Алты ай қыстан аман шығып, жер бетін әсемдікке бөлейтін Наурыз айы да келді. Көктемнің бұл күндерінде кешегі қыстан қалған жердің тоңы жібіп, бәйшешектер гүл атады. Осы көктеммен бірге келген Наурыз мейрамыТ.Рысқұлов ауданының орталық алаңында тойланды.
Т.Рысқұлов ауданының бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраев: «Баршаларыңызды күн мен түннің теңескен, шығыс халықтарының мерекесі болған, ежелгі заманнан қалыптасқан жылбасы – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Бұл күні халқымыз дастархан жайып, қонақ күтіп, қарияларымыз бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі.
Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады.Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала ризық-несібемізді молайтып, бірлік-берекемізді арттырғай. Наурыз мерекесі құтты болсын!» – деп халықты құттықтады.
Сонымен қатар аудандық мешітпен Спорт комитеті бірлесіп қазақ күресі, қол үрес, гір тасын көтеру тағы басқа спорт ойындарын өткізді.
Жеңімпаздарға аудандық мешіт атынан сыйлықтар табыс етілді.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ