Мойынқұмда өткен бір қатар іс-шара

Мойынқұмда өткен бір қатар іс-шара

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аллаға шүкір, еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап қасиетті Ислам дініміз қолдау тауып, имандылыққа бет бұрған жамағаттар саны күн сайын артып келеді.

Осының бір дәлелі өткен жексенбі күні Мойынқұм аудандық мешітінде қолы ашық азамат садақаға бір қой сойып, бес отбасына таратып берді.

Дінімізде қолы ашық, нәпсісі тізгіндеулі адам тарапынан берілген садақа Ислам шариғатына сай орындалған сауапты іс болып саналады. Садақа сөзі  - бекіту деген мағына береді. Айталық, шын жүрекпен садақа жасаған адам, жүрегіндегі иманын амалымен бекіткен болып саналады. Сондықтан да иманды азаматтың садақасы қабыл болып, Алла разы болсын дейік!

 

 

ТАЗАЛЫҚ - ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ

 

Көктемгі көгалдандыру, тазалау жұмыстары Мойынқұм ауданында да қолға алынды. Аудандық мешіттің бас имамы Исаев Зият мешіт жамағатын ұйымдастырып, мешіт ауласына көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сенбілікте мешіттің ауласы, бақшасы тазартылып, жеміс ағаштары мен тал-дарақтар әктеліп,  жүзімдіктің, раушан гүлінің түптері қопсытылды.

Ислам діні үнемі тазалықты сақтауды талап ететін дін. Адамның тәнін, жанын, киімін, тұрғылықты жері мен қоршаған ортасын таза ұстауды ұсына келе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с):  «Тазалық - иманның жартысы» - деген.  Адамзат баласы үшін ең үлкен сый - иманымызбен тазалықтың таразысын тең қойған. Бұл іс-шара Ислам дінінің тазалықты талап етіп қана қоймай, оны іске асыра білетіндігінің бір дәлелі болғандай.

 

 

Жастар және суицид

 

Жуырда Мойынқұм аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы ғимаратының мәжіліс залында аудандық «Жастар орталығы» КММ  және «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен  «Жастар және суицид» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Аталмыш шараға мектеп психологтары, аудандық мешіттің бас имамы, жастар орталығының қызметкерлері, депутаттар, білім бөлімінің мамандары, қорғаныс бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелді  «Жастар орталығы» КММ-нің директоры  Е.Абасов кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

«Ислам дінінде өз-өзіне қол жұмсауға қатаң тыйым салынады. Құран Кәрімде өз-өзіне қол жұмсау – аса ауыр күнә. Иманы бар әрбір мұсылман өзіне Алланың жазған ғұмырын барынша тақуалықпен өткізуі керек, біздің жанымыз тек қана Жаратқанның бізге берген аманатын екендігін естен шығармауымыз керек - деді аудандық мешіттің бас имамы З.Исаев.

Дөңгелек үстелге қатысушылар суицид мәселесі туралы өз ойларын ортаға салып, бұл проблеманың бір күнде шешілмейтіндігін, қазіргі таңда ауылдық жерлерде де бұл дерттің кең етек алып бара жатқандығын айтты. Мұнымен күресудің жалғыз жолы - жастарды имандылыққа тәрбиелеу екендігін, сондай-ақ мектеп психологтары мен мұғалімдерге, ата-аналарға бірлесіп жұмыс жасау ұсынылды.

 

Р.Сәрсенов.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: