Ата-анаңызбен қалай сөйлесіп жүрсіз?

Ата-анаңызбен қалай сөйлесіп жүрсіз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Асыл дініміз Исламның қайнар бұлағынан сусындап, имандылықты дәстүрімен сабақтастыра білген момын халқымыз қашан да әкені шаңырақтың иесі, қамқоры, қорғаны деп таныған. Аналарымызды сол шаңырақтың алтын босағасы, киелі тұтқасы іспетті құрметтеп қастерлеген. Алла Тағаланың адам баласына сыйлаған  осы бір құнды нығметінің қадірін жете түсінген халқымыз:  Барша адамзаттың жаратылу мақсаты – Алла Тағаланы тану және Оған құлшылық жасау. Өмірдің ең басты ақиқаты осы. Құранда бұл ақиқат, яғни Алланы танып, Оған ғана құлшылық ету жайлы баяндалған соң, ата-ананы сыйлап, оларға жақсылық жасау міндеті айтылады. «Исра» сүресінің  23-аятында Алла Тағала: «Раббың тек қана Өзіне ғибадат етулерiңдi, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмiр еттi» - деп, Аллаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға жақсылық жасаудың парыз екенін мәлімдейді.

Сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.) бір күні Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Аллаға ең жағымды, ең сүйкімді нәрсе не?»,- деп сұрағанда, Алла Елшісі оған былай деп жауап қатады: «Кешіктірілмей уақытында оқылған намаз». Сахаба тағы да: «Уа, Алланың Елшісі, ал одан кейінгі ең ізгі амал қайсысы?» - дегенде, Алла Елшісі: «Ата-анаңа жақсылық жасау»,- деп жауап қатады (Бұхари, Мүслім). Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а) жоғарыдағы аяттың «... ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды» деген бөлімін:«Ата-анаңның қасында киіміңді сілкілеп қақпа, себебі киіміңнен шыққан шаң-тозаң олардың мазасын алуы мүмкін»,- деп тәпсірлейді. Осылайша, ата-ананың көңіліне шаңның тозаңындай болсын кірбің түсіруге болмайтынын айтып, мәселенің қаншалықты жауапкершілікті қажет ететінін көрсетеді.   Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла Елшісіне(с.ғ.с) бір кісі келіп: “Адамдардың арасында жақсы қарым-қатынаста болуыма кім лайықтырақ?” – деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Анаң», - деді. Әлгі кісі: “Сосын кім?” –деді. «Анаң», - деді пайғамбарымыз. “Сосын кім?” – деп сұрады әлгі кісі. Пайғамбарымыз тағы да: «Анаң», - деп жауап берді. “Ал одан кейін ше?” – деді қайта сұрақ қойған кісі. Пайғамбарымыз содан кейін барып: «Әкең», - деді»(Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Осы хадистен жер бетінде ең жақсы қарым-қатынас қылуға лайықты жан – бұл ана екенін түсінеміз. Бала ананы әкеден де артық сыйлауға тиіс. Әкеден гөрі ананың хақысы биік. Бала әкеге өте үлкен құрметпен қарауға міндетті, ал ананың хақысы әкеден қарағанда үш есе жоғары.  Неге? Өйткені, ананың сізге жасаған жақсылығы есептеуге келмейді. 

Біріншіден – нәзік жанды ана сізді жатырында, өзінің ішінде ауырып, қиналып тоғыз ай бойы көтеріп жүрді. Екіншіден - босануға байланысты болатын бүкіл азапты татып, зорықты. Үшіншіден - түнімен, күнімен көз шырынынан айырылып, сізді емізді. Аса мейірімді Алла қасиетті Құранда былай дейді: «Адамдарға ата-анасына жақсылық жасап қарайласуды бұйырдық. Анасы қиыншылық үстіне қиыншылық көріп оған жүкті болды. Екі жылда омыраудан айыруы (емшектен шығару) бар»(Лұқман сүресі, 14-аят).

 Ал, әкеңіз сізді және сіздің аға-інілеріңізді, әпке-қарындастарыңызды асырап, тәрбиелеу үшін демалмай, көп қиыншылықты иығымен көтеріп, зорығып еңбек етті. Бақытты болсын, тұрақтылық, қауіпсіздікті қамтамасыз етемін деп арзан аяқ киім киіп, жұпыны киінді, қарабайыр тамақтанды. Балам жоқшылық көрмесін, ешкімге мұқтаж болмасын, көңілі құлазымасын деп өзін қоярға жер таппай табыс кіргізуге тырысты. Әркімге қарызданып-қауғаланса да, намысқа тиетін сөздер естісе де сіздердің қамдарыңыз үшін жанталасты. Ешкімнен кем болмасыншы деп осындай жанкештілікке барады. Ал сіз тіпті не болып жатқанын білмейсіз де... 

Сіз ол кезде ұйықтап, оянып, секіріп, ойнап, әкеңіз қалай шаршап-шалдығып келіп отырғанын да түсінбейтінсіз. Әбу Һурайра – пайғамбарымыздың жақын сахабаларының біріПайғамбарымыздан өте көп хадис жеткізген. Алла ол кісіге разы болсын. Бірде сол Әбу Һурайра жолда кетіп бара жатып Әбу Ғассанды жолықтырады. Әбу Ғассанның соңынан бір кісі еріп келеді екен. Әбу Һурайра  артқы жақта келе жатқан кісінің кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан ол кісінің әкесі екенін білдіргенде, Әбу Һурайра оған: “Бұл ісің жөн емес, Пайғамбарымыздың сүннетін ескермегенсің. Жүргенде әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артынан жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тарт. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Әкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма!”, – деді (әл-Хаким). Егер кісі әкесінің алдына шығып жүрер болса, оған құрметсіздік қылған болады. Тек әкенің алдында бір тас немесе ағаш немесе басқа бір кедергі жатса, соны алып тастау үшін алдыға шығуға болады. Сонымен қатар, әкенің атын атамай  «әке, әкетай, әкешім» деу керек. Ойланып көріңізші, сіз ата-анаңызды қалай атап жүрсіз және олар үшін қандай жақсылық жасадыңыз ?!

Өкінішке орай қазіргі уақытта ата-анасы намаз оқымаса кәпір дінсіз деп айыптау белен алып бара жатыр.  Бұл қасіретті індет – дінімізде үлкен күнәларға жатады. Анастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) үлкен күналар туралы: «Олар – Аллаға серік қосу және ата-ананы құрметтемеу»,- деген (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).  

Қасиетті Құранда «Иманға келмей тұрып күпір еткен адамдарды сөкпеніздер » дейді. Ата-ананың хақысында дұға қылу керек. Халық даналығында «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», «Анаңа рақым етпесең, балаңнан рақым күтпе», «Әкесін сыйламаған кісіні, баласы сыйламайды» деген мақал сөздер бар. Адам өзінің әке-шешесіне қандай қарым-қатынас жасаса, алдағы уақытта оған балалары да солай қарайды. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме халқымыз. «Жақсылықтың нәтижесі жақсылықтан басқа не болады?», - деп (Рахман сүресі, 60-аят), жақсылық жасаушының ізгілікке тап болатыны айтылады. Осыған орай, жамандық жасаушы да жамандыққа тап болады дейді.

Сұлтаншәріп ДЖАДРАЕВ,

Аудандық «Сұлтан » мешітінің бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: