ДІН-ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

ДІН-ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

16 қазан  күні аудан әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Оны аудан әкімінің орынбасары Ә.Қилыбаев ашып, жүргізіп отырды.

 

   Отырыста “Аудандағы діни ахуалдың жайы туралы” аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Махамбетов баяндама жасап, аудандағы діни ахуалға тоқталды.
2012 жылдың 29 ақпанында Байзақ ауданы әкімдігінің №73 қаулысымен бекітілген «Байзақ ауданы әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі» кеңестің  ағымдағы жылдың 9 айында 3 мәжілісі өткізілген.

 

   Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес, аудан аумағында 25 діни бірлестік қайта тіркеуден өткізіліп, куәліктер алынған. Жергілікті жерлерде діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге ақпараттық материалдарды тарату үшін Сарыкемер ауылындағы Байзақ батыр көшесі, №255 мекен-жайда орналасқан «Бастау» дүкені белгіленген.     

 

     
 Діннің-халықтарды ынтымаққа, бірлік пен татулыққа тәрбиелеудегі рөлі орасан. Алайда діннің атын жамылып, оның қуатын жеке мүддеге пайдаланып жүргендермен күресті  күшейту, өсіп келе жатқан жастардың ислам діні туралы  ұғымын толықтыру, сонымен қатар діни тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың діни ілім туралы білімдерін арттыру, қолданыстағы заңдылықты түсіндіру мақсатында құрылған аудандық, облыстық дін саласы бойынша ақпараттық насихаттық  топ өкілдерінің  және діни экстремизм және лаңкестіктің адамзат пен қоғамға, мемлекетке зиянын жете түсіндіруді көздеген  “Дін және имандылық”, “Тәрбие тұғыры-имандылықта”, “Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары”, “Діні қуатты елдің – іргесі  мықты болады”, “Экстремизм-қатерлі дерт”, “Таблиғи жамағат”:  оның ерекшеліктері”, “Ауыл тұрғындары мен жастар арасындағы діни ағымдарды түсіндіру” тақырыптарында өткерілген дөңгелек үстел, кездесулер, жиындар мен семинар-кеңестер туралы  баяндамашы кеңінен айтып өтті.


Бұдан соң Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және бірлестіктер туралы» заң талаптарының  орындалу барысы жөнінде Темірбек ауылдық округінің әкімі А. Әміровтың, “Аудан мектептеріндегі діни бағыттағы іс-шаралардың жайы туралы” аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы З.Дүзенованың баяндамалары тыңдалды.
 Алқалы  жиында  мектептерде дінтану негіздері бойынша дәріс беретін ұстаздардың білімін тереңдету, жат ағымдардан сақтану және дінаралық келісімді күшейту,  мектептің ішкі тәртібін сақтау  төңірегіндегі сауалдарға  тыңғылықты жауаптар берілді.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/802D.jpg

 

 Отырысты қорытқан аудан әкімінің орынбасары Әзімхан Қилыбайұлы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының жергілікті жерде іске асып жатқандығын,  ислам дінінің құндылықтарын құрметтеу,  халқымыздың әдет-ғұрпын қастерлеу,  дінаралық татулықты нығайту,  жасөспірімдердің ислам діні туралы  түсініктерін тереңдету, ауыл  имамдарына жүктелген міндеттің жауапкершілігін де сөз ете отырып, қазіргі кездегі аудан көлемінде діни ахуалдың тұрақты екендігі мәлімделіп, алдағы уақытта сырттан келген заңсыз дін таратушылар кездескен жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу қажет екендігін ескертті.
Отырыс соңында қаралған мәселелер бойынша  қаулы қабылданды.
Өз тілшіміз.

 

Құрбан айт мерекесі алдындағы мәжіліс


   Исі мұсылмандар үшін  қастерлі де қасиетті саналатын  Құрбан айт мерекесі қарсаңында  Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінде ауыл имамдарының  қатысуымен мәжіліс өтті. Оны «Байзақ баба» мешітінің бас имамы  Рамиз Азизов  ашып, алдағы келе жатқан қажылық пен қасиетті Құрбан айт мерекесін  ұйымшылдықпен өткізу мәселелеріне тоқталды. Үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін маңыздылығын, Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиеті мен құрбандық шалу ісінің шарттары мен талаптарын түсіндірді. Яғни  малды құрбандыққа шалу тәртібі, құрбандыққа қандай мал шалынады және бірігіп құрбан шалудың шарттары, Алла разылығы үшін  құрбандыққа шалған мал етін тұрмысы төмен көп балалы отбасы, кедей әрі мұқтаж адамдарға, міскін, жетім –жесірлерге тарату жайына тоқталды.  Мұнымен қатар бас имам қажылыққа  аттанған азаматтарға  сәт-сапар тіледі.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/CWcNQ.jpg

 

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/R7Im.jpg

    Сондай-ақ, аудан аумағындағы мешіттердің қыс маусымына дайындығы пысықтап, аудан аумағына орналасқан 25 мешіттің имамдарының қысқа дайындығын тыңдап,  алда атқаратын бір қатар тапсырмалар берді. Құрбан айтты ұлықтаған белбордтар аудан орталығының басты көшелеріне, ауылдағы мешіттерде ілінді.


                                  Сенбілік өткізілді


   Көріктендіру мен көгалдандыру және тазалықтың екі айлығына орай «Байзақ баба» мешітінде  сенбілік өткізілді. Орталық мешіттің айналысындағы күл-қоқыстар  шығарылып, қураған тал-дарақтар оталды,  ағаштардың түптері әктеліп,  имандылық үйінің алдыңғы жағына орнатылған шамдар ретке келтірілді.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/jMfx.jpg

 

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/XtNze.jpg


   Демеушілердің көмегімен  орталық мешіттің  сыртқы келбетіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әрленді. Мешіттің  айналасына декоративтік ағаштар отырғызылды. Сенбіліктің басы қасында жүрген  бас имам Рамиз Азизов бастаған азаматтар  тазалық шарасының жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

 

Басылымдарға жазылу жайы сөз болды


     11 қазан күні «Байзақ баба» мешітінде өткен жиын ҚМДБ жанынан шығатын  “Ислам және өркениет” газеті мен  “Иман” журналына жазылу барысына арналды. Бас имам Р. Азизов ислам дінінің құндылықтары, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың өнегелі өмірі, Исламның қайнар бұлағы саналған Құран мен сүннетті, асыл дінімізбен үндескен дәстүріміз,  дініміздің адамгершілікке негізделген құндылықтарын жұртқа насихаттауда  аталмыш басылымдардың алатын рөлін сөз етті. Ол сонымен бірге  діни басқарманың төл басылымдары «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналына жазылуына  белсендік танытып, маңызды шараны біркісідей өткізуге ауыл имамдарының  ұйытқы болуын сұранды.
  Жиын барысында ауыл имамдарын басылымға жазылу барысындағы  жеңілдіктер жөніндегі ойларын ортаға салып, жауаптарын алды.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/XlNrv.jpg

 

 

ҚҰРБАН АЙТ - ҚҰТТЫ МЕРЕКЕ

 

Алланың жолын ақиқат деп санаған әрбір мұсылман баласы ұлық мереке Құрбан айтты асыға тосатыны, оны ерекше қуанышпен қарсы алатыны белгілі. Биыл да солай ауданымыз тұрғындары бұл күнді осылай қуана қарсы алды. Сейсенбі күні таңертең аудан орталығы Сарыкемер ауылының тұрғындары «Байзақ баба» мешітіне ағылып келе бастады. Кездескенде бірін-бірі құтты мерекемен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Осы қасиетті мерекеге аман-есен жеткізген Аллаға шүкіршіліктерін білдіріп, қуаныштарымен бөлісті.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/7Znip.jpg

 

Алдымен айрықша айта кететін жәйт бұл күні айт намазына жиналғандардың саны жылдағыдан анағұрлым көп болып еді. Олар екі қабатты «Байзақ баба» мешітінің ішіне симай, далада тұрып, парыздарын өтеді. Әсіресе, айт намазына қатысушылар арасында жастар жағы басым. Жалпы алғанда мұның барлығы бүкіл еліміз сияқты ауданымызда да имандылыққа бет бұрғандардың саны жылдан жылға көбейіп келе жатқанын көрсетеді.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/GS20j.jpg

 


Айт намазы басталғанға дейін «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз Азизов  мұсылман үшін қастерлі Құрбан айт мерекесінің тарихы, бұл мерекенің алатын орны, имандылық шарттары, құрбандық шалудың тәртібі , жалпы ислам дінінің қасиеттері жайлы уағыз айтып,  мереке күні құрбандық шалумен қатар сауабы мол істер істеу қажеттігіне тоқталды.

 

Айт намазына жиналған жамағатты аудан әкімі М.Шүкеев қасиетті мерекемен құттықтап, игі тілегін білдірді. Асыл дініміздің имандылыққа бастаумен қатар ел бірлігіне, татулығына ұйтқы болатынын, оған мойынсұнушылардың қатары жыл санап арта түсіп отырғанын айтты. Жат әрекеттерден арылып, ислами құндылықтарға шынайы құрмет таныта білуге шақырды.
«Байзақ баба» мешітінің алдына жиналған қауым айт намазын оқып, әруақтарға құран бағыштады.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/ldCrH.jpg

Мешіттегі айт намазынан кейін аудан басшысы құрбандыққа ірі қара шалдырды.
Осы күні ауданымыздың барша имандылық ордаларына ауылдардың тұрғындары жиналып, айт намазы оқылды. Сонымен қатар ниет еткен, шамасы келген адамдар құрбандық шалып, таратты.
 Жалпы қасиетті мерекеде  аудан  орталығында 60-ға жуық отбасына қайырымдылық шаралары көрсетілді.
Өз тілшіміз.

 

 

 

Қайырымдылық шаралары қарқын алды


   Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілгендіктен,  үш күн бойы аталып өтілген бұл мейрам барша мұсылмандар үшін орны ерекше саналады. Адамзат қауымын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратын дініміздің ұлық мерекелерінің   ұлығы Құрбан айт мерекесі  күні қайырымдылық шаралары ауданымызда  кеңінен  орын алып,  18 ауылдық округтегі мешіттерде құрбан шалынып,   Алланың разылығы үшін шалынған малдың еті тұрмысы төмен, жағдайы нашар  жанұяларға, жетім –жесірлерге  үлестірілді.
    Аудан  орталығындағы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз Азизовтың бастамасымен, демеушілердің қолдауымен  Құрбан айт күні құрбандыққа шалынған мал еттері аудандық туберкулезге қарсы ауруханаға табысталды. Ауруханаға барған бас имам  науқастармен, аурухана ұжымымен кездесіп, ұлық мерекемен құттықтады, жақсылықтар тіледі.
  Өз кезегінде аурухана әкімшілігі  қамқорлық  көрсеткен  мешіт басшылығына алғыстарын   айтты.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/FU0lI.jpg

 

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/leFOp.jpg

 

                                        

Игілікті іске үлес қосты

         Ұлық мереке Құрбан айт мерекесі  күні  аудан орталығында   айрықша аталып өтті. Саналарына имандылық нұрын сіңірген байзақтықтар сауабы мол қасиетті бұл күні әрбір отбасы құран  шалып, қолдарынан келгенше жақсылық жасауға  талпынды. «Байзақ баба» мешітінің бас имамы осы күні аудандық ішкі істер  бөлімінде болып, құрбандықтың тәртібі,  қайырымдылық шаралары туралы  айта келе  тәртіп сақшыларын Құрбан айтпен құттықтады.
        Аудандық  ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі А. Абдезовтың мұрындық болуымен  құрбандыққа шалынған мал еті  аудан орталығында тұратын  әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға,  мүгедектер мен зағип жандарға  үлестірілді.


                                      **********************             

       
 Алла Тағала Құран Кәрімнің Кәусар сүресінің екінші аятында: «Намаз оқы және құрбан шал», - деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Бұл ұлық мейрамда  айт намазынан соң    Сазтерек ауылының орталығы Абай ауылындағы «Жаныс баба» мешітінде ірі қара мал,  Ботамойнақ, Бурыл, Қостөбе, Дихан, Аймантөбе ауылдық   округтерінде  бірнеше  бас  ұсақ мал құрбандыққа шалынды. Осы ауылдағы мешіт  имамдарының ұйымдастыруымен  құрбандыққа шалынған мал  еті  жалғызілікті қарттар мен көп балалы отбасыларына   таратылды.
     Осынау ұлық мейрамға жиналған жұртшылық  татулықты, адамдардың бірлігі мен бауырластықты күшейтуге үндейтін мұндай діни мерекелер ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастары жарасқан Қазақстан халқының ауызбірлігін нығайтуға жол ашатындығын шынайы сезінді.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/7EiFs.jpg

 

 


     Келісімді елдің келешегі кемелді


Тәуелсіздік алғанына аса көп уақыт болмаса да бірлігі мен ынтымағы, татулығы жарасқан еліміз өркендеудің өзіндік жолын таңдап. Іркіліссіз ілгері басып келеді. Аз ғана уақыт ішінде әлемнің алдыңғы қатарлы елу елінің қатарына ендік. Мұның өзі елдің ішіндегі бейбіт өмірдің, берекелі еңбектің нәтижесі. Бір сөзбен айтқанда келісімді елдің кемелді келешекке бағыт алатынының дәлелі. Осыны түсінген кеңпейіл халқымыз 1992 жылдан бері Рухани келісім күнін атап өтіп келеді. Жыл сайын 18 қазанда атап өтілетін бұл күн ұлтаралық, дінаралық татулықтың айқын көрінісін көрсетуде. Өткен жұма күні халқымыздың кеңпейілділігін, толеранттығын танытатан атаулы күнге орай аудандық орталық кітапханада рухани келісімге арналған дөңгелек үстел төңірегіндегі пікіралысу болып өтті. Оған қоғамдық ұйымдардың, ұлттық мәдени орталықтардың, мектептер мен мекемелердің өкілдері шақырылды.

 

 


Дөңгелек үстел төңірегіндегі басқосуды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Махамбетов кіріспе сөз сөйлеп, ашты. Ол еліміз халқының рухани келісімі біртұтастық пен берекенің негізін қалап отырғанын атап өтті.
Аудандық кітапхананың кітапханашысы Қ.Бөрсеева баяндама жасады. Жиырма жылдан аса уақыттан бері елімізде мерекеленіп келе жатқан Рухани келісім күні қазір көптеген елдерде атап өтілетінін айтып өтті. Елімізде жасап жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара татулығы, дінаралық келісім, өсіп-өркендеуімізде ерекше маңызға ие болып отырғанына тоқталды. Бір сөзбен айтқанда Рухани келісім күнінің тарихы мен ел өркендеуіндегі рөліне талдау жасады.


Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ауыл жаңалығы» газетінің тілшісі Қ.Шотбасов ұлттар татулығының ұлағаты мен жемісіне назар аудара отырып, өзінің «Бәрімізде бір Отан» деген өлеңін оқыды. Еңбек ардагері М.Халбаев өзара ынтымақ пен түсіністік жағдайын бағалай білуде жастар тәрбиесі, мектепте дінтану сабағын өтудегі жауапкершілік, тәртіп пен тәрбие мәселесіне жан-жақты көңіл бөле сөйледі. Түрік мәдени орталығының жетекшісі М.Раджамов «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей бірлікте болудың қажеттігін, мемлекеттік тілге ерекше құрметпен қарау, «үйде өз ұлтыңа тән, көшеде қазақы қалып ұстау» керектігін, жастарды «ақша» деп емес, «азаматтық» рухта тәрбиелеу мәселесін қозғады. Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп директорының орынбасары С.Өсербаев жас ұрпақты рухани келісім рухында тәрбиелеуде ата-аналар мен мектеп арасындағы байланыстың нашарлығына, көптеген адамдардың баланы тәрбиелеу тек мектептің міндеті деп қарайтынына назар аударды.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/TvwJp.jpg

 

Қазақстаннның 40 жылдығы мектебі директорының орынбасары Р.Есалиев баланы өзара түсіністік пен ынтымаққа тәрбиелеуде, дінтану сабағын өтуде айтарлықтай істер істеліп жатқанын, бала тәрбиесінде ата-ана жауапкершілігі жетпейтіндігін, кейде мұғалімнің өзінің құқығы қорғалуы қажет болатынын, жалпы бала психологиясындағы кейбір ерекшеліктер жайлы әңгіме қозғады. «Байзақ баба» мешітінің бас  имамы Р. Азизов рухани келісімді нығайтуда, жас ұрпаққа тәрбие беруде исламның рөлін,  ата-анаға құрмет жөнінде дін ғұламаларының сөздерінен мысалдар келтіре отырып айтып өтті.

http://fotohost.kz/images/2013/10/22/6EQTw.jpg


Дөңгелек үстел төңірегіндегі басқосу жан-жақты ашық пікір алысу жағдайында өтті. Оған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Махамбетов қорытынды жасады.
Жиын соңынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қ.Шотбасов өзінің жақында шыққан «Мыртық мылтық» атты кітабының бірнеше данасын кітапхана қорына табыс етті. Кітапхана қызметкерлері кітапты оқырмандармен қауыштыратынын айтып, ризашылық білдірді.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: