Аудандық «Қордай» мешітінің ұйытқы болуымен, аудандық ішкі саясат бөлімі және жастар ресурстық орталығының қолдауымен аудан бойынша белсенді жастар мен әлеуметтік желілердегі аудандық топ жетекшілерімен имани кездесу болып өтті.
Жиынға ауданның наиб имамы, дінтану магистрі Дәуренбек Жандосұлы қатысты. Іс-шараға «Дін мен діл: сұрақтар мен жауаптар» атты тақырып арқау болды. Жиында қозғалған мәселелер: отбасы бірлігі (үйлену, ажырасу), ата-анаға құрмет және бала тәрбиесі, төл дініміздің қоғамдағы орны, дәстүр сабақтастығы және ұлтжандылық турасында болды.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушы жастарға дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтану, олардың жетегінде еріп кетпеудің жолдары туралы да ақпараттар берілді. Жиында қазіргі таңда қоғамда жиі орын алып жатқан үйленіп- ажырасулардың жиілеп кеткендігі, дініміздегі некенің тәртібі мен маңыздылығы, ажырасудың себеп-салдары мен алдын-алу жолдары да кеңінен талқыланды.
Дәуренбек Жандосұлы шегелеп айтқан тағы бір мәселе – әлеуметтік желінің рөлі болды. Қазіргі уақытта желіні түрлі бағытта қолданып отырғандар жетерлік. Ал, олардың ақ-қарасын айыру қиын сондықтан ол жақтағы ақпаратқа да абай болу керектігін ескертті. Әлеуметтік топ жетекшілеріне желіге қандайда бір ақпарат жіберер алдында немесе ақпарат алдында оның қоғамға, дінге оң не теріс әсерін зерделеп барып нақты әрекеттер жасауға шақырды.
Кездесу көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі