«Рухани келісім күні» аясында «Бірлігі жарасқан - Тәуелсіз Қазақстан» атты «дөңгелек үстел» отырысы болып өтті.

«Рухани келісім күні» аясында «Бірлігі жарасқан - Тәуелсіз Қазақстан» атты «дөңгелек үстел» отырысы болып өтті.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаевтың қатысуымен «Рухани келісім күні» аясында «Бірлігі жарасқан - Тәуелсіз Қазақстан» атты «дөңгелек үстел» отырысы болды. Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасы мен Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы ұйымдастырған дөңгелек үстелге жергілікті атқарушы органдар, діни конфессиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, Тараз қаласындағы мешіттердің имамдары, Жамбыл облысы халқы Ассамблеясы, БАҚ-ның өкілдері және ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптық топ мүшелері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, этномәдени орталықтардың және олардың жастар қанатының көшбасшылары қатысты.


Дөңгелек үстелдің мақсаты конфессияаралық диалогты дамыту, әртүрлі діндердің өкілдері арасында өзара түсіністік пен төзімділік қалыптастыру, азаматтық татулықты қамтамасыз ету мақсатында рухани құндылықтар мен мәдениетті өркендету ісіндегі мемлекеттік органдардың, этномәдени, діни және үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығын күшейту бойынша халықтың әртүрлі топтары өкілдерінің пікірлері мен көзқарастарын жинақтап қорытындылау болды.


Данияр қажы Жұмабаев өз кезегінде: «Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Құрметті дөңгелек үстелге қатысып отырған отандастар, бүгін елімізді мекендеп отырған барлық ұлт пен ұлысты бірлікке шақыруға үндейтін Елбасымыз бекітіп берген Рухани келісім күні. Ислам бейбітшілік пен рухани құндылықтарды ардақтауға және адамдардың бір-біріне деген бауырластық сезімі мен өзара түсіністікке шақыратын дін. Демек, осы қоғамда өмір сүріп отырған әрбіріміз ұлтаралық жанжалдар мен кикілжің тудыратын, дінаралық қақтығыстарға бастайтын теріс пиғылды әрекеттерден бойымызды аулақ ұстап, ағайын арасында күншілдікті оятатын жаман әдеттерден ойымызды арылтып, мүмкіндігіміз бен қолымыздан келгенінше арттан ерген ұрпағымызды имандылыққа тәрбиелеп, саналарына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін дарытып, жан-дүниелерінің көркем болуына шама-шарқымызша ықпал жасауымыз керек. Иншаллаһ деп, еліміздің қиындықпен қол жеткізген тәуелсіздігінің баянды болуын тілеп, өзіміз таңдау жасаған демократиялық қоғамымыздың кірпіші болып қалансақ, одан асқан бақыт та, одан артқан сый да жоқ.

 

Ежелден ата-бабаларымыз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді бізге аманат етіп кеткен. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар үлкендерді сыйлау, құрметтеу жағынан мақұрым. Тұрып орын беру, жүгіріп барып сөмкесін көтерісу, тағысын-тағы, сол секілді қарапайым қол ұшын беруді білмейді. Бұл дұрыс емес. Ұрпақ бойында патриоттық рух, ұлтжандылық сезімі болу керек. Ондай сезім қалыптастыру үшін алдымен өзінің ата-анасын сыйлауды, одан соң арамызда жүрген ардагер әке-ағаларымызға, апа-әжелерімізге құрметпен қарап, иіліп сәлем беріп, қайыр-рахым жасауды үйренуіміз керек. Және оны жәй айтыла салған сөз жүзінде қалдыра салуға болмайды. Оны іс-әрекетімізбен дәлелдеп, өзгелерге үлгі-өнеге болуға ұмтылайық. Яғни, Рухани келісім дегеніміз өзара тату-тәтті, бауырмалдық жарастықта, бір-бірімізге қайыр-рахым көрсету болып табылады.

 

Олай болса ағайын, бірімізді-біріміз бауыр, дос тұтып, бірімізге біріміз қайырымды, рақымды, бастысы иманды болуға ұмтылайық. Иманды адамның бойынан жоғарыда біз сөз еткен ізгі қасиеттердің бәрі табылады,» - деп сөзін түйіндеді.


Жиын соңында Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасы бастығы Айдапкелов Серғали Өмірзақұлы қорытынды сөз сөйлеп, елімізде діни сенім мен тұрақтылықты нығайтуға белсене атсалысып жүрген бір топ азаматтарға алғыс хаттарын табыс етті. Осы марапаттаудың ішінде ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Жалпы және жастар ісі бөлімінің өкілі Аманбаев Ержан Маханұлы да бар. Алғыс хатта: «Сіздің облысымыздағы дінаралық татулық пен келісімді, қоғамдағы тыныштық пен ауызбіршілікті нығайтуға қосқан еңбектеріңізді жоғары бағалап, алғысымды білдіремін»-делінген.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: