Бүгін Тараз қаласындағы дін қызметкерлерінің ұйытқы болуымен «Рахман-Рахим» мешітінің ауласында Наурыз мейрамына арналған рухани игі шара болып өтті.
Наурыз мейрамын атап өту бейбітшілік пен достықты нығайту, адам мен табиғат үйлесімділігін насихаттаумен, әрбір жанның жүрегінде мақтаныш сезімін оятуымен ерекшеленеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітаптың жарық көргені, сонымен қатар, Бас мүфти еліміздің имам-молдалары мен дінтанушы-ғалымдары үшін 2014 жыл – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағаны белгілі.
Үндеуінде Мүфти хазрет мешіт имамдарына дініміз бен дәстүрімізді жаңғырту жолында түрлі деңгейде игі шаралар ұйымдастыруды, жамағатқа шариғаттағы әдет-ғұрыптың орны мен рөлін түсіндіруді тапсырған болатын.
Үндеуді қолдау мақсатында ұйымдастырылған рухани шараның кіріспесін «Рахман Рахим» мешітінің имамы Миразизов Нұрматжан қажы ашып, әуелгі кезекті қасиетті Құран оқу үшін мешіттің шәкірттеріне берді.
Жас бүлдіршіндердің әсем үнімен оқылған қасиетті Құранның батасын ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр қары Жұмабаев мырза беріп, дініміз бен дәстүріміз үшін, егеменді еліміз үшін игі тілектер тіледі.
«Әз-Наурыз – халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін Алланың Хақ діні – Исламға қайшылығы жоқ халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан дәстүрлі мерекесі.
Дін мен дәстүр ылғи да бір болуы қажет. Оның біреуі сетіней бастаса, екіншісі де сетінейді. Дін мен дәстүр мәселесінің біздің ұлт болып қалыптасуымызға, халық болып, тәртіпке бас иіп, тәрбиелі ел боп өмір сүруімізге көп қызмет етіп келе жатқаны даусыз.
Ұлттық дәстүр әр ұлттың ерекшелігін білдіреді, қоғамның бүкіл құндылықтар жиынтығын қамтиды, қоғам үшін маңызды дүниелерді түйіндейді. Әрбір өркениеттің, ұлттың өзіндік дүниетанымы бар. Мәселен, өзбекті ала шапанымен танитын болсақ, қазақты өзге жұрттар рухани байлығы – салт-дәстүрі арқылы таниды. Мұндай ерекшелік Алла тағаланың хикметі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық», – дейді. Бұл аяттан адамдардың бір-бірін тануы Жаратушыны тануға ұласады. Біздер осыны дұрыс түсінуіміз керек.
Ойымды түйіндей келе, дәстүр ұлттық дамудың жетекші бағдарына, себепшісіне айналуы қажет. Демек, ұлттық құндылықтарды қорғау кез келген елдің, әрбір жанның алдында тұрған негізгі міндет болып табылады» - деді, Данияр қары құттықтау сөзінде.
Игі шараға құрметті қонақ болып қаланың түкпір-түкпірінен келген барша жамағатқа ас беріліп, «Мәншүк Мамедова» атындағы орта мектептің оқушылары мен №1 мүгедек балалар үйінің тәрбиешінен құрылған ақ жаулықты кимешек киген аналар тобы дәстүрлі әндер шырқап, шат-шадыман болысты.
Шара барысында, қаланың Бас имамы Ахметжан қажы Керімбек дінімізге қайшылығы болмаған, дәстүрімізге жаршы болған, Наурыз мерекесі жайлы уағыз айтты.
Шара соңында, арқан тартысу, кір тасын көтеру секілді дәстүрлі ойын түрлері ұйымдастырылып, жеңімпаздарға әртүрлі сыйлықтар үлестірілді.
Қалалық «Әулие ата»
мешітінің найб имамы,
Баймаханов Ораз қажы