Міне, ол адам бірінші түні жанұясының қасында бақытқа кенеліп қаннен-қаперсіз өткізген болса, келесі түнді жалғыз өзі әлемдегі ең қараңғы жерде, жанұясынан, туысқандарынан өте алыста – қабірде өткізеді. Әрине, өлімнің барлығы рас және оны бүкіл адам баласы ерте ме кеш пе әйтеуір бір татары да анық. Осы тұрғысында Алла Тағала бізге Құран Кәрімнің Бақара сүресінде:
«Барлық нәрсе құрып бітуші (жоғалушы). Тек Алла Тағала ғана қалушы» дейді.
Қабірдегі бірінші түн. Иә ол түн жайында талай ғалымдар кітаптар жазды. Осы түнді есіне алып талай ғалымдар мен басшылар жылады.
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларға жәннат жайлы және тозақ жайлы айтып, соңыра қабір азабы жайлы айтып отырғанда Осман (р.а.) жылап жібереді. Сонда жанында отырған сахабалар: «Я, Осман! Пайғамбарымыз (с.а.у.) жәннат жайлы және тозақ жайлы айтқанында жыламадың. Неге қабір азабы жайында айтқанында жыладың?» - деп сұрады. Сонда Осман (р.а.): «Е, онда мен жалғыз боламын ғой» деген екен. Адам баласы осы дүниеде өлмейтін сияқты өмір сүреді. Бірақ өлім жетіп, Алланың алдына барғанда үлкен өкініште болатыны жайлы Мүминун сүресінің 99-100-ші аятында: "Ақыр олардың әрбіріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені дүниеге қайтар!» (99) Мүмкін мен қалдырған дүниеде жақсы амал істермін». Әсте олай емес. Бұл - оның бір айтқан бос сөзі. Өйткені, олардың артында қайта тірілетін күнге дейін бөгет бар (100)».
Қияметте Алланың алдында тұрып тәубе ету тым кеш. Кеше Алла Тағала сізге өмір берді. Бірақ сол өмірді, сол уақытты дұрыс пайдаға асырмадың. Ішкенің арақ болды, істегенің ұрлық, жегенің адамның қақысы, көрсеткенің зұлымдық болды. Енді өлім жетіп, Алланың алдында тұрсың. Енді Алладан тәубеңді қабыл алуын сұрайсың. Ана дүниеге қайта жіберуін өтінесің жалбарынасың. Бірақ тым кеш. Аллаға құлшылық етер болсаң бұрын қайда болдың? Сол Аллаға деген ғибадаттарды тастағанда жеткен жетістігің қандай? Өлім жеткенде саған сол жетістіктерің қандай пайда берді? Қияметтің отынан құтқара алды ма? Әрине, жоқ. Егер жетістіктерің саған көмектесер болса, сен Алладан ана дүниеге қайта жіберші, кезінде Өзіңе істемеген құлшылықтарымды істейін деп жалынбас едің ғой. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабалармен бірге «Табук» соғысына қатысады.
Ибн Масғуд айтады: Түнде тұрып Пайғамбарымыз (с.а.у.) жатқан жерге қарап едім орнынан таппадым. Сосын Әбу Бәкір (р.а.) мен Омарды (р.а.) іздеп едім, олар да орындарында жоқ болып шықты. Әскер жатқан жердің шетінен бір жарық көрінді. Сол жарыққа жақындап барсам, қазылған қабірді көрдім. Қабірдің жанында кебінделген бір мәйіт жатыр екен. Мәйіттің қасында Әбу Бакір (р.а.) мен Омар (р.а.) тұр. Қабірдің ішінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Омар (р.а.) мен Әбу Бәкірге(р.а.) : «Достарыңды қабірге түсіріңдер» - деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мәйітті қабірге жатқызды. Оның екі көзі жасқа толы болды. Бетін құбылаға қаратып, екі қолын көтеріп, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Я, Раббым! Мен оған разымын, сен де разы бол» - дейді. Ибн Масғуд: «Бұл қайтыс болған кім?» деп сұрайды. Бұл "Абдулла Зулбажадайн" деп жауап береді. Иә, расында барлығымыз қияметте бізге Пайғамбарымыз (с.а.у.) разы болса екен деп үміттенеміз. Өйткені, қияметте Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізге шапағатшы болады ғой.
Умуия мемлекетінің сұлтаны Омар бин Абдулазиз сұлтан болып тағайындалмай тұрғанда күніне киімін бірнеше мәрте ауыстыратын еді. Айналасында қызметшілері болды, нені қаласа соны жасайтын. Бірақ, мұсылмандарға басшы болып сайланған күннен бастап осылардың бәрінен алыстады. Өйткені, ол енді басшы болды. Қиямет күні өзі үшін сұрақтың көп болатынын білді. Қабірдегі бірінші түнді есіне түсірді. Жұма күні мінберге шығып, көзіне жас алып былай деді: «Басшылықтарыңды қайтып алыңдар» - деді. Жиылған жұрт: «Жоқ, біз тек сенің басшы болғаныңды қалаймыз», - деді. Омар сол басшы болған күннен бастап үстіне тек бір-ақ киім киетін болды. Онда сол бір көйлегінен басқа көйлек болмады. Әруақыт жүзі шаршаңқы болды. Осыны байқаған адамдар Омардың әйелінен: «Оған не болды?» - деп сұрайды. Сонда әйелі былай дейді: «Ол түнімен ұйықтай алмай шығады. Төсегіне жатса болды аунақши береді де былай дейді: «Ух, Мұхаммедтің үмбетіне басшы болдым. Енді қиямет күні кедей, міскін, сәби, жесір үшін сұраламын ғой» - деді. Құрметті бауырлар! Ерте ме кеш пе барлығымыз әйтеуір баратын осы бір түнге немізбен дайынбыз.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Қабір бір адамға жәннаттың бақшаларының бір бақшасы, ал енді бір адамға тозақтың шұңқырларының бір шұңқыры» деді. (Имам Тирмизи 4/155). Осман бин Аффан (р.а.) жаназаға барса, мәйітті шығарып саларда қатты жылап, талып қалады екен. Жаназадан үйіне көтеріп апарады екен. Бірде одан сахабалар сұрайды: «Саған не болды?» деп. Сонда Осман бин Аффан (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыздан (с.а.у.) естідім: «Ахиреттің бірінші үйі ол - қабір» деді (Имам Ахмад 1/63 риуаят етті). Егер адам сол қабірдегіден аман болса, онда ол қияметтегіден аман болады. Ал егер сол қабірде азапталатын болса, онда қияметте не күтіп тұр деп ойлайсыз. Одан Құдай сақтасын. Осы күн үшін жақсы амал істеген адам әр уақыт өлімге дайын.
Рияд қаласынан екі ерлі-зайыптылар Меккеге кіші қажылыққа шығады. Үйлерінен шығарда әлгі әйел балаларымен қоштасып, беттерінен сүйіп, оларға өсиет жазады. Тіпті, балаларымен соңғы мәрте кездесіп тұрғандай болады. Осы ерлі-зайыптылар Меккеге барып, кіші қажылықтарын жасап қайтып келе жатқан жолында көлік апатына ұшырап ажалдың уақыты жетеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Бұл Алланың уәдесі. Алла уәдесінен айнымайды. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді (6). Олар дүние тіршілігінен көрініп тұрғанын біледі де өздері ахиреттен қаперсіз (7)» (Рум сүресінің (6-7) аяттары). Көліктерінің доңғалағы жарылып, машина бірнеше мәрте аударылады. Әлгі әйел басынан қатты зақым алады. Алла Тағала Ахкаф сүресінің 16-шы аятында: «Міне бұлар, Біз жақсы амалдарын қабыл етіп, жамандықтарын кешіретін жәннаттықтардың ішінде болады. Бұл, оларға етілген шынайы уәде». Күйеуі әйелін аударылып жатқан машинаның ішінен алып шығады. Өлім аузында жатқан әйел: «Лә иләһа иллаАллаһ Мұхаммадар Расулуллаһ» деп күйеуіне: «Алла Тағала сен екеуімізді жәннатта кездестірсін. Менің балаларыма сәлем айт» дейді де өмірден өтеді. Күйеуі жалғыз өзі Рияд қаласына қайтып оралады. Үйіне кіргенде алдынан балалары жүгіріп шығады. Әрине, бұл өте ауыр көрініс. Кішкентай қызы: «Анам қайда?» - деп сұрады. Әкесі не айтарын білмей: «Келіп қалады» деп жауап берді. Кішкентай қызы: «Жоқ. Мен анамды қазір көргім келеді» дейді. Әкесінің қызына не айтарын білмей отыра кетті. Біздің бұл кішкентай қызға айтарымыз: «Құдай қаласа анаңды жәннатта көресің».
Құрметті ақсақалдар және өмірін қаперсіз өткізіп жатқан жастар! Сол бірінші түнге дайындықтарың қандай? Алла Тағала біздің жүректерімізді оятып, сол бірінші түнге дайын болуға асығайық.
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ