Т.Рысқұлов аудандық М Өзбеков атындағы мәдениет үйінде Алла елшісінің (с.ғ.с.) туылған айына байланысты «Ғаламның рахым нұры адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы соңғы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)» Мәуліт мерекесі арнайы аталып өтті. Іс-шараны көруге жиналған мұсылман қауымы мәдениет үйінің ішіне лық толды.
Мәуліт мерексіне арналған жиын Үмбет Сабырхановтың Құран оқуымен ашылды. Аудан ішкі саясат бөлімінің бастығы Нұрдаулет Жамалбеков мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл кешке жиылған жамағатты мерекесімен құттықтап сөз сөйледі.
Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан қажы Аманбаев «Құрметті мұсылман қауымы! Мәуліт мерекесі мүбарак болсын! Ұлық мерекеде Аллаға мадақ, сүйікті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға салауат айту – сауапты амал. Құранда да Алла Тағала: Шынында Алла Тағала және оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Ей, мүминдер! Сендер де Пайғамбарға салауат айтып, сәлем жолдаңдар деп бұйырады». Сондай-ақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады. Он қателігін сызып, он есе дәрежесін жоғарлатады деген,» - деп жиналған көпшілікке Мәуліт жайлы тереңінен ұғындырды.
Мерекенің мазмұнын байытып мәнін аша түскен аудандық Басқар Битанов атындағы театр өнерпаздарының дін насихатындағы ғибратты көріністері, актерлік шеберліктері көрермен көңіліне ой салып, көздеріне еріксіз жас келтіріп, ерекше әсерге бөледі.
Осы мерекенің ұйымдастыруға мұрындық болған, аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы жұртшылықты Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтап , Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) ислам дінің таратудағы басынан кешкен жағдайларын, өмір тарихы мен өнегелі жолы жайлы айтылған уағыз жүргізді.
Жиын соныңда ауыл молдаларына, демеушілік көрсеткен жандар аудандық мешіттің алыс хатымен марапатталды.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ