Көркем мінезді қалай қалыптастырсам болады?

Көркем мінезді қалай қалыптастырсам болады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал — Алладан қорқу мен көркем мінез». (Хадис)

Адамгершілікке сай өмір сүрудің жалғыз жолы – дін және көркем мінез.

Адамдағының бəрі көркем, əдемі болу керек. Не нəрседе де өзі мəдениетті, сөзі салмақты, ал іс-əрекеті көркем болуы қажет. Бұл ретте неге тырысу керек?

Адамнан – қауым, қауымнан – қоғам құралатыны белгілі. Ал қоғамның қатынастарын реттеп, жүйелеп отыруда көп адамда кездесе бермейтін көркем мінез үлкен рөл атқарады. Жалпы адамзат баласының басын біріктіретін ортақ құндылықтардың ең бірегейлерінің бірі – жақсы мінез-құлық. Көркем мінез-құлықты бір сөзбен түсіндіру, тіпті бір мақаланың аясына сыйдыру мүмкін емес.

Бір кісі пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Дін деген не?» – деп сұрағанда: «Ол – көркем мінез», – деп жауап қатқан. Әлгі адам айналшықтап кетпей, бір қойған сауалын неше рет қайталаса да, пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Көркем мінез», – деген жауапты алған.

Көркем мінезді біз қалай түсінеміз? Жалпы, көркем мінез деген не?

Алла тағала Құранда көркем мінезді пенделері туралы былай дейді: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында сарып қылғандар. Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла тағала жақсылық істеушілерді сүйеді. Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқануын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды. Олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды» (Әли-Имран, 134-135).

Ислам ғұламалары жақсы мінез-құлыққа мынадай сипаттама берген: Адамдармен жақсы мәміле жасау, кішілерге насихат айту, дүниелік нәрсе үшін ешкіммен жауласпау, өзінен бұрын өзгені ойлау, дін және дүниелік істерде адамдарға көмектесу, мейірімді, қарапайым болу, ешкімді ренжітпеу, т.б.

Осындай адам баласына тән құндылықтар бір бойынан табыла білген бірден-бір тұлға – ғаламға рақым нұрын шаша келген ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) болды.

Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендерден бәрінен артық кімді жақсы көретінімді және қиямет күні кім маған ең жақын тұратынын айтайын ба?», – деді сахабаларына. Ешкім үндемеді. Кейін (пайғамбар (с.ғ.с.) (өз сұрағын екі немесе үш рет қайталады. (Сонда адамдар): «Иә, Расулулла», – деді. Сонда ол (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсы мінез-құлықтыларың», – деді».

Ал Әбу Умәмә Әл-Бәһили (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен бір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Лайықты болса да дауласуды тастаған адам үшін Жәннат төңірегінен бір үй (берілуіне), сондай-ақ, қалжыңдаған күннің өзінде өтірік айтудан аулақ болған адам үшін Жәннаттың ортасынан бір үй (берілуіне), сонымен қатар мінезі көркем болған адам үшін Жәннаттың төрінен бір үй (берілуіне) кепіл боламын», – деген.

Адамзаттың асылы болған, айтқан сөзі амалымен ұштасқан пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қолыңнан келгенше адамдарға өз мінез-құлқыңның ең жақсы жақтарын көрсет», – деп өсиет еткен.

Айша анамыздан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінезі қандай еді деп сұрағанда: «Пайғамбарымыздың мінезі – тұнып тұрған Құран» деген болатын.

Біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамгершілік қасиеттеріне еліктеуіміз керек. Әр істе Алла елшісін (с.ғ.с.) үлгі тұтуымыз ләзім. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» («Ахзап» сүресі, 21-аят).

Данышпан Абай атамыз:

«…Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз», – деп жырлаған. Абай айтқандай, болмасақ та ұқсап бағу керек.

«Жақсы мінез – жан сұлулығы» деген бұрынғыдан қалған нақыл да мәлім. Қарапайымдылық, адамгершілік, адалдық, өзгелерге жақсылық жасау, әрқандай қиындыққа сабырлылық таныту сияқты жақсы қасиеттердің бәрін бір ауыз сөзбен көркем мінез дейміз.

Мысалы, бір адам отанына, қала берді бүтін адамзатқа пайдалы қызмет етті делік, алайда, жергілікті билікті мойындамаса, тәртіптеріне бағынбаса істеген әрекеттерінің пайдасы болмайды, тіпті жазалануы да мүмкін. Сол сияқты әлемнің Жаратушысын, Иесін танымаған адам отанына, халқына қанша қызмет жасаса да ақиретте пайда бермейді.

Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек.

Олай болса, Аллаға ұнамсыз, адамға зиянын келтірер теріс әрекеттерден қашып, тек жақсы амалдар жасауға асығайық. Ол үшін Жаратушымыз бізге жақсы мен жаманды айырар ақылды, сезінер жүректі, ең бастысы – дінімізді нәсіп еткен. Мейірімді, әділетті Алла түбінде көркем мінезді жанды сый-сыяпатсыз қалдырмасы анық...

Батырбек ҚАСЫМАЛИЕВ,

Меркі ауданының бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: