11.10.12. Жастарымызды жат ағымдардан аулақ ұстайық.

11.10.12. Жастарымызды жат ағымдардан аулақ ұстайық.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қостанай шаһарында өткен семинардың қатысушыларға берер тағылымы мол болды.

Қазіргі таңда түрлі діни теріс ағымдардан жастарды сақтандыру - еліміздің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан да болар, жуырда Қостанай шаһарында ұйымдастырылған «Діни бірлестіктердің заманауи ақпараттық технологияларды қолдануы» деп аталатын семинар осынау аса маңызды жайға арналды.

 

Оны облыстық Марал ишан мешіті, облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасы және «Деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры өткізді. Оған өңірдегі аудандар мен қалалардың, кенттердің имамдары, мемлекеттік және құқық қорғау басқармаларының өкілдері, ғалымдар мен зиялы қауым қайраткерлері, журналистер қатысты.

Бұл басқосу қаладағы Достық үйінде өткізілді. Көпшілік қауым көптен күткен семинарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы, белгілі дін қайраткері Серікбай қажы Ораз ашып, бұл жиынның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды.

 

Содан кейін облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Руслан Халықов пен облыстық дін істері департаментінің директоры Нұрқан Нөгербеков сөз сөйлеп, күн тәртібінде тұрған мәселелердің өзекті екендігін тілге тиек етті. Өңірде дінге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға да шолу жасады.

 

Осы жиынға арнайы шақырылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі, халыққа өзінің білімділігімен жете таныс Смайыл Сейітбек «Қазақстан Республикасындағы экстремистік және деструктивті ұйымдармен ақпараттық күрестің әдістері» тақырыбында кеңінен көсіліп, өзінің көкейде жүрген көрікті ойларын ортаға салды.

Оның әңгімесіне арқау болған жастарды теріс ағымдардан барынша сақтандыру жөніндегі пайымдары барлық қатысушыларға үлкен ой салды. Мұндай ағымдармен күресте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» әрекет еткенде ғана нәтиже болатындығын тілге тиек етті. Бұл орайда діни сауаттың да тиісті деңгейде болуы аса қажет екендігін де айтып өтті.

Ол залда отырғандардың көптеген сауалдарына нақты деректер мен дәйектер келтіре отырып, жауап берді. Өзінің қозғаған тақырыбына арқау болған мәселелерді біраз жылдардан бері түбегейлі де терең зерттеп келе жатқандығын жан-жақты көрсетті.

 

Сондай-ақ, оның әріптесі, іскерлігімен есімі көпке белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни істер бөлімінің меңгерушісі Ербол Сағиұлының тағылымды әрі нақты пікірлерін қостанайлық бауырларымыз ұйып тыңдады.

Дін қайраткері қазіргі уақытта мешіттің жұмыстарын білікті имамдарсыз көзге елестету мүмкін еместігін жасырмады. Сондықтан олардан әрқашанда адамгершілік қасиеттермен қатар терең білім, адами қарым-қатынас, жоғары парасат-пайым талап етілетіндігін айтып өтті.

 

Әсіресе, жұма күндері мешіттерде уағыз, насихат жүйелі түрде жүргізіліп отыруы тиіс екендігін баяндай келіп, имамдар алдағы уақытта шәкірттер дайындау мәселесіне де жеткілікті көңіл бөлгендері абзал екендігін аудан мен қалалардан келген әріптестерінің есіне салды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мешіт ешқашанда жетімсіремеуі керектігін де тілге тиек етті. Имамдар мүмкіндігі болғанша бес уақыт намазға қатысып отырса, халықтың алдында беделі де, мәртебесі де арта түсетіндігіне тоқталды.

 

Жалпы, семинарда үш сессия бойынша жұмыс жүргізілді. Онда көпшілік назарына «Килігу» деп аталатын деректі фильм көрсетілді. Оған арқау болған нақты көріністер барша қауымға ой салғандығы даусыз.

 

Сондай-ақ, «Деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының президенті Юлия Денисенконың мемлекеттік тілде жасаған «Ислам атын жамылған теріс пиғылды діни топтардан әйелдердің көптеп зардап шегуі» деген тақырыптағы баяндамасы да барша қауымның көңілінен шықты.

 

Ондағы әйел затын қадірлеу, олардың жүрегіне қаяу салып, жандарын жабырқатпау жайы кез келген жүрегінде иманы бар мұсылманды тебіренткендігі сөзсіз. Оның нақты мысалдарға құрылған әңгімесі, шынында да, кімге болсын ой салатындай еді.

 

Осы семинардың жұмысына қатысқан облыстық мешіттің жанашыр ақсақалдарының бірі - Сайлаубай қажы Молдашты әңгімеге тартқанымызда ол өзінің пікірін былай түйіндеді:

- Өз басым, осындай аса қажетті әрі маңызды басқосуды ұйымдастырушыларға ақсақалдар атынан шын мәніндегі шынайы алғысымды білдіремін. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушілері Смайыл Сейітбек мен Ербол Сағиұлының мән-мағынаға толы баяндамалары бәрімізді де толғандырды.

 

Елімізде халықтар арасындағы достық пен ауызбірлікті нығайту, жастарды теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында жұдырықтай жұмыла әрекет ете білуіміз керек. Сонда ғана мемлекетіміздің мәртебесі асқақтап, әлемдегі беделі бұдан да арта түседі.

 

Сондай-ақ, Ислам дінін насихаттап, оның ізгі де адамгершілікке баулитын барша асыл қасиеттерін ұл мен қыздарымыздың бойына жастайынан сіңіріп, аға буын өкілдері күнделікті өмірде өздері ғибратты сөздерімен кейінгілерге үлгі болып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?

 

Қостанай өңірінде де дініміз өркендеп, мешіттеріміздің саны артып келеді. Жақында ғана олар тіркеуден өтті. Бұл орайда облыстың бас имамы Серікбай қажы Ораз бен облыстық дін істері департаментінің басшысы Нұрқан Нөгербековтердің де тындырып жатқан істерін әңгіменің орайы келгенде айтып өткеніміз абзал.

 

Семинардың жұмысын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі Смайыл Сейітбек қорытты. Мұндай басқосулардың әрқашанда тек берері мол екендігі айтылды.

 

Оразалы Жақсанов

Суреттерде: семинардан жалпы көріністер

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: