Мүмін мен кәпір рухы көкке көтерілгенде не болады?

Мүмін мен кәпір рухы көкке көтерілгенде не болады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мүмін рухының көкке көтерілуі

Көкте болатын бұл жағдайды Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларына бүге-шігесіне дейін сипаттап: «Егер (мүміннің) рухы (тәнін тастап) шықса, оған аспан мен жердің арасындағы әрбір періште және аспандағы әрбір періште игілік тілейді. Ол үшін аспан есіктері ашылып, оған әрбір есіктің тұрғындары дұға қылады. Егер оны (өлім періштесі) алса, оны қас қағым сәтке де (басқа періштелер) алғанша қолынан (Оны өлім періштесі шығарады) түсірмейді.

Олар оны жаннаттан әкелген кебінге орап, жаннаттан әкелген жұпармен хош иістендіреді. Алла тағаланың «Елшілеріміз (періштелеріміз) жанын алады әрі ешқандай кемістік жасамайды», – деген сөзінің мәнісі осы. Және одан (рухтан) жер бетінде теңдесі болмаған жұпардың хош иісіндей жағымды иіс шығады. Сосын оны алып, жоғары шығады. Қашан олар періштелер тобының қасынан өтсе, олар (періштелер): «Бұл кім деген жақсы рух?» – деп сұрайды.

Олар (алып бара жатқан періштелер): «Бұл пәленше ұлы пәленше!» – деп, оны дүниедегі ең көркем есімдерімен таныстырады. Сөйтіп, олар төменгі аспанның соңына жетеді. Содан соң (аспан күзетшілерінен) кіруге рұқсат сұрайды да, ол үшін (аспан) ашылады. Және оны әрбір аспаннан жақындары (періштелер) келесі аспанға дейін шығарып салады. Сөйтіп, ол жетінші аспанға жетеді. Сонда Алла тағала: «Пендемнің кітабын ең жоғары дәрежелілердің қатарында жазыңдар!» – деді», – деп айтқан.

Мұнан кейін Пайғамбар (с.а.с.): Алла тағаланың «Ең жоғары дәреженің не екенін қайдан білесің? Ол – жазулы бір кітап. Оны Аллаға жақын періштелер бақылайды», – деген сөздерін оқыды. Пайғамбар (с.а.с.) сөзін жалғастырып: «Сөйтіп, оның кітабы ең жоғары дәрежелілердің қатарында жазылады. Сосын Алла тағала періштелерге: «Оны жерге қайтарыңдар! Расында, мен оларды содан жараттым және оған қайтарамын. Сосын одан қайта шығарамын», – дейді», – деп әңгімелеп берген. Міне, ізгі мүміндердің рухы осындай көркем бейнеде қастерленіп, құрметпен алынады.

 Кәпір рухының көкке шығуы

Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.а.с.) кәпір яки бұзық адамнан алынған рух туралы да әңгімелеген. Пайғамбар (с.а.с.): «Оны аспан мен жердің арасындағы әрі аспандағы әрбір періште лағынеттейді және оған аспан есіктері жабылады. Әрбір есіктің тұрғындары оның рухының өздері жаққа көтерілмеуіне Аллаға дұға қылады. (Өлім періштесі) оның (жанын) алады. (Жанын) алып болған соң, оны қас қағым сәтке болса да қолында ұстап тұрмайды.

(Сосын оны басқа періштелер) от кебінге салады. Одан жер бетінде болмаған өлексенің сасық иісі шығады. Сөйтіп, оны жоғары алып шығады. Олар қашан бір топ періштелердің жанынан өтсе, ол (періштелер): «Бұл жаман рух кім?» – деп сұрайды. Олар: «Бұл пәленше ұлы пәленше!» – деп, дүниедегі оның ең ұнамсыз аттарымен таныстырады. Сөйтіп, төменгі аспанға жетіп, кіруге рұқсат сұрайды, оған (аспан) ашылмайды», – деп айтқан.

Мұнан кейін Пайғамбар (с.а.с.): Алла тағаланың: «Оларға көктердің есіктері ашылмайды. Және олар түйе иненің көзінен өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Осылайша, бұзақыларды жазалаймыз», – деген аятын оқыды. Пайғамбар (с.а.с.) сөзін жалғастырып: «Сосын Алла тағала: «Оның кітабын сижжинде, ең төменгі жерде жазыңдар! Құлымды жерге қайтарыңдар! Расында, мен оларды содан жараттым және оған қайтарамын. Сосын одан қайта шығарамын!» – дейді. Сөйтіп, оның рухы аспаннан жерге қарай лақтырылады», – деген.

Сонан соң Пайғамбар (с.а.с.): Алла тағаланың «Кім Аллаға ортақ қосса, сонда ол көктен құлап, оны құс іліп әкететін немесе оны ұзақ мекенге жел ұшырып кететін нәрсе сияқты»1 , – деген аятын оқыған.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: