2017 жылдың 1 қыркүйегі – Құрбан айттың бірінші күні!
Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Жамбыл облысындағы өкілі,
«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.
ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға береке, зор денсаулық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін.
Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Құрбан (араб тілінде) – « жақындау» деген мағынаны білдіреді. Алланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндері шалынатын арнайы малдың аты.
Пайғамбарымыздың хадисінде «Адам баласы құрбан айт күндері «құрбан шалып» қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».
Алла тағала біздің шалған құрбандығымыздың етіне де қанына да мұқтаж емес. Керісінше оның әмірін орындап, разылығына жетуіміз ғана керек. Бұл шындықты Құран былай деп баяндайды. «Олардың «құрбан малдарының» еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» деген.
Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі.
Осы Айт күндері қажылық парызын өтейтін күллі мұсылман баласы Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастырымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Осы ретте еліміздің барша азаматын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!