«Тектұрмас» мешіті заманға сай жаңартылды

«Тектұрмас» мешіті заманға сай жаңартылды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы, Тараз қаласына қарасты кірпіш зауыт орналасқан елді-мекендегі «Тектұрмас» мешітінің бұған дейін құлшылық етіп келген ғимараты 1986 жылы салынып, 1998 жылы жергілікті халықтың сұранысымен мешітке пайдалануға рұқсат етілген. Содан мешіт 2001 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы болып тіркеліп, халық игілігіне падаланып келді. Алайда жыл өткен сайын ескі ғимарат типтік тұрғыдан заман талабынан кенже қала бастады. Оның үстіне мешіттің маусымдық жөндеуі мен коммуналдық шығыны көбейе берді. Мешітті жаңарту қажеттілігі күн өткен сайын арта түсті.

Өткен жылы «ҚМДБ» Республикалық ислами ДБ-нің филиалы болып қайта тіркелген «Тектұрмас» мешітінің жамағаты мен жергілікті мұсылман қауымының талап тілегімен, сол елді-мекен тұрғыны әрі мешіттің алқа мүшесі Бақбергенов Абдулла Бақбергенұлы ұйымдастырып, Біріккен Араб әмірлігінің «Қызыл жарты ай» қоғамдық бірлестігінің президенті Мұхаммед Бақуштың бас демеушілігімен және жергілікті дінжанашырларының қолқабысымен мешіттің ескі ғимараты бұзылып, оның орнына жаңа заманға сай зәулім мешіт бой көтерді. Осыдан сегіз ай бұрын жұмыс қызу қолға алынып, бүгін 250 намазханға арналған мешіттің есігі айқара ашылды. Салтанатты күнге қала әкімдігі белсене араласып, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, көпшілік қуанышына ортақтасты.

Мешіттің заманауи жаңа ғимаратының ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Жұмабаев Данияр қажы Әлимұхаммедұлы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Есенәлиев Асхат Қамқабайұлы, қалалық маслихат хатшысы Нарбаев Балабек Жанбекұлы және Біріккен Араб әмірлігінің «Қызыл жарты ай» қоғамдық бірлестігінің өкілі Асим Садль арнайы келіп қатысты.

Өз кезегінде, құттықтау сөзін облыс имамы Данияр қажы Жұмабаев қасиетті Құран оқып, бата берумен бастады.

- Алла тағаланың жердегі үйінің ашылу салтанаты құтты болсын! Бүгінде еліміз өсу, өркендеу, даму жолында келеді. Соның барлығы бір Алланың қалауымен тәубашыл, иманды, ынтымақшыл, момын болғанымыздың арқасы. Адамзатты имандылыққа шақыратын жер – мешіт. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім Алланың разылығын үміт етіп мешіт тұрғызса, Жаратушы Ие ол адамға жұмақтан сарай салдырып қояды»,-деген. Баяғыда бір патша мешіт салдыртыпты. Мешітті ешкімнің үлесінсіз өз қаражатына тұрғызыпты. Әлгі патша түсінде жәннатты көріп, Алланың өзіне арналап салдырған сарайын көріпті. Сөйтсе, әлгі сарайының жанынан бір кішілеу сарайды көреді. Ұйқысынан оянысымен, мешітке барып, құрылысшыларынан: «осы мешітке менен өзге үлес қосқандар болды ма?» - деп сұрапты. Сонда құрылысшылардың бірі: «ия, бір мүсәпір кемпірдің келіп, бір кірпіш қалап үлес қосқаны бар еді» - деп болған жағдайды айтыпты. Оны естіген патша жарияға жар салып, әркімде мешіт құрылысына үлес қоса алады, оғанда Алланың сыйы болады депті. Міне, біле білсек, бұл ең үлкен бақыт. Осы мешітке үлес қосқан әрбір азаматқа сол бақыт бұйырсын деп тілейміз. Ал, мешіт – жамағатымен көрікті. Сондықтан, құрметті жамағат! Мешітке келіңіздер, барлық құлшылықтарыңыз бен діни рәсімдеріңізді осы мешітте өткеріңіздер! – деді Данияр қажы сөйлеген сөзінде. Сондай – ақ, ҚМДБ-ның ЖО бойынша өкіл имамы атынан алғыс хатты құрылысты жүргізіп, қамқорлық көрсеткен Бақбергенов Абдулла Бақбергенұлына және мешітке ең үлкен сыйлықты, яғни қасиетті Құран Кәрімнің соңғы аударылған нұсқасын мешіт имамына табыстады.

Қоғам және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ қала ардагерлері сөйлеп, көпшілікке «құтты болсын» айтып, осындай абройлы жұмыстың тымбай басы-қасында жүрген Абдулла Бақбергенұлына ризалағын жеткізіп, ізгі ниеттерін білдірді. Соңы, 600 адам қатысқан мол дастарханға ұласып, Құран оқылып, игі тілектерге ұласты.

ҚМДБ – ның ЖО бойынша

өкілдігінің баспасөз хатшылығы

Жүктеу

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: