Мерекенің мерейін асқақтатқан амалдар

Мерекенің мерейін асқақтатқан амалдар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамды жаратқан Алла оның дүниедегі жасайтын амалын да жаратады. Ол бұл дүниеде адамның жақсы өмір сүруі үшін оған барлық нәрсені бағындырып берді. Дүниедегі бақыты мен ақыретте алатын сауап амалдарының жолын көрсетті. Исламдағы бес парыздың өзі екі дүниесінің бақытына жетіп асады:

1.         Жаратушы мен пенденің арасын байланыстырып тұратын Аллаға деген иман күллі адам баласына парыз. Оны 24 сағат бойы жүрегінен, тілінен тастамай сақтап отыруы.

2.         Әр күні белгіленген уақытта бес мезгіл намазды ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, азат болған құлдың орындауы.

3.         Алланың ризалығы мен міскіннің қуанышына себеп болатын зекетті жылына бір мәрте жағдайы төмен мұқтаж жандарға беруі.

4.         Нәпсінің тәрбиесі, Раббының разылығы болатын оразаны әр жылы бір ай бойы ұстауы.

5.         Тәнімен, малымен орындалатын қажылықты өмірінде жағдайы келген пендеге өтеуі парыз.

Жоғарыдағы міндеттер адамның дүниеге келгеннен өмірінің соңғы сәтіне дейін Алланы есінен шығармауына себеп болады. Исламның бес парызын  орындағанда оның қабыл болатын уақыттары мен орындарын да жаратқан – Алла. Шәууәл айының бірінші күні Ораза айты, Зүлхижжа айының  оныншы күні Құрбан айты. Осы күндердің мереке болуына себеп болған нәрселер енді төмендегілер:

1.           Мүміндер Алла Тағалаға бой ұсынып Рамазан айының оразасын ұстағаннан кейін, Пайғамбарға (с.ғ.с.) бой ұсынып, Шәууәл айының алты күндік оразасын ұстайды. Құрбан айтында  болса, Аллаға құлшылықпен Қажылық амалын орындап, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) зиярат етуге Мединаға жиналады. Осы екі мерекеде де Аллаға құлышылық қылғаннан кейін Пайғамбарға бойұсынып, сүннет амалдарын орындайды.

2.           Мейрамдар әр жылы қайталанып келе береді.

3.           Мейрамдарда Алланың сыйы көп болады.

4.           Мейрам күнінің өзі қуанышпен келеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім айт мерекесінің кешінде осы күннің қалай өткізгенін есіне түсірсе, жүректер өлген күні оның жүрегі өлмейді  деген».

Мейрам күні таң атпастан Алла жер бетіне періштелерін жібереді.  Барлық көшелердің басында періштелер күтіп тұрады екен. Адамдар мен жындардан басқа барлық мақлұқтар еститін дауыспен жар салады: «Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметі! Орындарыңнан тұрыңдар. Жомарт Раббыңа жаяу шығыңдар. Бұл күні үлкен сыйлықтар таратылады, көп күналар кешіріледі». Мүміндер мешіттерге жиналғанда Алла Тағала  періштелеріне: «Жұмысшы ісін атқарғаннан кейін оған не істеу керек?» дегенде періштелер:  «Еңбек ақысы төлену керек» - дейді. Алладан әмір келеді, сендер куә боласыңдар. Мен оларға сауап ретінде Өзімнің  разылығымды және кешірімімді бердім- дейді.

Ибн Аббас риуаят етеді: Алла елшісі былай деді: «Зүлхижжа айының алғашқы он күндігінде жасалған амалдар басқа күндерде жасалған амалдарға қарағанда Алла үшін сүйкімді». Сахабалар: «Алла жолында жасалған жихадтанда сүйкімдірек пе?» деп сұрағанда. Алла елшісі айтты: «Ия, Алла жолында жасалған жихадтан да...»-деп, жауап береді.

Алла Тағала күндердің төртеуін артық етіп жаратты. Күндердің біріншісі - Жұма күн. Бұл күнде бір уақыт бар. Кімнің жасаған дұғасы сол уақытқа сәйкес келіп қалса, Алладан дүниелік және ақыреттік амалдарын сұраса, міндетті түрде беріледі. Екіншісі – Арапа күні. Алла Тағала періштелеріне бұйырып: «Ей, Періштелерім!  Пенделеріме қараңдар. Қиыншылықтарды мойындарына алып, мұқтаждарға көмектесіп жатыр. Куә болыңдар мен оларды кешірдім» - дейді. Күндердің үшіншісі – Құрбан айттың бірінші күні. Кім Алла разылығы үшін құрбандық шалса, оның алғашқы тамшысы күналарына каффарат болады. Күндердің төртіншісі – Фитр садақасы беріліп жоқ-жітіктерді қуантатын күн. Мүміндер Рамазан оразасын ұстап, мереке күніне жеткенде Алла тағала періштелерге қызметші ақысын алуы керек болғаны сияқты менде пенделерімнің ұстаған оразаларының сыйы ретінде Өз кешірімімді бердім, сендер куә болыңдар дейді. Сонда бір дауыс шығып: « Ей, Мұхаммедтің үмметі!  (естімедім демеңдер) жамандықтарың жақсылыққа аламастырылды» - деп, жар салады екен.

Алла Тағала баршамызды осындай ұлық күндері Өзінің сауабына жетуді нәсіп етсін.

Ғалымбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ,

«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: