып тұр. Яғни бұл мәселердің барлығы әйел басындағы бір қарыс орамалдың шешілгендігінен үрдіс алды десе де болады

Асыл Пайғамбарымыз бір ұрыстан соң бірін-бірі іздеп әрең тапқан баламен анасын көріп: «Мына әйелге баласын қазір отқа лақтыр десе, отқа тастай ма? - деп сахабаларынан сұрады. Олар: «Жоқ, мүмкін емес, ол өзі түссе де отқа тастамайды» - деп кесімді жауап берді. Бұл сөзден түйіндеме жасауға болады. Жалпы әйел затын Алла мейірімді ғылып жаратқан. Ананың мейірімді жүрегінен әлем сақталып тұр. Малекеш малдың ұрғашысыда баласына мейірім көрсетеді, жанқиярлық жасайды. Алайда, бүгінгі қоғамда әйел затының туған баласын әжетханаға, қоқысқа, жолға тастап жатқанын көріп, шошынатын жағдайға жеттік. Сол ананың балаға деген мейірімі қайда қалды? Мейірім негізі жоғалған жоқ. Тек күнәлі іс жүректегі сол мейрімді басып кетті. Сол күнәлі іс әлемге мейірім сыйлайтын ананың жүрегін қатыгез етті. Ресми статистика бойынша Қазақстанда қазіргі таңда 100 мың тастанды бала, 600 балалар үйі бар екен. 2003 жылғы есеп бойынша 127200 аборт жасалғаны ресми тіркелген. Ал ресми тіркелмегені қанша екені тағы белгісіз. Осының бәрі Алланың шектеген ар баспалдағынан аттағаннан болып тұр. Әлбетте әркім өз пікірін білдіре жатар. Негізгі ақиқат бұлжымас Құранда тұр. Сондықтан сол Құранға иман келтірген мұсылман елі ретінде Елбасымыз айтқандай: Жат ағыммен күресемін деп, дініміздің құндылығымен ата-баба танымына қарсы күрес жүргізіп кетпейік деп сөзімді аяқтамақпын.

 Ар белгісі болған аналардың жаулығымен қыз баласының ұятының қабығы болған орамалмен алысып кетпейік. Керісінше, қоғамда актуалды болып тұрған арсыздық есіктерін жабайық демекпін...

Ғайырфулла ҚУАНЫШБЕҰЛЫ,

Жамбыл ауданының бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: