Кеше Т.Рысқұлов ауданы Малдыбай ауылында жаңа мешіт халық игілігіне пайдалануға берілді. Салтанатты жиын аудандық «Сұлтан» мешінің найб имамы Фархат Бектасұлының қасиетті Құран Кәрімді тиләуат етуімен басталды. Т.Рысқұлов ауданының бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраев барша жиылғандарды құттықтап, өз лебізін білдірді.
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын. Құрметті бауырлар, біздер қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Құлшылық жасауға барлық азамат құқылы. Құдайға құл, адамға ұл болуды, имандылықты ту етуді мақсат тұтуымыз керек», - деген бас имам мешіт кітапханасына ең үлкен сыйлық - қасиетті Құран Кәрімді тарту етті.
Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрдаулет Жамалбеков жаңа мешітке Алла Тағала береке нұрын шашып, ауылдың дни сауатын арттырып, жастарын имандылыққа бет бұратын ілім ордасына айналдырсын деген ниетпен, Малдыбай ауылы мешітінің ұжымына Ислам дінін таратудағы жолда сабырлық пен сәттілік тіледі.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ