Отбасының берекесін келтіріп, еріне жігер, перзентіне тәрбие беретін – әйел. «Ақылды, ұятты, иманды болған әйелдер – ең көркем әйелдер. Бұл жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ақылды әйелдерге үйленіңдер. Себебі, олардың ауыздары тәтті (жақсы сөйлейді) құрсақтары таза, олар аз нәрсеге қанағатшыл» деген. Исламда әйелге күйеуінің ризашылығын көздеу, ерінің дүние-мүлкіне ұқыппен қарау, тек өз күйеуі үшін сәндену, неке қидырғанға дейін жігітпен оңаша қалмау, өзінің жаратылысындағы нәзіктігін сақтау, алыс сапарға жалғыз шықпау міндеттелді. Ғылым-біліммен айналысу, меншік иесі болу, отбасының ынтымағын сақтау, перзенттеріне тағылымды тәрбие беру құқықтары да әйелге ортақ. Сонымен бірге әйел баласының киімі жайында Құранда былай делінген: «Мүмін әйелдерге де айт: өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 31-аят).
Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқығын шектемеген. Әйелдер қауымының дәрежесін көтерген. Өкінішке орай, кейінгі кездері әкесінің оң босағасында отырып, жүкті болып, сәбилерін қоқысқа тастап кеткен безбүйрек аналар мен жауапкершіліктен қашқан «әкелер» қатары өсіп келеді. Тәрбие көрмеген, өз бетімен кеткен, ұятты жерлерін қымтамай, некеге салғырт қарайтын бойжеткен болашақта адал жар, ибалы келін, жақсы ана бола алмайды. Осыдан келіп, шырқы бұзылған отбасы, тастанды бала, тәрбиесіз ұл, қылмысқа бейім жасөспірім өсіп шығады. Сондықтан өмір көрген аналарымыз қыз бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, кішкентай кезінен олардың қоғам мен отбасындағы міндетін түсіндіріп, ақыл-кеңестерін беріп отырса нұр үстіне нұр болар еді.
Отбасын асырап, жарына қорған, перзентіне жақсы тәрбие беру, отбасын асырау, Отанды қорғау, шаңырақты берік ұстау секілді міндеттер ер азаматқа жүктелген. Отбасын құрған ер азаматтар жарын құрметтеп, онымен санасу, жанұядағы татулықты сақтауға айрықша мән бергені жөн. Отағасы жарын сыйлап, құрмет көрсетуін, онымен ақылдаса отырып, тірлік жасауын көрген ұл мен қыз да үйлесімді жұптан тәлім алатын болады. Өз кезегінде жақсы әйел жарының қабағына қарап, отбасының берекесін келтіріп, өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен орындап, үй иесі ерін қуантатын болса, мұндай жардың барар жері – жаннат.
Хадисте: «Әйел – өз күйеуі мен үйінің және балаларының бақташысы, сондай-ақ, сол үшін жауапты» делінген.
Ал, отбасында айқай-шу, мағынасыз керіс, әке мен шешенің бір-бірін тыңдамай, өзім білемдікке салатын тірліктер шаңырақтағы балаларға, психикасына кері әсер етіп, болашақта қатыгез, өр көкірек, мейірімсіз бала өсіп шығатындығын көріп жүрміз.
Бала мен әйелге жақсы сөйлеу, Алла тағаланың сансыз нығметіне шүкір айту, Жаратушы Иемізге құлшылық ету, пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтуға баулу – ер адамның міндетіне жатады. «Не ексең, соны орасың» дегендей, отбасындағы балаға дұрыс тәрбие беру, адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойларына сіңіру, Алла тағала тыйым еткендерден бойды аулақ ұстауға үйрету – отбасындағы әйел мен ердің парызы. Сондықтан «Баланы жастан, әйелді бастан» деп қазақ тегін айтпаған.
Рәмиз қажы АЗИЗОВ
Жамбыл облысы Байзақ ауданы.
«Байзақ баба» мешітінің бас имамы.