Ақпарат-насихат тобының салихалы сапары

Ақпарат-насихат тобының салихалы сапары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін ел мұсылмандарының қарашаңырағы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының басшылығымен құрылған ақпараттық – насихаттық тобы (АНТ) еліміздегі облыс, қала, кент, аудан орталықтары мен шалғай ауылдарын аралап, дәстүрлі дініміз – Исламның құндылықтарын дәріптеу, халықтың діни сауатын арттыру, ел арасында деструктивті, жат ағымдардың таралуының алдын алу және жастарымызға отансүйгіштікті, толеранттылықты, төзімділік пен байсалдылықты насихаттау мақсатында түрлі деңгейдегі кездесулер өткізіп жүргені белгілі.

 Ақпараттық – насихаттық тобының (АНТ) кезекті кездесулері Шу ауданында жалғасты. Топ мүшелері ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр қари Жұмабаев пен ҚМДБ жалпы және жастар ісі бөлімінің Жамбыл облысы бойынша бас маманы Ержан Аманбаевтар халықты діни сауаттандыру, жат ағымдардан алдын алу жұмыстарын жүргізді.

 Шу ауданы әкімі Б.Б.Нұркеновтың қабылдауынан кейін, АНТ мүшелері Шу қалалық мәдениет үйіне жиналған қала жастарымен, (суретте) Шу қаласындағы  «Жәми» мешітінің жамағатымен, (Суретте) Төле би ауылындағы М.Мақатаев атындағы мектебіне (РО)  жиналған аудан мектептерінің ұстаздарымен, оқушыларымен кездесулер өткізді.

Бір күндік сапардың соңғы тұрағы Төле би ауылындағы Төле би мешітінің жамағаты мен ауыл имам, молдаларымен жүздесті.

Шу қалалық мәдениет үйіне жиналған жастарға өкіл имам Данияр Әлимұхамедұлы дініміздің тазалығы тікелей тілдің кемелденуіне және отаншылдық сезімдеріне қатысты екенін кеңінен уағыздап берді. Сонымен қатар, жат ағымдардың дінге, елге тигізер зардаптары мен дінді дұрыс түсіну үшін білімнің рөлі ерекше екендігін нақтылап айтты.

Өз кезегінде сөз алған жалпы және жастар ісі бойынша өкіл Ержан Маханұлы  жастарға дәстүрлі дініміз бен халықтық дәстүріміз біте қайнасқандығын және оларды бірінен бірін ажыратып қарау дініміз үшін де, дәстүріміз үшін де тиімсіз екендігін насихаттады.

Шу қалалық «Жәми» мешітіндегі жамағатпен кездесуінде Ержан Маханұлы ұстанымымыздағы мәзһаб туралы кеңінен түсінік беріп, дәстүрлі бағытымыздан бөлектену – білімсіздіктің көрінісі екендігін айтып өтті.  Кездесуге келген жамағатқа діни сауатты тек имамдардан алуға, құлшылық амалдарын жасауда Құран мен Сүннетке негізделген Әбу Ханифа мәзһабының ғалымдарының еңбегіне сүйенуге шақырды. Әбу Ханифа мәзһабы дініміз бен еліміздің біртұтастығының кепілі екендігін ерекше атады.

АНТ мүшелерінің Төле би ауылында орналасқан М.Мақатаев атындағы мектептің ұстаздар қауымымен және оқушыларымен кездесулерінде мұғалімдік қызметтің білімді әрі патриоттық сезімдері жоғары және иманды оқушылар дайындауда маңызы өте жоғары сала екендігін айта келіп, оған қатысты көптеген ғибратты әңгімелер айтып берді.

Бүгінде өрескел қылықтарымен ерекшеленіп жүрген, дініміздің атын жамылған уаһабилік, сәләфилік ағымдардың жат пиғылдары туралы сөз еткен Данияр Әлимұхамедұлы олардың азғырып арбауына ілеспеудің ең басты жолы діни сауатты болу екендігін баса айтты. 

Ержан Маханұлы өз кезегінде жас ұрпақтың жан-жақты сапалы білім алуы отанымыздың жарқын болашағы екендігінін айта келіп, оның  асыл дінімізде орны ерекше болатындығын баяндап берді.

Төле би ауылындағы мешітке жиналған ауыл имам, молдаларына Д.Жұмабаев мырза жат ағымдардың теріс әрекеттерінің алдын алу бағытында жұмыс жасайтын дін қызметкерлеріміздің білікті де білімді болуы өте маңызды болып тұрғандығын, өйткені жамағаттың дін мәселесіндегі барлық сұрақтарына сауатты жауап бере білу қажеттілігін айтты.

 Осындай жоғары деңгейдегі уағыз-насихаттардан соң АНТ мүшелері  өз жұмыстарын қорытындылады. Алдағы уақыттарда да бұған ұқсас кең көлемдегі уағыз-насихат жұмыстары жандана бергей, бейбіт күндегі бейбіт сүйгіш дініміздің туы жығылмағай деп тіледік.

 

Шу ауданы, Төле би ауылдық мешіттің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: