Құрбан айт – мешіттен бастау алатын, сараңдықтан сақтап, жомарттыққа тәрбиелейтін мереке!

Құрбан айт – мешіттен бастау алатын, сараңдықтан сақтап, жомарттыққа тәрбиелейтін мереке!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жыл айналып, Мұсылман қауымының қастерлі мерекесі сағындырған Құрбан айтта келіп жетті. Сары алтын күздің ақ таңы атысымен адамдар бұрынғыдан ширақы, бір киер жаңа киімдерін киіп, қала тұрғындары Құрбан айт намазына қатысу үшін мешітке асығуда. Сағындырып жеткен күллі мұсылмандардың Ұлы мейрамы Қасиетті Құрбан айт қазан айының 15-нен басталып 3 күнге жалғаспақшы.


Жамбыл облысының «Һибатулла Тарази» орталық мешітіне таң намазынан халық жинала бастады. Таңғы сағат 7:30 - ден бастап ҚМДБ- ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы Жұмабаев Данияр қажы құрбандық жайында уағыз - насихат жүргізді. Құрбан айт намазына, Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Кәрім Көкрекбаев, Тараз қаласының әкімі Бекболат Орынбеков, облыстық дін істер департаментінің бастығы Айдапкелов Серғали, қалалық ішкі саясаттың бастығы Олжабаев Кенжебек қатарлы лауызымды тұлғалар мен ардагер ақсалдар тобы келді.


 Облыс әкімі Қанат Бозымбаев халықты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, өз ықылас ниетін білдіріп, соңынан жамағатпен бірге сапқа тұрып, айт намазын оқыды. Айт намазы оқылып болған соң облыс әкімі және жиналған жамағаттың қатысуымен өз атынан бір бас ірі қара мал Құрбан шалды. Өкіл имам дұға қылып: «Шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын»,- деп бата берді. ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет еліміздегі өкілдіктерге тапсырмасында Құрбандық малдың етін жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі мүгедектер және қарттар үйіне үлестіріп беруді айтқан болатын.


Мешіт имамдары мен ҚМДБ-ның облысымыздағы «Зекет» қоры басшылық етіп ұйымдастыруымен Құрбандық малдың етін жоғарыда айтылған орындарға таратып берді. Айта кететін тағы бір жәй, Құрбан айт мерекесінен бұрын жағдайы төмен 230 отбасы Құрбандық етін беруді сұрап келген болатын. Ол кісілердің де өтінішін ескеріп әр отбасыға 4 килограмм ет пакетке салынып таратылып берілді.

 

Көгедай Шәмерхан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                         Қордай еліндегі үмбеттің ұлы күні! 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз» деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары»-деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген. Мінекей әлемдердің Раббысы ұлық етіп бізген нәсіп еткен Құрбан айтта елімізіге жетті. Әлемдегі барша мұсылман осы мереке тағатсыздана, үміт пен үрейдің ортасында, жақсы ниеттермен, қуана күтіп жатты. Қажылық нәсіп болған бауырларымыз Арафа тауында дұға етіп жатты. Міне бұл мұсылмандардың, Мұхаммед Мұстафаның с.ғ.с үмбетін біріктіретін ұлық күн.

 

Таң намазынан бастап аудандық «Қордай» мешітіне жамағат ағыла бастады, мешіт лық толып, тіпті жиналған жұрт сыймай да жатты. Мінбарға аудан бас имамы Ә.Шалбай шығып құрбандық жайлы, құрбан айт жайлы әсерлі де әсем уағыз айтты. Мешітке келген құрметті қонақтар ішінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары М.С Жолдасбаев, Қордай ауданының әкімі Н.С Календеров, мәслихат хатшысы Б.Әлімбет, аудан әкімінің орынбасарлары Қ.Р Иманалиев, Б.Т Жамангөзев ауыл ақсақалдары Қ.Уәли, Т.А Сүгірбай болды. Аудан әкімі Н.С Календеров барша мұсылмандарды ұлы мерекемен құттықтап, Алладан елімізге тыныштық тіледі, өз сөзінде аудан басшысы Ислам ол ата-баба діні екенін тілге тиек етіп, Елбасы жарлығымен осы ұлық күндер демалыс болып жарияландығы бұның өзі бұл күнге деген үлкен құрмет екенінің дәлелі екенін елге жеткізді.

 

Айша анамыздан жеткен хадисте Алла елшісі с.ғ.с: «Бұл күнгі ең үлкен- құлшылық- ол құрбан шалу» -деген хадисіне сай намаз аяқталаса сала жиналған мұсылман жұрты арнайы дайындалған құрбан шалу орындарына шоғырланып өз құлшылықтарын жасап, құрбандарын шалып, Жаратушыдан дұға тілеп жатты. Аудан әкімі Н.С Календеров өз атынан бір бұқа құрбан шалып, өз мұсылмандық міндетінен құтылса, өзге де бауырларымыз ниеттерін білдіріп тіркеуге алынып жатты. Атап кетелік жайт аудандық «Қордай» мешіті аудан әкімшілігімен, аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, аудандық мүгедектер қоғамымен және ардагерлер кеңесімен бірігіп мұқтаж жандарға құрбандық малдарының еттірін таратуға әзірлік жасап, игі істі іске асырып мұқтаждарға қол ұшын созуда. Ол жайлы алдымыздағы уақытта қосымша хабардар ету ниетіндеміз. Медресе асханасында мешіт жамағатына, келген қонақтарға арнайы дастархан жайылды.

 

Дастарханға ел ағалары, ақсақалдар, құрметті азаматтар келіп дәм-тұз ауыз тиіп, мешіт қызметкерлеріне мерекелік бағдарламаны ұйымдастыру барысына өте жақсы деген баға беріп жатты. Ел айтты ары қарай тойлауға жан-жаққа тарап жатты. Үмбеттің ұлы күні құтты болсын ағайын! Айт Мубарак!

 

Дәуренбек Жандосұлы
Аудандық «Қордай» мешіті

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Құрбан айттағы игі істер


Алдыңғы хабарларда Қордай халқы айтты қалай қарсы алғанын хабардар еткенбіз. Міне, айт мейрамы жалғасын нағыз бауырмашылықпен, татулықпен мұсылманға тән мейірімділікпен өтті. Олай дейтініміз аудандық «Қордай» мешітінде 100 бас қой және 7 бас бұқа сойылды. Құрбандық шалуға жергілікті халық белсенді түрде ат салысса қосымша «Қызыл жарты ай» қоғамы қол ұшын созса, Германиядағы түрік мұсылмандарының «Хасене» қайырымдылық қоры 6 бас бұқа құрбандық шалды. Аудандық «Қордай» мешіті аудан және ауыл әкімшіліктерімен, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, аудандық мүгедектер одағымен және аудандық ақсақалдар кеңесімен бірлесе жұмыс істеп, құрбандық еттерін аз қамтамасыз етілген отбасыларға, жалғыз басты қарияларға, асыраушысы жоқ отбасыларға, жетім жесірлерге жалпы саны 650 астам адамға таратылды. Мінекей осындай түрде нағыз халықтық мереке Қордай жерінде тойланып өтті. Уа Раббымыз айттан айтқа еліміз тыныш, дініміз аманда жеткізе гөр!


Дәуренбек Жандосұлы
Аудандық «Қордай» мешіті

 

 

        Құрбан айт Ұлық мейрам ұлықталды

Құрбан - түрік сөзі, ал арабша «Ид әл-адха». Мағынасы - құрбанға мал шалу (сою). Бұл да - мұсылманшылдықтың басты бір парызы. Әрбір пенде өзінің Алла Тағалаға рухани да, дүниелік те жақындығын, яғни, қалтқысыз адалдығын көрсету үшін белгілі бір уақытта (айт намазынан кейін) аты аталып, шалынатын мал құрбандық деп аталады. Садақа - пітір беру сияқты құрбанға мал шалу да уәжіп. Бұл мақсатқа дербес мал арнау - әрбір мұсылманға уәжіп.
Құрбан айт - ұлық мейрам. Сол ұлық мейрамның алғашқы күні аудан орталығындағы «Бәйдібек» мешітіне мінәжәт етіп, яғни, айт намазына келген мұсылман халықта есеп болмады. Үлкен-кіші осында дерсіз.


Ауданның бас имамы Ғайырфулла Әмірбеков имандылықтың жолындағы Құрбан айт турасында соны сөздерімен көңіл баурады.
Жиналған жамағат алдында сөз алған аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы Дәулет: - Бұл ұлық мейрамның өзіндік ерекшелігі бар. Ол адам мен адамның жақындасуы, бір-біріне деген адал ниеті. Демек, ынтымағының жарасқаны. Ал ынтымақ ырыс әкеледі, бақыт сыйлайды, көл-көсір байлыққа кенелтеді. Шалайын деген құрбандықтарыңыз қабыл болсын!, - деді. 
Айт намазынан кейін жұртшылық ағайын-туыс, жегжат-жұрат, дос-жарандарының үйлерін бетке алған. Олардың жүрек түкпірінде де, көңіл жиегінде де адал ниет, ыстық ықыластың орныққаны анық еді.


Аудан әкімі Рүстем Дәулет, аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев бастаған аудан басшыларының жеті қызметкері құрбандыққа бір бұқа, бір қой шалып, Аса ауылдық округі аумағында тұратын 52 жанұяға, яғни, отбасылық жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы аналарға тиесілі азықты үлестіріп берді. Осындай құрбандыққа бір-бір бастан қошқар шалған аудан прокуроры Руфат Құттықов пен аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аудан халқының ризашылығына бөленді.
Сол күні ауданымыздың айтулы азаматы Рашид Шоңбаев мырза құрбандыққа мал шалып, оның етін кәріп-кәсірлерге таратып берді.


Үш күнге ұласқан Құрбан айт мерекесін, ақ түйенің қарны жарылған күн десе де болғандай. Қай ауылға бармаңыз, Алланы аузынан тастамаған мұсылман халқы әр үйден дәм татып, бір марқайып қалды.
Суреттерде: аудан әкімі Р.Дәулет пен бас имам Ғ.Әмірбеков жамағатқа тілек айтуда; айт намазына қатысқан жамағат.

 

Дүйсенбек ОРМАНОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Құрбан айт мерекеленді


Мұсылман қауымының ұлық мерекесі - Құрбан айттың алғашқы күні аудан орталығындағы жамағат таңертеңмен орталық мешітке айт намазға жиылды. Жиналғандарға аудандық орталық мешіттің бас имамы, ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаев құрбан шалудың маңызы мен тәртібін түсіндірді.
Аудан әкімі Батырбек Құлекеев сөз алып, жиналған қауымды қасиетті мерекемен құттықтады.


-Қымбатты жамағат, аудан тұрғындары, баршаңызды ұлық мереке Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Дәл қазір осы сәтте, мүмкін бұдан сәл кейін иісі мұсылман жұрты Алланың үйі - мешіттерге ағылып, айт намазын өтеуге жиналуда. Мекке-Мединаға қажылыққа аттанған төрт мыңға жуық отандасымыз да бұл күні жүзін құбылаға бұрып, жер бетіне, елімізге тыныштық, ынтымақ тілеуде. Жаратушы иемізден тілеген тілектеріңіз қабыл, ниеттеріңіз асыл болсын,-дей келе Батырбек Әбдірәсілұлы Құрбан айттың қоғамдағы ауызбіршілік пен ынтымақтың артуына қызмет ететінін жеткізді.


Айт намазы өтеліп болған соң мешіт ауласында бір өгізше мен бес уақ мал құрбандыққа шалынып, еті аудан орталығы мен ауыл-аймақтан келген тұрмысы нашар 50 -ге жуық отбасыларға таратып берілді. Ал жамағат айт қуанышын бөлісуге үйді-үйге тарқасып, құрбандық шалуға ниет еткендер құрбан шалуға тарқасты.

 

А.СӘРСЕН.

 

 

 

 

 

 

Құрбан айттың қарсы алдында өткізілген қайырымдылық көмек

Құрбан айт алдында, арапа күні бас имам Батырбек қажының бастауымен аудан орталығында «Савва» атындағы жетімдер үйінде болып, осы мекеменің басшыларымен сұхбаттасып, тәрбиеленушілердің жағдай-күйімен танысты.
Ондағы белгілі болған жай, 15-тәрбиеленушілердің көз жанарлары нашар, мед-орталығынан тексеруден өтіп, көзілдірік алу керек екені анықталды.
Бас имам сол күні жасөспірімдерді тексеру орталығына апарып, көз жанарларын тексертіп, әр қайсысына дәрігер белгілеген көзілдірік алынып, табыс етілді.
Бұл кездесуден кейін, сөз соңында жасөспірімдерді мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айт мейрамымен құттықтады. Айттың бірінші күні сағат 1-де 100 балаға дастархан жайылып, құрбан еті таратылатындығы жайында хабарлады.

 

 

 

 

Құрбан шалу - сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алла-ның ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға құрбан-ның еттері, қандары әсте жетпейді. Бірақ, сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), - делінген. Құрбан айт - діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы - Құрбан айттың бірінші және екінші күні», - деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сепбеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.


Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады», - деп, құрбандық ша-лудың қаншалықты сауапты іс екенін баса айтқан. Қасиетті Құрбан айт мерекесі Ауданымыздағы орталық «Сұлтан» мешітінде жоғары деңгейде аталып өтті.

Алдын-ала дайындалған жоспар бойынша Құран оқылып дұға жасалды. Артынан мінберге орталық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы көтеріліп, халыққа уағыз-насихат айтты. Құрбан шалудың тарихы мен маңызына тоқталған ол, бұл амалдың Ибраһим пайғамбардан (ғ.с.) келе жатқан уәжіп екенін тілге тиек етті.
Айт намазына жиналған халықтың санында есеп болмады. Айт намазы оқылып біткеннен кейін намазға келген жамағат «Сұлтан» орталық мешітінің құрбандық шалатын орнына келді Т.Рысқұлов ауданы бойынша алғашқы рет түйе құрбандыққа шалынды. Оны кәсіпкер Құрбанов Иманғали ағамыз өз отбасының атынан құрбан шалды. Аудандық «Сұлтан» мешітің салған Садыков Сұлтан 1 бұқа құрбандық шалды. Барлығы 1 түйе,1 бұқа 8 қой құрбан шалынды. Жылдағы дәстүр бойынша аудандағы кембағал жандарға құрбандыққа шалынған малдың етін, онымен қоса 2 килолық макарондар пакеттерге салынып тегін таратты. Сонымен қатар құрбандықтын еттері көп балалы өзге ұлыт өкілдеріне де таратылды. Аудандық әкімдікпен бірігіп жүзеге асырған бұл игі іс үшін жамағат дін қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді. Аталмыш әкімдік берген тізім бойынша жүзге тарта адамға қайырымдылық жасаған аудандық мешіт мұқтаж жандарға қол ұшын созуда көпшілікке үлгі болып келетінін айта кеткен жөн.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Құрбан айт - жүректерге қуаныш сыйлайтын мереке


Мұсылмандардың ұлық мерекесі әрі мемлекеттік мейрам - Құрбан айт намазы Тараз қаласы бойынша 18 мешітте өтелді. «Әулие-ата» мешітінде оқылған айт намазының алдында имам Ахметжан Керімбек елдің бірлігі, мұсылмандардың ынтымағы, діни тұрақтылығы жөнінде және қасиетті Құрбан айт пен құрбан шалудың құндылықтары туралы уағыз айтып, айт намазын өтеді.
Айт намазы оқылып болған кейін сауабы мол құрбан шалуға рұқсат етілді. Тараз қаласы әкімінің атынан бір бұқа және өзге де азаматтар тарапынан тоғыз қой құрбандық шалынып, олардың еттері мүмкіндіктері шектеулі және мүгедек 81 отбасыларына 243 кг ет таратылды.


Құрбандық шалуды Аллаһ тағаланың әмірі деп шынайы ықыласпен орындалса, Аллаһ Тағаланың ризашылығына жақындатып, ақиретте сый-сыяпатқа кенелтеді. Мұны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былайша түсіндіреді: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ тағаланың құзырында қабыл болады. Сондықтан құрбандықты шын ризашылықпен шалыңдар».


Мешітте айттық дастарханы жайылып, намазға қатысқан қарттарымыз бен жастарымызға және құттықтауға келген мекеме басшылары мен қызметкеріне құрмет көрсетіліп, Құран оқылып, дұға жасалынды.


Мерекені сезіндіру әрі ұлағатты ұрпақ, иманды жастар сабақтастығын қалыптастыру мақсатында айттың екінші күні Бас имам Ахметжан Пірәліұлы Керімбек ТАРГУ-дың жатақханасына барып, университеттің дайындық курсында өзге елден келіп оқып жүрген 45 студент жастармен кездесіп, оларға қасиетті Құрбан айттың қадір - қасиеттері мен құндылықтары туралы кеңінен сөз етті. Игі шараға М. Х. Дулати ат. Тараз мемлекеттік университетінің Бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Абдуалы Асқар Бегадылұлы қатысып, ҚМДБ-ның облыстағы дін қызметкерлеріне шынайы алғысын айтып, игілікті істерінің жемісті болуына ізгі тілегін жеткізді.
Шара соңынан туған-туыстарынан жырақта жүріп білім жолын таңдаған ұлағатты, иманды жастарға жомартқол азаматардың шалған құрбандықтарының 140 кг еті үлестірілді.
Сондай-ақ, қаламыздағы «Әбдіқадыр», «Құлбай-баба», «Бегалы-ата», «Намаз-ата», «Рахман-Рахим», т.б. мешіттердің жанындағы арнаулы орындарында шалынған құрбандық 21 уақ малдың еттері мүмкіндігі шектеулі 92 отбасыға таратылып берілді. Мешітке мұтаждықпен келген барша қауым, мешіттердің биылғы үйлесімді әрекеттері, үлкен дайындықпен, үлкен ықыласпен ұйымдастырылғанын айтып, ризалықтарын білдірді.
Қорыта айтқанда, халқымыздың қасиетті Құрбан айт мерекесін құрметтеулері, міндетті құрбандықтарын шалу арқылы Аллаһ Тағалаға жақын болу ниеттері бұрынғыға қарағанда әлдеқайда биіктегені байқалды. Аллаһ Тағала баршамыздан разы болсын!

«Әулие - ата» мешіті
Қуанышбек Әлішерұлы

 

 

 

 

http://fotohost.kz/images/2013/10/19/ptvVm.jpg

 

 

 

 

Меркі ауданында өткен Құрбан айт мерекесі

Аллаһқа сансыз шүкірлер болсын барша әлем мұсылмандарының аса ұлық мейрамы-Құрбан айт мерекесіне алдын ала дайындықтар жүргізіліп, соның нәтижесінде ауданға қарасты барлық мешіттерде айт намазы өтті.
Орталық «Меркі-ата» мешіті мұсылман қауымының ұлық мерекесі құрбан айтқа аман-есен жеткізген Аллаһ тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар айтумен таң намазынан бастау тауып, ағылған халық саны соншалық мешіт, асханаға, сауат ашу бөлмесі, қарауылхана, мешіт айналасы лыққа толды. Жамағат бір-бірін құттықтап, қуаныш-шаттықта болып жатқандарына куә болдық. Таң намазы өтісімен, бас имамның бастауымен имам-молдалар кезегімен Құрбан айтқа байланысты уағыздарын айтып, жиналған халықты өз назарларына аударып, халықтың ықыласына бөленді. Айт намазына санаулы уақыттар қалғанда аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, орынбасарлары, аппарат жетекшілерімен келіп, жиналған жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, қуаныштарын бірге бөлісіп, айт намазына қатысты.


Айт намазы өтісімен аудан басшысы Бақтияр мырза бірінші болып Құрбан мал шалып, шалған құрбан етін «Меркі-ата» мешітінің асханасында «Савва» атындағы жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне дастархан жайылып, таратуды өтінді.
Екінші құрбанды аудан прокуроры Молдабеков Айдар Қапарұлы шалды.
Үшінші құрбан ірі қара малды Жамбыл облысының ішкі істер басқармасының басшысы Аймағамбетов Бекет Иманұлы шалды.Содан құрбан әрі қарай жалғасын тауып жатты.
Құрбан айттың алдында  бір топ комиссия құрылып, ауданымызда тұрмыс жағдайы төмен отбасылар анықталып, 30-дай жанұяға құрбан еттері таратылды.
Тағы да айта кететін жай 10 қап ұн осындай отбасыларға таратылды. Осындай ізгі іс-шаралар ауданымызға қарасты мешіттерде өтті.
Үстіміздегі жылғы Құрбан айт мерекесі ауданымызда жоғары деңгейде өтті деуге негіз бар. Оның өтуіне біз де, халық та куәгер болдық.
Аллаһ тағала барша мұсылман бауырларымызды келесі жылғы Құрбан айтқа сау-саламат жетіп, тыныштық, бейбітшілік заманда өмір сүруге нәсіп етсін!
Меркі ауданы, орталық «Меркі-ата» мешіті

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: