Денсаулық – адам бақытының негізгі бөлігі.
Халқымыз «Он екі мүшең сау болса, жарлымын деме»
деп денсаулықтың адам өміріндегі орнын ескертеді.
Жастары әлсіз, денсаулығы нашар, зиянды әдеттерге
әуес, жалқау, тәрбиесіз болса − мемлекеттің соры. Ондай мемлекет қашан да қорғансыз.
Ислам дінінде денсаулықпен қатар денені
шынықтыруға да үлкен мән берілген. Пайғамбарымыз
(саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде Алла тағаланың алдында әлсіз мұсылманға қарағанда күшті мұсылманның
сүйкімдірек екенін айтады.
Пайғамбарымыздың осы
хадисін басшылыққа ала отырып, балаларымыздың
денесін шынықтыруға арнайы көңіл бөлуіміз керек.
«Педагогика» кітабының кіріспесінде ақын Мағжан
Жұмабаев тәрбие турасында мынадай пікір білдірген:
«Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі,
сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел
болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық,
жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын
көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу
ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды
болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып,
жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны
жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты
болса, міне, осындай болғанда адам баласының дұрыс
тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам бол-
сын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын.
Бала аурулы, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден.
Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші
кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жан-
ды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала
істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген Иран елінің мәтелі − шындығында дұрыс мәтел».
Тән саулығы – жан саулығы. Баланың жан-жақты
дамуы тәрбие түрлерінің нақты үлесіне байланысты.
Ал дене тәрбиесі, баланың бойында тәндік және рухани
жетілудің өзара байланысын қалыптастыруға әсер етеді.
Әрі баланың денесін шынықтыру – оны болашақ өмірге
дайындаудың бір жолы. Осы себептен Пайғамбарымыз
балаға садақ тарту, атқа шабу, жүзу, жүру және жүгіру,
күресу секілді дене шынықтыру түрлерін үйретуді
насихаттаған.
Адамның сергек, көңілді, жұмыс істеу қабілетінің
жоғары болуына дене шынықтыру мен спорттың
әсері мол екені баршаға мәлім. Дене шынықтыру мен
спорт адам бойында жігерлілік, батылдық, тапқырлық,
тәртіп пен ұжымдық қасиеттерді шыңдайды.
Дене жаттығуымен ұдайы айналысатын адамның жүрегі
жақсы жұмыс істейді. Ағзаның оттегімен қамтамасыз
етілуі жақсарады. Бұл қандағы эритроциттер мен
гемоглобиннің санын көбейтеді. Адамның бойында 600 бұлшық ет бар. Бұл қуатты аппарат тұрақты
түрде жаттықтыруды талап етеді. Бұлшық еттерді
жаттықтырған сайын ми жұмысы жақсарып, жүйке
импульстерінің тасымалдау қызметі артады. Дене
шынықтыру мен спорт адамның қимыл-қозғалысына,
сүйекке, буынға, дәнекерлеуші мүшелерге өзіндік
пайдасын тигізеді. Сүйекті ірілендіріп, салмағын арт-
тырып, оның мықтылығын күшейтіп, кальциймен
байытатындығы ғылыми түрде дәлелденген. Енді
Пайғамбарымыздың бала тәрбиесінде ата-аналарға
айтқан өсиеттеріне құлақ аса отырып, хадистерінде
аталған дене шынықтыру түрлеріне тоқтала кетейік.
Жүзу
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі жүзуді
бала кезінде Мәдина қаласына анасымен барғанда
үйренген. Хадистерінде басқа спорт түрлерімен қатар
жүзуді үйренуді үмбетіне насихаттаған. Сондықтан
одан кейінгі дәуірлерде мұсылмандар балаларын
тәрбиешілерге табыстағанда оларға оқу-жазумен қатар
жүзуді де үйретуді міндеттеген екен.
Шын мәнінде дене шынықтырудың ең тамаша
құралдарының бірі су болып табылады. Өсіп келе жатқан
жас буынның денесіне судың және малтыған кездегі
қимыл-қозғалыстың пайдасы айтарлықтай. Кішкентай
кезінен суда малтып өскен баланың денсаулығы
мықты, дене бітімі шымыр, күшті, мінезі өткір, табанды болып келеді. Судың жүрек, қан тамырына, жүйке жүйесіне, буындарға, тыныс алу жолдарына, денедегі
зат алмасуға әсері мол. Жүзу арқылы ағзаны жақсы
шынықтыруға, суықтан туындайтын түрлі ауруларға
және инфекциялық ауруларға (грипке, ангина, ревматизм және т.б.) төзімділік сияқты қасиеттерді арттыруға
болады.
Суға жай сүңгіп шыққанның өзі денені әжептеуір
сергітіп тастайды. Ал жүзген кезде дененің барлық
мүшесіне, жүйкеге салмақ түсіп, айтарлықтай әсер етеді.
Физиологтар суда малтуды «тыныс алу гимнастикасы»
деп атаған. Су бетіндегі ұсақ иондар тыныс жолдары
арқылы денеге еніп, өкпе, жүрек сияқты органдардың
атқаратын жұмысын жеңілдетеді. Балалардың арқа,
бел, омыртқа жотасы қисайып кеткенде не күдіс жауы-
рын, еңкіш болғанда, суда жүзу теңдесі жоқ емдеу әдісі
болып табылады. Себебі, жүзу барысында бұлшық
еттердің бәрі де қимылдайды.
Көптеген ата-ананың көңілінде: «Баланы жүзуге
неше жастан бастап үйрету керек?» деген сұрақ туын-
дайды. Бұл сауалға, бала жүзуді неғұрлым ертерек ба-
стаса, соғұрлым денсаулығына пайдалы деп жауап беруге болады.
Суға сүңгудің пайдасы
Қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы патша үкіметі
тұсында түрмеге жабылады. Ол бір күні түрмеден қашып, өзен
жағасымен келе жатқанында артынан қуғыншылар келіп қалыпты.
Қуғыншыларды көрген Құрманғазы жағада өсіп тұрған қамысты
сындырып алып, аузына салыпты да, су астына сүңгіп барып, жата
қалыпты. Аузындағы қамыстың бір ұшын судың бетіне шығарып
қойып, өзен түбінде дем алмай жата берген. Қуғыншылар
Құрманғазының ізін таба алмай кейін қайтады. Сөйтіп кемеңгер композитор тапқырлығы мен суға сүңги білгендігінің арқасында
аман-есен жаудан құтылып еліне жеткен екен.
Атқа міну
Баланың денесін шынықтыратын жаттығудың
келесі түрі – атқа міну. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә
сәлләм) атқа мініп шабуды да балаларға үйретуді насихаттайды. Тіпті оны көңілді сейілтетін жаттығу ретінде
күндегі жаттығулардың арасына қосуды айтқан. Ат
және түйе жарыстарын өткізіп тұруға шақырған162.
Кейбір хадистерде Ардақты елшінің өзінің тікелей
осындай жарыстарға қатысқандығы айтылады.
Бұл
жайлы Әнәс (р.а.): «Пайғамбарымыздың Абда атты
түйесінен ешқандай түйе оза алмайтын. Бірде бір
бәдәуи келіп Пайғамбарымызбен жарысып, озып кетті.
Бұл мұсылмандарға ауыр тиді. Пайғамбарымыз оларды жұбату үшін: «Әрбір шарықтауға Алла тағала бір
құлдырау береді» дегенін айтады.
Аталарымыз да баланы жастайынан атқа мінуге
дағдыландырып отырған. Бұл сол кездегі өмірдің ең
негізгі қажеттілігі еді. Ат әрі көлік, әрі ердің қанаты болатын. Өйткені талай батырлар ат үстінде елін қорғады.
Сондықтан қазақтың батырларымен қатар арғымақтары
да дастанға айналған.
Иә, баланың денсаулығы мен дене тәрбиесінде
атқа мінудің көптеген пайдалары бар екені белгілі.
Қазіргі таңда дәрігерлер көптеген жүйке ауруларына да
қатысты ем ретінде атқа мінуді қолданып келеді. Сонымен қатар атқа міну баланың денесінің шымыр боп
өсуіне, әрі бойына батырлық рухын сіңіруде де өзіндік
орны бар екенін ұмытпаған жөн.
Күрес
Баланың денесін шынықтыру үшін қажетті
спорт түріне күресті де жатқызуға болады. Оны да
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ата-аналарға
хадистерінде айтып, өсиеттеген. Мұхаммед ибн Әби
Алиден жеткен мүрсәл бір хадисте хазірет Хасан
мен Хұсейіннің (р.а.) Пайғамбарымыздың алдында
күресетіндіктері айтылады. Сонда Пайғамбарымыз
Хасанға жақтасатын көрінеді. Оның себебін
сұрағандарға «Хұсейінге Жәбірейіл көмектесуде, мен
болсам Хасанға көмектескенді ұнатамын» деп жауап
берген екен.
Ибн Хишамның жеткізген бір мәліметі бойынша Пайғамбарымыздың өзі де күрескен. Сол
кездегі Меккенің атақты балуаны Руқәнә ибн
Әбди Язид мұсылман болу үшін мұғжиза ретінде
Пайғамбарымыздың өзімен күресіп, жауырынын жерге
тигізуін талап етеді. Айласы мен күшіне сенген Руқәнәні
Пайғамбарымыз алып ұрып, таң қалдырады.
Садақ тарту
Құран Кәрімде айтылған: «Сендер де оларға
(дұшпандарға) қарсы қуат пен жылқы дайындаңдар» деген аяттағы
«қуат» сөзін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)
мергендік деп түсіндірген. Ол мергендікті адамның
бала кезінен үйреніп, үйренгеннен кейін өле-өлгенше
тастамауы керектігін айтады. Алла елшісі (с.а.с) бір
хадисінде былай деген: «Араларыңнан қайғы-мұңға
батқандарына садағын асынып, мұңын сонымен тарқатудан басқа жол жоқ». Тіпті бұны барлық адамға
өсиет етіп былай дейді: «Ешкім көңілін сергіту үшін
садақ тартудан қашпасын». Мергендікті үйренгеннен кейін, оны тастап кеткен адамды «Бізден емес» немесе «Алла тағаланың нығметіне күпірлік ету» деп
сипаттап, мергендікті тастамау үшін қатал ескерту
жасаған. Сахабаларға Пайғамбарымыз садақ атудың
ең жағымды көңіл сергіту жолы екенін айтқандықтан,
олар қолдары босағанда, кейде ақшам намазынан
кейін қараңғы түскенше садақ атумен айналысқан.
Сонымен қатар балаларына да садақ атуды үйреткен.
Мысалы, хазірет Әнәс (р.а.) балаларының садақ атуды үйренгендерін бақылап отыратынын айтқан. Бір
күні садақ тартып жатқан балаларды көріп қалып,
қастарына барып мергендіктерін бақыламақ болады.
Бірақ балалардың садақ тартыстарына көңілі толмай,
садақты қолына алып, қалай ату керектігін көрсетеді.
Атқан оқтарының ешқайсысы мүлт кетпей, көздеген
жеріне дөп тиеді.
Хазірет Омар (р.а.) халифалығы кезінде қол астын-
дағы әкімдерге кішкентай балаларға садақ тарту, атқа
шабу, жүзу, жүгіру секілді жаттығуларды үйрету
керектігін хатпен білдіреді. Алғашқы мұсылмандардың
кезеңінде балалардың әртүрлі заттарды нысана етіп
қойып, көздеп атуға жаттыққандары айтылады. Бірақ
олардың тірі жануарларды нысана етіп алуына қатаң
тыйым салынған.
Садақ тартуға жаттығудың баланың денесіне
көптеген пайдасы бар. Баланың бұлшық еттері жетіледі.
Қырағылыққа үйренеді. Бұны Пайғамбарымыз бір
хадисінде былай баяндайды: «Оқ атып жарысыңдар,
денелерің қатайсын, жалаң аяқ жүріңдер». Құранда
Алла тағала қуат ретінде атап айтқан садақ атуды
үйренуді Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) атқа шабудан да жоғары бағалаған.
Жүру және жүгіру
Пайғамбарымыз жайлы айтылған хабарларда оның
оқ ату, атқа шабумен қатар жүруді де насихаттағаны
айтылады. Осы насихатқа орай сахабалар жүруге
қатты мән берген. Хазірет Омар (р.а.) былай деген:
«Балаларыңа жүзуді, атқа шабуды үйретіңдер және
белгіленген қашықтық арасында жалаң аяқ жүруді әмір
етіңдер». Жүру де − дене шынықтыру жаттығуларының
бірі. Жаяу жүру, жүгіру және т.б. көптеген бірқалыпты
орта деңгейде орындалатын дене қозғалыстары арқылы
әртүрлі бұлшық еттер жұмыс істеп, белгілі мерзім
аралығында олардың босаңсуына жол ашылады. Ал бұл
мидың ұзақ уақыт жақсы қызмет істеуіне әсер етеді.
Жүгіру жайлы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)
былай деген: «Ара қашықтыққа жүгірген адамның
әрбір қадамында жақсылық бар». Өзінің Айша анамызбен (р.а.) екі рет жарысқаны, біріншісінде хазірет
Айшаның (р.а.), екіншісінде Пайғамбарымыздың озып
кеткені айтылады.
Сахаба Абдуллаһ ибн Омардың
ара қашықтыққа өте тез жүгіретіні, мәреге жеткенде
«Міне, келдім! Міне, келдім!» – деп қуанғаны баян-
далады. Пайғамбарымыздың және сахабалардың реті
келгенде ара қашықтыққа жүгіргендерін, осылай-
ша дене шынықтыруға көңіл бөлгендерін айтуға болады. Осы айтылғандармен қатар дене шынықтыру
мақсатымен басқа да жаттығуларды балаларға орындату, күнделікті әдетіне айналдыру тәрбие тұрғысынан
қажет. Себебі, мұғалімнің немесе жаттықтырушының
басшылығымен күнбе күн дене шынықтырумен
шұғылданып жүрген жас өспірім тек қана денсаулығын
жетілдіріп қоймайды, сонымен қатар адамгершілік
рухта тәрбиеленеді. Кездескен қиыншылықтың қандайын болса да жеңіп шығуға дағдыланады, бойында жағымды мінез-құлық қалыптасады. Коллективте
қатаң тәртіп сақтау ережелерін орындау дағдысына,
жоғары мәдениеттілікке тәрбиеленеді. Олардың алдына нақтылы міндеттер қойып, осыны толық орындап шығу үшін ерінбей еңбек етіп, күш-жігерлерін
жұмсау қажеттілігін ескерту тиімді. Бұл − баланың
белсенділігін арттырып, оларды іске жұмылдырады.
Күш, шапшаңдық, төзімділік, ептілік, табандылық және
тәртіптілік көрсетуге байланысты әртүрлі еркін бұлшық
ет қимылдарын жасау үшін өзінің дене күші мен ой-өрісі қабілеттілігін арттыра түседі. Аңғарғыштығы,
ептілік қасиеттері жетіле береді.
Дене шынықтыру жаттығуларының нәтижесінде,
әдетте, адамның дене құрылысы да жақсарып, сұлу-
ланып, келбетті болып келеді және түрлі жаттығуларды
көп күш салмай, еркін, табиғи, әдемі, сұлу жасау
қабілеттілігі дамиды.
Дене шынығу жаттығулары баланың денсаулығын
нығайтып, денесінің дұрыс өсуіне ықпал етеді және
оларды өмірге аса қажетті күштілік, жылдамдық,
төзімділік, шапшаңдық, тәртіптілік, ұқыптылық,
жігерлілік, батырлық, табандылық, шешімділік және
т.б. қасиеттерге тәрбиелейді. Сонымен қатар жолдастық
сезім, тапсырған іске жауаптылық, намысты қорғау
сезімі өршіп нығаяды.
Шынықпаған, әуектетілген нәзік бала суық
тиіп жиі ауырады.
Қимылына, қозғалысына тежеу
болған бала жақсы жетілмейді. Әсіресе, оның қимыл
үйлесімі ойдағыдай болмайды. Жиі жығылып, тізесін,
шынтағын жаралап алады. Бала аз қимылдаудың салдарынан тамақты да көп қажет етпейді. Тәбеті нашарлайды. Осындай тәрбиенің салдарынан бала көбінесе
жүдеу, ауырғыш, өзімшіл болып келеді. Осындай
кемшіліктің алдын алу үшін бір мұсылман ғұламасының
айтқанындай: «Әке баласына дінді танытуы, Құран
оқып, жаза білуін, тіпті, атқа мінуді, суға жүзуді, заманына сай өзін-өзі қорғай білуін де үйретуі тиіс.
Баланың ақыл, ой, күш-жігерін тек жекпе-жек спорт
түрімен ғана шектеп қоймай, өмірі мен денсаулығына
және ертеңі үшін пайдалы спорттың өзге де түрлерімен
шұғылдануына жағдай тудыруымыз керек».