Мәуліт - күллі мұсылман халқы үшін қадірлі мереке. «Бегалы ата» мешітінің бас имам Таңат Кеңесбайұлының ұйытқы болуымен «БЕК» мейрамханасында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) арналып мәуліт оқылды.
Рухани отырысқа ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі имамы Данияр Жұмабаев, Тараз қалалық орталық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Ғазиз Ахметов, «Әулие ата» мешітінің имамы Ораз Баймаханов, «Айсұлу ана», «Құлбай баба», «Әзіреті Әли» мешіттерінің бас имамдары қатысты.
Жиын орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Абдужаппар Әмірұлының әуезді дауысымен оқылған Құраннан басталды. Пайғамбарымыздың өмірбаянынан сыр шерткен мәуліт жырын бас имам Данияр Жұмабаев пен «Әулие ата» мешітінің имамы Ораз Баймаханов тебірентіп оқып, «Бегалы ата» жамағатының баршасы имамдарға қосылып салауат жолдады.
Бас имам Данияр қажы Алимұхамедұлы отырысқа жиналған барлық ақсақалдар мен имамдарды атаулы күнмен құттықтап, Мәуліт мейрамының мән-маңызы жайында уағыз айтты. «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Ғазиз Ахметов қосымша пайғамбардың мінез-құлқы турасында насихаттап, жамағатты ойға батырып, шүкіршілік етудің, достықтың қадіріне жетудің қасиетін түсіндірді.
Рухани отырыс жамағаттың ішкі сұрақтарына қарай лайықты жауаптар алумен өрбіді.
«Бегалы ата» мешітінің ақсақалдар алқасының төрағасы Рахымбек Есенов жиналған имамдар мен жастарға алғысын айтып, ата-бабалар аңсаған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі сәтімен қатар келген мәуліт мерекесімен құттықтап ізгі лебізін білдірді.
"Бегалы ата" мешітінің баспасөз қызметі.