Дін тақырыбындағы сұхбаттар қай заманда болсадағы өзекті және қызықты болып табылады. Осыдан біраз уақыт бұрын Қордай діндарларының Отан қорғаушылармен өткізген семинары жайлы хабарлағанбыз.Міне бүгін игі іс өз жалғасын тапты. Олай дейтініміз, аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы Д.Жандосұлы Гвардейкий әскери гарнизонының №01098 және 15632 әскери бөлімдерінде насихатшы топ жұмыс жоспарына сай кездесулер өткізді.
Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Қ.Алиясов, «Жастар орталығы» КММ-нің маманы А.Ә.Заурбек, 15632 ӘБ командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, подполковник К.Қарабаев, сарбаздар және офицерлер құрамы қатысты. К.Қарабаев жиналған сарбаздар мен офицерлерді жиын мақсатымен таныстырып, сөз кезегін наиб имам, дінтану магистрі Д.Жандосұлына берді.
Сөз алған Д.Жандосұлы сарбаздармен офицерлерге Отан қорғау жолындағы еңбектеріне алғыс айтып, жақсы тілектер тіледі. Наиб имам Д.Жандосұлы жиналған қауымға бір Аллаға құлшылық ету, Оның елшісі Мұхаммед с.ғ.с соңғы пайғамбар ретінде тану жайлы сөз қозғай келе, Ислам дінінің негізгі қағидаларын сипаттады. Сөзін жалғастыра келе Д.Жандосұлы ел ішінде іріткі салып отырған такфир, зікіршілер, хизбут тахрир сынды теріс бағыттағы ағымдар жайлы айтып, олардың негізгі теологиялық қателіктеріне тоқталып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Теріс бағыттағы ағымдардың негізгі көздеген мақсаты тек материалдық игілікпен билікке қол жеткізу екендігін баса айтты Д.Жандосұлы.
Жиналыс барысында Д.Жандосұлы ҚМДБ тарапынан басылып шығарылған әдебиеттермен таныстырып, оның ішінде Е.Малғажыұлының «Дін мен дәстүр» кітабына тоқталып, үзінділер оқып берді. Ұлттың болашағы, ұрпақ тәрбиесі жайлы да тақырыптар қозғалып, еркін сұхбат болды. Әскери қызметкерлер тарапынан Д.Жандосұлына харам мен халал, уаһһабилік, және т.б сұрақтар қойылды. Барша сұрақтарға маман тарапынан тұжырымды және дәлелді жауаптар қайтарылды. Жиналыс соңында наиб имам Д.Жандосұлы әскери бөлім кітапханасына ҚМДБ тарапынан басылып шыққан әдебиеттерді сыйға тартты. Жиналыс өте қызықты және пайдалы болды деп -подполковник К.Қарабаев тұжырымдап, әскерилер атынан алғыс айтты.
Аудандық «Қордай» мешітінің
баспасөз қызметі