Жиырма жетінші мешіт есігін ашты

Жиырма жетінші мешіт есігін ашты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Шаттығы шалқыған шағын ауыл құмтүйіндік тұрғындардың бойынан асылдығын, құт-береке қашпағанын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын сақтағанын, имандылыққа бет бұрғанын көріп жанымыз жадырай түсті. Осы ауылда кіндік қаны тамып, дәм-тұзын татқан ұрпақтардың бүгінгі ұлағатты ісі кім-кімге де үлгі болса керек. Жалғасын тапқан іс қашанда жақсылыққа бастайтыны әлімсақтан белгілі.

Қонақ келсе астындағы жалғыз атын сойған мәрт қазағымның қанмен сіңген сол бір қасиетін жүрек түбіне сақтаған ынтымағы ыдырамаған Құмтүйін ауылының үлкен-кішісі шешірелі қариесінің есімін ұлықтау үшін осыдан екі жыл бұрын кеңес құрып, мешіт салуға, оның атын «Ботабай» атаның атымен атауға пәтуаласқанды.

Міне, сол күн де келді. Өткен аптаның қасиетті жұмасында жаныс руының ұрпақтары мен тілеулес жамағат жаңадан бой көтерген «Ботабай» мешітіне жиналып, оның салтанатты ашылуына куә болды.

Алғы сөзді алып ағынан жарылған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік облыс әкімінің, облыстық мәслихат хатшысының, аудан әкімінің сәлемдемесін жеткізіп, барша жиналған жұртшылықты Алланың жердегі үйінің ашылуымен құттықтады. Осындай ақжарма тілегін арқалай келген облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Еркебұлан Полатбекұлы –Алланың сөзін таратып, адамдарды ізгілікке бастап, рухани тәрбие беретін бұл мешіт аудандарыңыздағы 27-ші мешіт, деп жамағатты құттықтаған наиб имам ауыл имамы Қуаныш Исмайловқа қасиетті «Құран» кітабын табыс етті.

Аталы сөзін, баталы сөзін халқына арнаған ауыл ақсақалдары Ертай Әлменов, қажы Рахымбек Есенов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Келгенбай Шалқаров салиқалы сөздерімен көңіл баурап, құтты болсын айтты.

Ашылу салтанатының жүргізушісі Асқар Байдалиев осы мешіттің бой көтеруіне өзіндік қолтаңбаларын қалдырған ауыл азаматтарының және Ботабай ата ұрпақтарының есімін атаған. Олардың арасында бүгін де өнерімен танылған әнші қыз Мөлдір Әуелбекованың демеушілік көрсеткені аталып өтілді.

Игі іс қашанда иесін табады. Жақсылыққа жақсылық, ауыл тұрғындары осы мешіттің сапалы жүргізілуіне бас-көз болған бір топ азаматтарының иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті. Осындай құрметке ауылдың қариелері де ие болды.

Шағын ауылға шапағатын шашар жаңа мешіттің кермесін қию «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік пен ауыл ақсақалы Ертай Әлменовке бұйырып, ақжаулықты аналар шашуын шашты.

Жамағат мешітке кіріп, мінәжат етті. Аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы Ғайырфулла Әмірбеков оқыған құранға жамағат қол жайды.

Ауыл жұртшылығы мен қонақтар арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, ауыл сыртындағы ұйымдастырылған көкпарды тамашалады.

Суреттерде: мешіттің жалпы көрінісі, мешіттің ашылу салатанатында «Нұр Отан» облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Берік сөз алды, жамағат арнайы жайылған дастарханнан дәм татуда.

Дүйсенбек Орманов.

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: