Жамбылда жаңа мешіт бой көтерді

Жамбылда жаңа мешіт бой көтерді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы, Тараз қаласының 7 мөлтек ауданында жаңа мешіт қолданысқа берілді. Мешіт заман талабына сай жобаланып, ұлттық нақышқа сай безендірілген. Бұл ғибадат орнында бес жүз шақты адам бір уақытта намаз өтеуіне болады. Осындай мешіттердің елімізде бой көтеруінің өзі Тәуелсіздігіміздің, ынтымақ, ауызбіршілігіміздің арқасы. Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ-ның мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Ербол Сағиұлы келіп қатынасты.

Одан өзге де ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев қатынасты. Мешіт ашылуы жұма күніне тура келіп, ашылу салтанатында Бас имам Данияр Жұмабаев құран оқып, ата-бабалар рухына дұға бағыштады. Одан кейін Ербол Сағиұлы сөз алып, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің құттықтауын жеткізіп, Қасиетті Құранды сыйға тарту етті. «Бабаларымыз: Азаны бар ауыл азбайды деген, міне өздеріңіз көріп тұрған мешіт халықтың игілігі үшін салынып отыр. Киелі Аулие ата өңірінде осындай еңселі мешіттердің ашылғанының талай рет куәсі болғанбыз.

Мешіт жамағатпен көрікті. Бүгінгі таңда елімізді күллі ғалам жаңаша жетістіктермен, бастамашылдық идеялармен, ауызбіршілік берекемен танып отыр. Қазіргі қоғамға ауадай қажет нәрсе – имандылық. Иман – адам баласының екі дүниедегі бақыты, өлшеусіз баға жетпес рухани азығы. Міне осы мешіт рухани азықтан сусындатар кәусар бұлақ секілді. Ел ертеңі болатын жастар осы мешіттен келіп, білімін жетілдіреді деп сенеміз. Мешіт мақтануға, атақ-абырой шығаруға, жақсы атануға бола салынбайды. Мешіт салу Алланы ұлықтаған, қасиетін сезінген, жүрегінде шаңның тозаңындай бөгде ниеті болмаған, ақжарқын, таза ниетті, асыл рухты азаматтардың ғана қолынан келеді. Алла біздің құлшылығымызға мұқтаж емес, қайта біз әрбір жұтқан ауамыз үшін Аллаға мұқтажбыз.

Дінді үйрену үшін отансүйгіш қасиет, иләһи ілімге деген шөліркеуден пайда болады. Көлденең көк аттының бәрі имам, молда бола бермейді. Соны жете түсінгеніміз абзал. Адасушылық, басқаның сойылын соғып, тіліне еру білімсіздіктің әсері. Білімсіздік жалқы үшін де, жалпы үшін де зиянды» деп қайырды. Жұма намазы уақыты болғанда Жұмабаев Данияр мешіт мінберіне шығып, жұма уағызын жүргізіп, жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. Біз келешекте елімізде мейрамханалардың көптігімен емес, мешіттің көптігімен мақтанатын ел боламыз дегенге сеніміміз кәміл.

Көгедай Шәмерхан

http://fotohost.kz/images/2013/12/13/QnScs.jpg

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: