Құрбан айт Ұлық мейрам ұлықталды

Құрбан айт Ұлық мейрам ұлықталды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құрбан - түрік сөзі, ал арабша «Ид әл-адха». Мағынасы - құрбанға мал шалу (сою). Бұл да - мұсылманшылдықтың басты бір парызы. Әрбір пенде өзінің Алла Тағалаға рухани да, дүниелік те жақындығын, яғни, қалтқысыз адалдығын көрсету үшін белгілі бір уақытта (айт намазынан кейін) аты аталып, шалынатын мал құрбандық деп аталады. Садақа - пітір беру сияқты құрбанға мал шалу да уәжіп. Бұл мақсатқа дербес мал арнау - әрбір мұсылманға уәжіп.
Құрбан айт - ұлық мейрам. Сол ұлық мейрамның алғашқы күні аудан орталығындағы «Бәйдібек» мешітіне мінәжәт етіп, яғни, айт намазына келген мұсылман халықта есеп болмады. Үлкен-кіші осында дерсіз.


Ауданның бас имамы Ғайырфулла Әмірбеков имандылықтың жолындағы Құрбан айт турасында соны сөздерімен көңіл баурады.
Жиналған жамағат алдында сөз алған аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы Дәулет: - Бұл ұлық мейрамның өзіндік ерекшелігі бар. Ол адам мен адамның жақындасуы, бір-біріне деген адал ниеті. Демек, ынтымағының жарасқаны. Ал ынтымақ ырыс әкеледі, бақыт сыйлайды, көл-көсір байлыққа кенелтеді. Шалайын деген құрбандықтарыңыз қабыл болсын!, - деді.
Айт намазынан кейін жұртшылық ағайын-туыс, жегжат-жұрат, дос-жарандарының үйлерін бетке алған. Олардың жүрек түкпірінде де, көңіл жиегінде де адал ниет, ыстық ықыластың орныққаны анық еді.


Аудан әкімі Рүстем Дәулет, аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев бастаған аудан басшыларының жеті қызметкері құрбандыққа бір бұқа, бір қой шалып, Аса ауылдық округі аумағында тұратын 52 жанұяға, яғни, отбасылық жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы аналарға тиесілі азықты үлестіріп берді. Осындай құрбандыққа бір-бір бастан қошқар шалған аудан прокуроры Руфат Құттықов пен аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аудан халқының ризашылығына бөленді.
Сол күні ауданымыздың айтулы азаматы Рашид Шоңбаев мырза құрбандыққа мал шалып, оның етін кәріп-кәсірлерге таратып берді.


Үш күнге ұласқан Құрбан айт мерекесін, ақ түйенің қарны жарылған күн десе де болғандай. Қай ауылға бармаңыз, Алланы аузынан тастамаған мұсылман халқы әр үйден дәм татып, бір марқайып қалды.
Суреттерде: аудан әкімі Р.Дәулет пен бас имам Ғ.Әмірбеков жамағатқа тілек айтуда; айт намазына қатысқан жамағат.

 

Дүйсенбек ОРМАНОВ.

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: